«МӘМС 2.0 енгізіледі: Енді дәрігерлер де, науқастар да жаңа ережемен өмір сүреді
EL.KZ Информационно-познавательный портал
Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесін жаңғырту мәселесі күн тәртібіндегі ең маңызды тақырыптардың біріне айналды. Денсаулық сақтау саласына бөлінетін қаржы көлемі жыл сайын артып отырғанымен, оның тиімді жұмсалуы, ашықтығы мен нақты нәтижесі қоғам тарапынан жиі сынға ұшырап келеді. Осыған байланысты Үкімет МӘМС жүйесін түбегейлі қайта қарастырып, жаңа модель – МӘМС 2.0 реформасын ұсынды. Бұл бастама тек қаржылық тетіктерді өзгерту емес, бүкіл жүйені науқасқа бағытталған жаңа деңгейге көтеруді көздейді.
Премьер-министр Олжас Бектенов бұл реформаның маңызын ерекше атап өтті. Оның айтуынша, жаңа Конституцияда бекітілген басты қағидат – адамға бағдарланған саясат, яғни барлық шешім ең алдымен азаматтың нақты қажеттілігі мен нәтижесіне бағытталуы тиіс.
Ұлт денсаулығына бөлінетін қаражаттың жымқырылуы – мүлдем ақылға сыймайтын жағдай. Әрбір теңге нақты медициналық қызмет немесе дәрі түрінде азаматқа жетуі тиіс, – деді Үкімет басшысы.
Қолданыстағы МӘМС жүйесіне жүргізілген талдау оның бірқатар әлсіз тұстарын ашып берді. «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» басқарма төрағасы Гүлмира Сабденбектің айтуынша, негізгі проблема – жүйеде бірыңғай басқарудың жоқтығы және қызметтердің науқастың нақты нәтижесіне емес, олардың санына бағытталуы. «Жүйе көбіне көрсетілген қызмет көлеміне жұмыс істейді, ал пациент үшін нақты нәтиже екінші кезекте қалып отыр», – деді ол. Сонымен қатар, жалған тіркеулер, негізсіз госпитализациялар және қызмет көлемін жасанды ұлғайту сияқты бұзушылықтар да анықталған.
Осы мәселелерді шешу үшін МӘМС 2.0 жаңа моделі ұсынылды. Бұл модель операциялық қаржыландырудан стратегиялық әрі интеллектуалды басқаруға көшуді көздейді. Яғни, қор тек қызметке ақы төлеуші емес, бүкіл денсаулық сақтау жүйесін талдайтын, болжайтын және реттейтін орталыққа айналады.
Реформаның негізгі бағыттарының бірі – цифрлық антифрод жүйесін енгізу. Гүлмира Сабденбек бұл туралы:
Бұл аналитикалық жүйе припискаларды, қызметтердің қайталануын, негізсіз госпитализацияларды автоматты түрде анықтайды. Халықаралық тәжірибеге сәйкес, мұндай тәсіл шығындарды 5–10 пайызға дейін қысқартуға мүмкіндік береді, – деп атап өтті.
Тағы бір маңызды жаңалық – медициналық ұйымдарды тәуекел деңгейіне қарай бөлу. Еліміздегі барлық клиникалар үш санатқа жіктеледі: senim (сенім), baqylau (бақылау) және qauyp (қауіп). Сабденбектің айтуынша, «адал жұмыс істейтін медициналық ұйымдар жеңілдетілген режимде қызмет етеді, ал бұзушылықтар анықталған ұйымдар күшейтілген бақылауға алынады». Бұл тәсіл жүйеде әділдік орнатып, сапалы қызмет көрсететін мекемелерді қолдауға мүмкіндік береді.
МӘМС 2.0 реформасының тағы бір өзегі – цифрландыру. Осы бағытта Qalqan атты жаңа платформа ұсынылды. Ақпараттық-есепке алу орталығының басшысы Жанасыл Оспановтың айтуынша, бұл жүйе бүкіл медициналық және қаржылық процестерді біріктіретін «цифрлық қалқан» болады. «Qalqan жүйесінде пациентке көрсетілген барлық қызметтер, талдаулар, шығындар туралы ақпарат бір жерде жинақталады. Қазіргі таңда бұл деректер әртүрлі жүйелерде шашыраңқы, сондықтан пациент толық көріністі көре алмайды», – деді ол.
Оспановтың айтуынша, жаңа платформа пациенттің толық медициналық тарихын қалыптастырып қана қоймай, азаматтарға жүйедегі сәйкессіздіктер туралы хабарлау мүмкіндігін береді.
Бұл халықтық бақылау механизмін қалыптастырады, – деп атап өтті ол.
Яғни, енді азаматтар да жүйенің ашықтығына өз үлесін қоса алады.
Қаржы министрі Мәди Такиев өз баяндамасында МӘМС жүйесі арқылы жыл сайын шамамен 3,4 трлн теңге қайта бөлінетінін атап өтті. Оның айтуынша, қазіргі өзгерістердің басты мақсаты – осы қаражатты тиімді басқару және медициналық көмектің үздіксіздігін қамтамасыз ету. Сонымен қатар, ол ерікті медициналық сақтандыру нарығын «көлеңкеден шығару» да маңызды бағыттардың бірі екенін жеткізді.
Реформа аясында Қордың Қаржы министрлігінің қарамағына берілуі де үлкен өзгеріс болып отыр. Бұл шешім қаржылық бақылауды күшейтіп, қаражаттың мақсатсыз жұмсалуын азайтуға бағытталған. Премьер-министрдің айтуынша, барлық шығын толық цифрландырылып, олардың «цифрлық ізі» болуы тиіс. Бұл ашықтықты қамтамасыз етудің басты шарты.
Сарапшылардың бағалауынша, енгізілетін реформалардың экономикалық әсері 200 млрд теңгеден асады. Бұл қаражатты үнемдеу ғана емес, оны қайтадан денсаулық сақтау сапасын арттыруға бағыттау мүмкіндігін береді. Сонымен қатар, дәрігерлерге түсетін жүктеме азайып, медициналық қызмет көрсету сапасы жақсаруы тиіс.
Үкімет реформаны жүзеге асыру үшін нақты мерзімдер белгілеп отыр. Барлық медициналық ұйымдар 2026 жылдың 15 сәуіріне дейін Qalqan жүйесіне көшуі тиіс. Заңнамалық өзгерістер мен қаржылық түзетулер де қысқа мерзімде енгізіледі. Бұл реформаның жедел әрі жүйелі түрде іске асатынын көрсетеді.

