Жаңалықтар

Маңғыстау және Ақтөбе облыстарының азаматтары Тараздан қыз алып қашқаны үшін сотталды

Маңғыстау және Ақтөбе облыстарының азаматтары Тараздан қыз алып қашқаны үшін сотталды
Фото: Әлеуметтік желі 18.10.2023 18:15 665

Тараз қаласының №2 сотының шешімімен Маңғыстау және Ақтөбе облыстарының азаматтары қызды алып қашқаны үшін сотталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі Жамбыл облысының прокуратурасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

2022 жылдың көктемінде «Ж» есімді азамат ортақ таныстары арқылы «А» есімді азаматшамен танысқан. Бірнеше кездесуден кейін, қыз қарым-қатынасты одан әрі жалғастырудан бас тартқан. Алайда осыған қарамастан, «Ж» есімді азамат қызға үйлену үшін алып қашуға шешім қабылдаған.

2023 жылдың ақпан айында Таразға келіп, «Ж» есімді азамат пен досы бірге өз жоспарын жүзеге асыруға кірісіп, қызды алдап, көлікке күшпен отырғызып, қаладан алып кетуге тырысқан.

Көршілер қыздың көмекке шақырғанын естіп, полиция қызметкерлеріне жүгінген.

Полиция жедел әрекет етіп, күдіктілердің көлігін ұстады. 21.09.2023 жылы Қылмыстық кодекстің 125-бабы 2-бөлігінің 1-тармағы бойынша сот үкімімен екеуі де – қызға үйленуге ниетті жігіт пен оның досы кінәлі деп танылып, 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Үкім заңды күшіне енген жоқ, - делінген хабарламада.

Айта кетейік, Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха қыз алып қашқаны үшін жазаны қатаңдатуға қатысты пікір білдірген еді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға