Жаңалықтар

Маңғыстауда Амал мерекесіне орай 40-тан астам киіз үй тігіледі

Маңғыстауда Амал мерекесіне орай 40-тан астам киіз үй тігіледі
Фото: E-history.kz 11.03.2024 21:48 860

Маңғыстауда Амал мерекесіне орай 40-тан астам киіз үй тігіліп, мәдени- спорттық шаралар ұйымдастырылады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі Маңғыстау облыстық қоғамдық коммуникация қызметіне сілтеме жасап. 

14 наурыз Амал мерекесі жылдағы дәстүрге сәйкес халықаралық дәрежеде тойланады. Отпан тауда 40-тан астам киіз үй тігіліп, түрлі концерттік, спорттық шаралар өткізіледі.

Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Маңғыстау облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бөлім басшысы Әсем Әшірова мәлімдеді. Амал мерекесіне ҚР Президенті әкімшілігінің, Мәдениет және ақпарат министрлігінің өкілдері, Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен өңірлердегі  әкімдік өкілдері және Түрік елінен жыршы Ирфан Гердал, Өзбекстаннан Муххамад Эшбоев, Қарақалпақстаннан Аяпов Саламат шақырылып отыр. 

13 наурыз күні «Отпан» тарихи-мәдени кешенінің Жыңғылды ауылдық атшабарында ат бәйгелері, қыз қуу, тазы жүгірту сияқты ұлттық  спорт  ойындары өткізіліп, кейін «Ақсарай» музей кешені таныстырылады. Мерекелік думан әрі қарай Маңғыстау ауданындағы өнерпаздардың концерттік бағдарламасымен жалғасын табады. Оған қоса «Қарашаңырақ» алаңындағы сахнада театрландырылған қойылым және Қазақстанның Халық әртісі Роза Рымбаева, әнші Әли Оқапов, Мәди Рымбаев, Түркия, Өзбекстан, Қарақалпақстаннан арнайы келген жыршылары және облыс өнерпаздарының мерекелік концерті өтпек. 

Сондай-ақ, «Қарашаңырақ» ғимараты сахнасында «Бірлік Отын» жағу рәсімі, кешкі қонақасы, ауызашар дастарханы жайылады. Мерекелік шара Түркия, Өзбекстан, Қарақалпақстан елдерінен келген жыршылар және облыс жыршыларының қатысуымен жыр кешіне, өңірлік жазба ақындар мүшәйрасына ұласады. 
     
Мерекелік той-думанның екінші күні 14 наурызда Отпан тарихи-мәдени кешенінде Түпқараған, Қарақия, Мұнайлы аудандары мен Жаңаөзен қаласы өнерпаздарының концерттік бағдарламасы жоспарланған. Бұдан бөлек, қазақ күресі, түйе палуан сияқты ұлттық спорт   сайысы ұйымдастырылып, «Сәлем —сөздің атасы» және «Қарақазаннан дәм тату» мерекелік шаралары , «Тұсауыңды кесейін, күрмеуіңді шешейін» атты танымал тұлғалардың сәбилердің тұсауын кесу рәсімі өтетін болады.  Отпандағы мерекелік шара Мұңал ата ұрпақтарының «Бірлік Отын» Қосай ата ұрпақтарына табыстау рәсімімен қорытындыланады. 

Сонымен қатар қала, аудандарда «Нұр Наурыз - халық тойы» атты  бауырсақ party, наурыз көже жәрмеңкесі, «Абысын тату болса» аудандық абысындар байқауы, «Жырдың басы – әз Наурыз» атты жыр кеші, «Келіндер байқауы -2024» келіндер арасында байқау, «Ас адамның қуаты» атты ұлттық тағамдардан жәрмеңке, «Нұр себеле, Ұлыстың ұлы күні» атты қазақтың ұлттық ойындарынан сайыс өткізіледі, - деді Әсем Әшірова сөзін жалғап. 

Амал мерекесі 14 наурыз кешкі сағат 19:00-де Ақтау қаласындағы Амфитеатр сахнасында Роза Рымбаева, әнші Әли Оқапов, Мәди Рымбаев және Маңғыстау өнер жұлдыздарының концертімен аяқталады. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға