Жаңалықтар

Маңғыстау әкімі: Тендерде «БерӘлі» компаниясы жеңсе де наразылық туындайтын еді

Маңғыстау әкімі: Тендерде «БерӘлі» компаниясы жеңсе де наразылық туындайтын еді
Фото: ҚР Президентінің баспасөз қызметі 19.04.2023 13:44 1290

Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев жаңаөзендік мұнайшылардың наразылығына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

«Мұнайшылардың Астанаға келген мәселесі еңбек дауы болды. Бұл «Өзенмұнайгаз» жүргізген тендердің нәтижесінде туындап отыр. Тендерге 7 компания түсті. Дегенмен тендердің нәтижесіне көңілі толмаған «БерӘлі» компаниясының жұмысшылары наразылыққа шықты. Тендерде «БерӘлі» компаниясы жеңіп шықса да, басқа компанияның жұмысшылары наразалыққа шығатын еді, - деді әкім Үкіметтің кулуарында.

Қандай да бір тендер жарияланғанда жеңген компания жеңілген компаниядағы жұмысшыларды еңбек шарттарымен, еңбек жалақысының деңгейімен және басқа да әлеуметтік пакетімен бірге өзінің штатына алатынын атап өтті.

Тендер ойнатылған уақытта «Кезби» компаниясы «БерӘлі» мекемесіндегі жұмысшылардың барлығын өзінің штатына тұрақты жұмысқа алуға дайын екенін айтқан болатын. Мұндай тәсілмен жұмыс істеп жатқан компаниялар бар. Мысалы, «Өзенмұнайгаз» компаниясындағы 90-100 мердігер компанияның басым көпшілігі осындай принциппен жұмыс істеуде, - деді Нұрлан Ноғаев.

Биыл күзден бастап компанияларда ұзақ мерзімді келісімге отыру қарастырылып жатыр. Әкімнің сөзіне сенсек, енді кем дегенде 3 жыл келісімге отыруға болады.

Егер мердігер өзіне алған міндеттерді толығымен орындайтын болса, еншілес мекемелер тағы 2 жылға ұзарту мүмкіндігін алатынын түсіндірді.

Бұған дейін «ҚазМұнайГаз» басшысы Мағзұм Мырзағалиев ереуілшілердің талабы жиі өзгеретінін айтқан болатын. Сонымен қатар ол ереуілшілердің алдына неге шықпағанын түсіндірді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға