Жаңалықтар

МӘМС-ке төлейтін ақша 5 есе көбейеді

МӘМС-ке төлейтін ақша 5 есе көбейеді
Фото: Коллаж El.kz 31.01.2024 15:08 840

Денсаулық сақтау министрлігі «Ашық НҚА» порталында МӘМС жүйесіне жарналар мен аударымдарды төлеу қажет болатын табыстың ең жоғары мөлшерін 5 есе ұлғайтуға қатысты заң жобасын дайындап, жариялады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорында мүмкін болатын өзгерістер бойынша толық түсініктемелер берілді.

Бұл нені білдіреді?

МӘМС енгізудің бастапқы кезеңінде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне жарналар мен аударымдар жүргізілуі мүмкін қызметкердің табысы бойынша жоғарғы шек көзделген. Оның мөлшері бүгінгі күні 10 ең төменгі жалақыдан (ЕТЖ) аспайды. Яғни, жарналар тек 850 мың теңгеге дейінгі табыстан алынуы мүмкін. Жоғарыдағы кірістен жарналар жасалмайды.

Не өзгереді?

Әділдік қағидатын қамтамасыз ету үшін денсаулық сақтау министрлігі 2025 жылдан бастап жоғарғы шекті ЕТЖ мөлшерінен 10-нан 50 есеге дейін арттыруды ұсынды. Зейнетақы жүйесі де осы қағида бойынша жұмыс істейді, онда жоғарғы шегі ең төменгі жалақының 50 еселенген мөлшерін құрайды.

Кіріс бойынша жоғарғы шекті не үшін көтеру қажет?

Бүгінгі таңда МӘМС-тің қазақстандық моделінде қаражатты регрессивті бөлу қолданылады. Яғни, табыс неғұрлым аз болса, кірістің пайыздық үлесі соғұрлым жоғары. Әділ жүйеде табысы төмен адамдар табысы жоғары адамдардан артық төлемеуі керек. Сондықтан ұсынылып отырған норма – жоғарғы шекті 50 ЕТЖ дейін ұлғайту - денсаулық шығыстары үшін жауапкершілікті неғұрлым әділ бөлуді көздейді.

Егер сандармен сөйлесек

Қазір: Орташа жалақысы 300 мың теңгені құрайтын қызметкерлер МӘМС-ке 6 мың теңге жарна төлейді.

1,5 млн теңге кіріс жағдайында, ал бұл орташа еңбекақыдан 5 есе жоғары, 10 ЕТЖ (850 мың теңге) көлемінде жоғарғы шек іске қосылады, сондықтан жарна 17 мың теңге, немесе кірістің 1,1%-ынан аспайды.

3 млн теңге кірістен, ал бұл орташа еңбекақыдан 10 есе жоғары, МӘМС-ке жарна сол секілді – 17 мың теңге, немесе кірістің 0,6% мөлшерінде қалады.

Өзгерістен кейін: 2024 жылға арналған ЕТЖ көлемі есепке алынып жоғарғы шек 4,2 млн теңгені құрайды. Кіріс жоғары болған сайын, жауапкершілік те жоғарылайды.

Бұл шара қанша қазақстандыққа әсер етеді?

Табысы 4 млн 250 мың теңгеден асатын тек 2,3 мың қызметкер үшін ғана МӘМС-ке жарналар бес есе артады. Бұл елдегі барлық жалдамалы жұмысшылардың 0,04% құрайды.

Жалпы, бұл норма 850 мың теңгеден астам табысы бар жалдамалы қызметкерлердің 9%-ына әсер етеді. Жұмысшылардың 91%-ы үшін ештеңе өзгермейді.

Қарапайым қазақстандықтарға мұның қандай пайдасы бар?

Аударымдарды ұлғайту денсаулық сақтау шығыстарын қаржыландыру көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Бұған алдын алу, диагностика және емдеу кіреді. Медициналық қызметтер қол жетімді болады, технологияларды енгізу аурудың ерте кезеңдерінде алдын алуға немесе өмірді сақтауға мүмкіндік береді.

Бүгінгі күні денсаулық сақтау жүйесі әлі де жеткілікті қаржыландырылмау мәселесіне тап болып отыр, бұл жалпы медициналық көмекті ұйымдастыруға, медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігіне, сондай-ақ жалпы денсаулық сақтау жүйесі мен МӘМС-тің қаржылық тұрақтылығына теріс әсер етеді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға