Жаңалықтар

Мамыр айынан бастап 17 мыңға жуық қазақстандық баспана кезегінен шығарылды

Мамыр айынан бастап 17 мыңға жуық қазақстандық баспана кезегінен шығарылды
Фото: © Pixabay.com 29.07.2024 22:04 485

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі бүгінгі таңда 650 мың қазақстандық тұрғын үй кезегінде тұрғанын айтты. Оның 255 мыңнан астамы халықтың әлеуметтік жағынан осал топқа жататындар, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Тұрғын үй кезегінде тұрғандардың тізімін жыл сайынғы түгендеу Қазақстанда 300 мыңға жуық адам тізімнен шығарылуы мүмкін екенін көрсетті. Яғни, олар талапқа сай келмейтін, баспанасы бар немесе заң бойынша тұрғын үй алуға өтініш беруге құқығы жоқ тұлғалар.

Биыл 1 қаңтардан бүгінгі күнге дейін әкімдіктер жалпы саны 34 мың азаматты кезектен шығару туралы қаулы қабылдаған.

Кезекте тұрғандар арасындағы ең үлкен сәйкессіздіктер келесі себептер бойынша анықталған:

- кезекте тұрған адамның және оның отбасы мүшелерінің тұрғын үй жылжымайтын мүлкі болса;

- кезекте тұрған адамның отбасы мүшелері туралы деректердің сәйкес келмеуі;

- әлеуметтік жағдайының сәйкес келмеуі (толық емес отбасы, 1 және 2 топтағы мүгедектер және т.б.);

- мемлекеттік қызметші мәртебесінің сәйкес келмеуі (АЖ-де ekyzmet болмауы).

Биыл мамыр айынан бастап министрлік kezekte.kz ақпараттық жүйесін әзірлеушілермен бірлесіп, сәйкессіздіктер анықталған кезекте тұрғандарды жеке деректерін жаңарту қажеттілігі туралы SMS хабарлама арқылы хабардар ету туралы шешім қабылдады.

Қабылданған шаралардың нәтижесінде азаматтар тұрғылықты жері бойынша әкімдіктерге мәліметтерді жаңарту үшін белсенді түрде келе бастады. Бүгінгі таңда 34 мың азаматты кезектен шығару туралы шешім қабылданды. Мамыр айынан бүгінге дейін 17 мың азамат кезектен шығарылды,-деп атап өтті министрліктен.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға