Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіне қатысты бірқатар маңызды жаңалықтарды қамтитын жаңа заң қабылданды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Осы заң аясында 2026 жылдан бастап МӘМС жүйесіне жергілікті бюджет есебінен дағдарыстық және шұғыл деңгейдегі (Д және Е санаттары) шамамен 1 миллион адам қосымша қамтылатын болады. Бұл табысы төмен қазақстандықтардың тағы 5%-ы МӘМС арқылы жоспарлы медициналық көмекке қол жеткізе алады деген сөз. Аталған санаттағы азаматтар үшін жарналарды олардың нақты медициналық қызметке жүгінген сәтінен бастап жергілікті атқарушы органдар төлейтін болады.
Сонымен қатар, жергілікті әкімдіктердің жұмыссыздықты азайту және халықты жұмыспен қамтуға деген тікелей жауапкершілігін күшейту мақсатында ресми тіркелген жұмыссыздар үшін де МӘМС жарналары жергілікті бюджет қаражаты есебінен төленеді.
Қазіргі таңда елімізде 16,9 миллион адам немесе 82,6% халық МӘМС жүйесінде сақтандырылған. Оның ішінде 11,9 миллион адам (59,5%) жеңілдік берілетін санатқа жатады, олардың жарналарын мемлекет өз мойнына алған. Бұл мемлекеттің жоғары әлеуметтік жауапкершілігін айқын көрсетіп отыр.
Дегенмен, бүгінде шамамен 3,4 миллион қазақстандық МӘМС жүйесінен тыс қалып отыр. Олардың ішінде 2,4 миллионы - жағдайы жақсы және қанағаттанарлық деңгейдегі азаматтар болса, 1 миллионға жуығы - дәл сол әлеуметтік әл-ауқаты дағдарыстық (Д) және шұғыл (Е) деңгейдегі азаматтар.
Айта кету керек, еңбекке қабілетті жастағы 2,4 миллион азамат үшін сақтандыру жүйесіне кіру қиын емес әрі ауыртпалық туғызбайды:
Айына небәрі 4 250 теңге, яғни жылына 51 000 теңге жарна жеткілікті.
2027 жылдан бастап Қазақстанда мемлекет, жұмыс беруші және азаматтардың ортақ жауапкершілігіне негізделген толыққанды сақтандыру моделі іске аса бастайды.
Бұл қадамдар «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексте бекітілген ортақ жауапкершілік қағидатын нақты жүзеге асыруға, сондай-ақ азаматтардың әлеуметтік жағдайына қарамастан медициналық көмекке әділ әрі кедергісіз қол жеткізуіне мүмкіндік береді.
Енді ең әлеуметтік осал азаматтар да қажетті медициналық көмекті еркін ала алатын болады.
Бірыңғай базалық пакет
Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесін жетілдіруге бағытталған бірқатар негізгі жаңалықтарды қамтитын заң қабылданды.
Үздік халықаралық тәжірибелерді негізге ала отырып, Денсаулық сақтау министрлігі еліміздің әрбір тұрғыны үшін денсаулық сақтаудағы базалық кепілдіктерді жүзеге асыруға және медициналық көмекті қаржыландырудың ұзақ мерзімді тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған бірқатар өзгерістер енгізіп отыр.
2024 жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан Президентінің жолдауында Мемлекет басшысы бюджет мүмкіндіктері мен азаматтардың қажеттіліктерін ескере отырып, базалық мемлекеттік медициналық көмектің теңгерімді бірыңғай пакетін қалыптастыруды тапсырған болатын.
Бұл бастама мынадай мақсаттарға бағытталған:
-
мемлекеттік және сақтандыру бағдарламалары арасындағы қайталануды жою;
-
пациенттер мен медицина қызметкерлері үшін медициналық қызметтер тізбесінің нақты шекараларын айқындап, ашықтықты қамтамасыз ету;
-
медициналық көмектің қолжетімділігін және сапасын арттыру.
2026 жылдан бастап медициналық көмектің бірыңғай пакетін кезең-кезеңімен енгізу басталады. Бұл процесс мына бағыттарды қамтиды:
-
ТМККК (Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі) мен МӘМС арасындағы нақты шекараны айқындау, қызметтердің қайталануын болдырмау;
-
аурулардың ерте профилактикасына қолжетімділікті қамтамасыз ету;
-
МӘМС мәртебесіне қарамастан барлық азаматтар үшін онкологиялық ауруларды анықтауға арналған скринингтерді қолжетімді ету;
-
әлеуметтік мәні бар ауруларға күдік туындаған жағдайда тегін зерттеп-қарау жүргізу;
-
ресурстарды қайта бөлу арқылы жүйенің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету;
-
нақты сақтандыру моделіне бір қадам жақындау.
Қаржыландырудың бірыңғай пакеттік моделіне көшу үшін Денсаулық сақтау министрлігі халықаралық сарапшылармен бірлесіп, еліміздегі барлық медициналық қызметтер мен олардың құнына жан-жақты талдау жүргізді.
Мемлекеттің басым бағыты өзгеріссіз қалып отыр — бұл әлеуметтік мәртебесіне қарамастан халықты МӘМС жүйесімен барынша кең қамту.
Не өзгереді?
Ауруларды ерте анықтау:
Бірыңғай пакет әлеуметтік мәні бар ауруларды ерте диагностикалау бойынша кепілдіктерді кеңейтеді.
Мәселен, онкоскринингтер МӘМС мәртебесіне қарамастан барлық қазақстандықтар үшін қолжетімді болады.
Бұл ТМККК аясында онкоскринингтердің жалпыға бірдей қолжетімділігі қатерлі ісіктерді ерте сатысында уақтылы анықтап, тиімді ем жүргізуге мүмкіндік береді.
Қазіргі таңда ТМККК шеңберінде диагностика тек туберкулез және АИТВ инфекциясы бойынша тегін жүргізілуде. Ал қалған әлеуметтік мәні бар ауруларды диагностикалау МӘМС шеңберінде қамтылып отыр.
Бұл ретте сақтандырылмаған азаматтар да бірқатар базалық медициналық қызметтерді тегін ала береді, атап айтқанда:
-
емханаларға алғашқы жүгіну;
-
вакцинация және ерте диагностикалауға арналған онкоскринингтер;
-
әлеуметтік мәні бар ауруларға күдік туған жағдайда диагностика;
-
жедел медициналық көмек;
-
өмірге қауіп төндіретін жағдайларда шұғыл медициналық көмек;
-
диагностика, емдеу, алдын алу және барлық ӘМА үшін тегін амбулаториялық дәрілік қамтамасыз ету;
-
инфекциялық аурулар кезінде медициналық көмек;
-
қан препараттарымен қамтамасыз ету;
-
паллиативтік көмек және ауыр жағдайдағы пациенттерге ұзақ мерзімді күтім.
Ал шетелде қалай?
Тегін мемлекеттік медициналық көмектің бірыңғай пакеті әр елде әртүрлі:
-
Ресейде — санитариялық авиация, АИТВ/ЖИТС, жыныстық жолмен берілетін инфекциялар, туберкулез және психикалық аурулар;
-
Эстонияда — жедел медициналық көмек, АИТВ/ЖИТС, инфекциялар, туберкулез және психикалық аурулар;
-
Литвада — тек жедел медициналық көмек;
-
Германия мен Нидерландыда — негізінен мейіргерлік күтім қызметтері.

