Премьер-министр Олжас Бектенов міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесін жетілдіру мәселесі қаралған кеңес өткізді, деп хабарлайды El.kz.
«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ басқарма төрайымы Гульмира Сабденбек қолданыстағы МӘМС жүйесіне жүргізілген талдау нәтижелерін таныстырды. Оның айтуынша, негізгі мәселелердің бірі – тұтас басқарудың жоқтығы: жүйе пациент үшін түпкі нәтижеден гөрі көрсетілген қызмет көлеміне көбірек бағытталған.
Осыған байланысты ол операциялық қаржыландырудан стратегиялық зияткерлік басқаруға көшуге арналған МӘМС 2.0 жаңа моделін ұсынды.
Оның сөзінше, жаңашылдықтардың бірі ретінде цифрлық антифрод-бақылау енгізіледі.
«Бұл – талдамалық жүйе. Ол жалған тіркеулерді, қызметтердің қайталануын, негізсіз ауруханаға жатқызуды, көлемдерді жасанды түрде арттыруды және басқа да бұзушылықтарды автоматты түрде анықтауға мүмкіндік береді. Халықаралық тәжірибеге сәйкес, бұл денсаулық сақтау жүйесіндегі тиімсіз шығындарды орта есеппен 5–10 пайызға қысқартады», – деді Сабденбек.
Сондай-ақ елдегі барлық медициналық ұйымдар тәуекел деңгейіне қарай үш санатқа бөлінеді:
- senim (сенім)
- baqylau (бақылау)
- qauyp (қауіп)
Басқарма төрайымы атап өткендей, адал медициналық қызмет көрсетушілер жеңілдетілген режимде жұмыс істейді, ал бұрын бұзушылықтар анықталған ұйымдар күшейтілген бақылау мен аудитке алынады.
Бұдан бөлек, ақпараттық-есеп орталығының басшысы Жанасыл Оспанов жаңа Qalqan цифрлық платформасын таныстырды. Оның айтуынша, бұл платформа жаңа МӘМС архитектурасының технологиялық негізі әрі «цифрлық қалқаны» болады.
Платформа қаржыландыру процестерін толық цифрландыруды және медициналық ақпараттық жүйелермен интеграцияны қамтамасыз етеді.
«Qalqan жүйесінде пациент деңгейінде көрсетілген қызметтер, госпитализациялар, талдаулар, тағайындаулар, медициналық шығындар, МӘМС және ГОБМП бойынша бөлінісі жинақталады. Қазіргі таңда бұл деректер шашыраңқы, сондықтан пациент толық көріністі көре алмайды», – деді Оспанов.
Qalqan пациенттің бірыңғай үздіксіз маршрутын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар азаматтар сәйкессіздіктер туралы хабарлай алады, бұл «халықтық бақылау» тетігін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Қандай тапсырмалар берілді?
Кеңес қорытындысы бойынша Олжас Бектенов ұсынылған тәсілдерді қолдап, мемлекеттік органдарға бірқатар тапсырма берді:
- Әділет, ұлттық экономика және денсаулық сақтау министрліктеріне 25 наурызға дейін Қор қызметін жетілдіру бойынша түзетулер енгізу;
- Қаржы министрлігіне басқа да мүдделі ведомстволармен бірлесіп 31 наурызға дейін республикалық бюджеттен бөлінетін жыл сайынғы жарнаны инвестициялық табыс көлемінен асырмай қысқарту және Қордың жинақталған активтерін ГОБМП мен МӘМС-ті қаржыландыруға пайдалану бойынша ұсыныстар әзірлеу;
- Астана, Алматы, Шымкент қалаларының және барлық облыстардың әкімдеріне, сондай-ақ Денсаулық сақтау министрлігіне 2026 жылғы 15 сәуірге дейін медициналық ұйымдарды Qalqan жүйесіне көшіруді қамтамасыз ету.
Еске салайық, 16 қаңтарда Үкімет медициналық сақтандыру қорын Қаржы министрлігінің қарауына беру туралы шешім қабылдады. Бұл шешім Қор қызметін талдау нәтижесінде қабылданды: көптеген заңбұзушылықтар мен қаражатты тиімсіз пайдалану фактілері анықталған.
Қаржы министрі өз баяндамасында қайтыс болған адамдарды «емдеу», ер адамдардың жатыр мойны обырына скринингтен өтуі және жалған тіркеулер сияқты деректерді келтірген.
Кейінірек Премьер-министр Олжас Бектенов барлық бұзушылықтар бойынша тексерулер басталғанын, кінәлілер жауапкершілікке тартылатынын мәлімдеді.
Сондай-ақ ол «медсақтандыру қорының ақпараттық жүйесі осы жылдың 1 шілдесіне дейін Денсаулық сақтау министрлігінің жүйесіне интеграциялануы тиіс. Бұл қаражаттың ашық әрі тиімді жұмсалуын қамтамасыз етеді» деп атап өтті.
23 қаңтарда Қаржы министрлігі аппаратының басшысы Ернар Ержанов «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ ұжымына жаңа басқарма төрайымы ретінде Гульмира Сабденбек таныстырды.

