Маңғыстауда Қарақия ауданының бірнеше тұрғыны жаңа үйге қол жеткізді
Маңғыстауда Мұнайшы ауылында көпбалалы және әлеуметтік тұрғыдан осал топтарға арналған 12 тұрғын үйді салтанатты түрде табысталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі otpannews.kz-ке сілтеме жасап.
Салтанатты рәсімге аудандық қоғамдық кеңес төрағасы, «Аманат» партиясының төрағасы, Мұнайшы ауылының ардагерлер кеңесінің төрағасы, аудан әкімнің орынбасарлары және ауыл тұрғындары қатысты.
Бүгінгі күн – біздің ауданымыз үшін ерекше. Бұл тұрғын үйлер халықтың әл-ауқатын арттыруға, олардың тұрмыс сапасын жақсартуға арналған нақты қадамдардың бір көрінісі. Әлеуметтік тұрғыдан мұқтаж азаматтарды қолдау – біздің басты міндетіміз. Жаңа жылдың қарсаңында ұйымдастырылған аталмыш шара баршамызға бақытты, есте қаларлық сәт болғаны анық. Баспаналарыңыз құтты, жайлы болсын, - деді аудан әкімі Сымбат Төретаев.
Айта кетейік, 2024 жылы аудан көлемінде 44 баспана сатып алынды. Осыған дейін, Құрық ауылында 8 отбасына үй табыстау рәсімі өткізілді.
Толқып тұрмын. Көптен күткен қуанышты сәт жаңа жылмен тұспа-тұс келіп жатқаны тағы бір мейрам. Алғысым шексіз, аудан азаматтарына рақметімді айтамын. Жаңа жыл құтты болсын, - деді Мұнайшы ауылының тұрғыны Гүлшат Абиева.
Сонымен қатар, биыл мұқтаж жандарға демеушілік арқылы «Бақытты жанұя» бағдарламасы аясында 4 баспана табысталды.