Маңғыстау облыстық қоғамдық коммуникация қызметі

Маңғыстау облысында 5 жаңа мектеп пайдалануға берілді

Білім күні қарсаңында Маңғыстау облысында бес жаңа мектеп ашылды. Оның төртеуі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылған «Келешек мектеп» ұлттық жобасы аясында салынса, біреуі демеушілердің қолдауымен бой көтерген, деп хабарлайды El.kz интернет порталы. 

Жаңа білім нысандарының бірі – Бейнеу ауданы Сам ауылындағы 300 орындық мектеп болып отыр. Сам ауылындағы мектепте қазіргі таңда 151 оқушы білім алуда, 40 педагог еңбек етеді. Мектепте 27 оқу кабинеті, 18 қосымша бөлме, химия, биология, информатика, робототехника, STEM, өнер және музыка сыныптары қарастырылған. Сонымен қатар логопед пен психолог кабинеттері, спорт және акт залы, асхана, кітапхана, шеберхана, медициналық бөлме мен мұражай бар.

Бұдан бөлек, жаңа оқу жылы қарсаңында Ақтау қаласының «Рауан» шағын ауданында – 300 орындық, Мұнайлы ауданының Батыр ауылындағы «Самал» шағын ауданында – 1200 орындық, Бейнеу ауылында – 600 орындық және Түпқараған ауданының Сайын-Шапағатов ауылында демеушілердің қолдауымен 1200 орындық мектеп ашылды. Бұл нысандардың іске қосылуы Мұнайлы мен Түпқараған аудандарында үш ауысымды оқытуды толықтай жойылып, Бейнеу ауданындағы бір апатты мектептің мәселесін шешіп отыр. 

Жалпы, жаңа оқу жылында Маңғыстау облысында 157 мектеп жұмысын бастаған. Өңірде 213 мыңнан астам оқушы білім алуда, олардың 19 мыңы алғаш рет мектеп табалдырығын аттады. Сонымен қатар оқу жылының алғашқы тоқсанында тағы бес жаңа мектеп пайдалануға берілмек.