Маңғыстау облысында бірқатар әлеуметтік нысан салынып жатыр
Өңір әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың айтуынша, 2024 жылы білім беру жүйесін қаржыландыруға 211 млрд теңге қарастырылды, ол облыс бюджетінің 43% құрайды. Бұл тенденция келесі жылдары да жалғасады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Биыл, 6 510 орындық 14 жекеменшік мектеп, 4 800 орындық 4 мемлекеттік мектеп ашылды. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында облыста 13 мектептің құрылысы жүріп жатыр», - деді облыс басшысы ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында.
Сондай-ақ мұнай компаниясының демеушілігімен облыс орталығында колледж студенттеріне арналған 500 орындық жатақхана қолданысқа берілді. Қазіргі таңда Ақтау қаласында орналасқан колледждерде жатақхана мәселесі толықтай шешілді. Денсаулық сақтау саласының инфрақұрылымын жақсарту бағытында да жүйелі жұмыстар атқарылуда.
Облысты дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары шеңберінде Мұнайлы ауданында 150 төсек-орындық аудандық орталық аурухананың құрылысы, Жаңаөзен қаласының «Кендірлі» ауылында дәрігерлік амбулаториясының құрылысы аяқталып келеді. Шетпе, Тәжен, Құрық ауылдарында алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін нысандар салынып жатыр.