МӘМС-тегі былық: қорға қатысты тексеріс басталды, кімдер жазаланады?
ӘМСҚ енді Қаржы министрлігінің қарамағына өтті. Бұған қорға қатысты айтылатын сынның шешім таппауы себеп, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Қызылордада өткен Ұлттық құрылтайдың V отырысында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев денсаулық сақтау саласындағы қаржының тиімді әрі ашық игерілуі мәселесіне ерекше тоқталды. Президенттің айтуынша, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының (ӘМСҚ) қызметіне жүргізілген кешенді тексеріс салада жемқорлық пен заңсыз әрекеттердің кең таралғанын көрсетті.
Мемлекет басшысы тексеру нәтижесін «қорқынышты» деп бағалап, мемлекеттік қаражаттың миллиардтаған теңгесі мақсатсыз жұмсалып жатқанын атап өтті. Оның сөзінше, бұл жағдай елдің экономикалық дамуына, инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыруға және ең бастысы – халыққа көрсетілетін медициналық қызметтің сапасына тікелей зиян келтіреді.
Президенттің мәліметінше, 2025 жылы денсаулық сақтау саласына 7-8 трлн теңге бөлінеді. Алайда қаржының тиімсіз игерілуі бұл қаражаттың нақты нәтижеге айналуына кедергі болып отыр.
Барлық мемлекеттік шығындар ең алдымен халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталуы керек. Заң бұзған, жемқорлыққа жол берген тұлғалар міндетті түрде жауапқа тартылады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы ӘМСҚ-тағы заңсыздықтарды басшылықтың кәсіби деңгейінің төмендігімен және мемлекеттік мүддеге бейқам қараумен байланыстырды.
Бұл – кәсіби басқарудың жоқтығы мен мемлекеттік мүддені елемеудің салдары. Мұнда патриотизм деген ұғым мүлде назардан тыс қалған, – деді президент.
ӘМСҚ-да анықталған өрескел заңбұзушылықтар
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының қызметіне жүргізілген тексеру барысында бірқатар өрескел дерек белгілі болды. Қаржы министрлігінің мәліметінше:
- 768 827 ер адам әйелдерге арналған қызметтерден, соның ішінде жатыр мойны обырына скринингтен «өткен»;
- 619 ер адамға маммография жасалғаны тіркелген.
Бұл деректер медициналық қызмет көрсету жүйесінде жалған есеп пен қаржыны негізсіз игеру кең таралғанын көрсетеді.
Қаржы министрі Мәди Такиевтің айтуынша, 2026 жылы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне тағы 1 млн азамат қосылады, алайда шығын көлемі артқанына қарамастан, қордың тиімділігі өсіп отырған жоқ.
2026 жылы денсаулық сақтау саласына бөлінетін шығын 2,4 трлн теңгені құрайды. Бұл 2020 жылмен салыстырғанда шамамен 1 трлн теңгеге артық. Сонымен бірге 2020 жылдан бері жинақталған инвестициялық табыс 588 млрд теңгеге, оның ішінде тек 2025 жылы 195,9 млрд теңгеге жеткен. Алайда бұл қаражаттың едәуір бөлігі нақты медициналық қызметке бағытталмай, қор активтерінде жинақталып отырған.
IT-аудит анықтаған жүйелі мәселелер
Медициналық ақпараттық жүйелерге жүргізілген IT-аудит мынадай жүйелі заңбұзушылықтарды анықтады:
- жалған пациенттерді тіркеу (мың адам тіркеліп, нақты 500-і ғана қызмет алған);
- азаматтарға тән емес медициналық қызмет көрсету;
- бір қызметтің ӘМСҚ және ерікті медициналық сақтандыру арқылы қатар төленуі;
- қысқа уақытта шамадан тыс көп қызмет көрсету;
- қайтыс болған адамдарға медициналық қызмет жазу;
- балаларға тәулігіне мыңдаған дәрі-дәрмек есептен шығару.
Адамның ақылына қонбайтын деректер көп. Мәселен, бір жеке клиника дәрігері күніне орта есеппен 24 адам қабылдауы тиіс болса, 1 442 пациентті қабылдаған. Ал Астанада бір дәрігер бір айда 4 832 адамды қабылдаған. Кей жағдайларда бір маманға айына 1 700-ден астам емдеу фактісі тіркелген.
Сонымен қатар 996 қайтыс болған адамға 3 640 медициналық қызмет көрсетілгені, тіпті 2023 жылы қайтыс болған пациентке 2025 жылы қабылдау жазылғаны анықталды.
Балаларға дәрі-дәрмек заңсыз есептен шығарылған
Тексеру барысында балаларға дәрі-дәрмек заңсыз есептен шығарудың 68 717 дерегі тіркелді. Мысалы, Жетісу облысында екі балаға «Димексид» препараты 126 мың рет (әрқайсысына 63 мыңнан) жазылған.
Ал Астанадағы балалар ауруханасында бір тәулікте бір пациентке 2 872 дәрі-дәрмек есептен шығарылған 179 факт анықталып, 88 мың бірлік дәрі заңсыз жазылған. Бұл ретте науқастар стационарда бір күннен артық жатпаған.
Қаражат қайда кеткені де белгілі болды
Салық органдары медициналық ұйымдар басшыларының табысы мен мүлкіне талдау жүргізіп, 2024-2025 жылдары:
1 465 басшының 5 мыңнан астам жылжымайтын мүлік,
912 адамның 1 416 автокөлік сатып алғанын анықтады.
Жекелеген жеке клиникалар басшылары екі жыл ішінде 52-124 жылжымайтын мүлік пен 14-24 автокөлікке дейін иелік еткен.
Қор Қаржы министрлігінің қарамағына өтті
Тексеру қорытындысы бойынша премьер-министр Олжас Бектенов барлық материалдарды құқық қорғау органдарына жолдауды тапсырды. Сонымен қатар Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Денсаулық сақтау министрлігінен Қаржы министрлігінің қарамағына берілді.
Ведомствоға денсаулық сақтау жүйесінің барлық бизнес-процестерін толық цифрландыру, негізсіз қаржыландыруды тоқтату және ӘМСҚ-ның ақпараттық жүйесін 1 шілдеге дейін Денсаулық сақтау министрлігінің жүйесіне интеграциялау міндеті жүктелді.
Премьер-министрдің айтуынша, президент тапсырмалары елді ауқымды жаңғыртудың ұзақмерзімді стратегиясына енгізілген, ал олардың орындалуына әрбір басшы жеке жауапты болады.
Бұған дейін жекеменшік мектептерді қаржыландыру тоқтатылатыны туралы айтқанбыз.

