«Мамандықты мектеп қабырғасында жүргенде-ақ таңдап қойдым» – теміржолшы Есенжан Жалғасұлы
Бүгін қиындығы мен қызығы қатар жүретін ерекше саланың бірі – теміржолшылар күні. Ғасырлық тарихы бар қазақ теміржолы бүгінде қарқынды дамып келеді. Алысты жақындатып, діттеген жерге уақытында жеткізетін осы салада тынымсыз еңбек етіп жүрген қызмет иелерінің қажырлы еңбегінің арқасы. Айтулы мерекеге орай, бар өмірін аталмыш салаға арнаған кейіпкеріміз Есенжан Жалғасұлын сөзге тарттық, – деп хабарлайды El.kz
1959 жылы 9 қазанда Атырау облысы, Маханбет ауданында дүниеге келген. 1976 жылы орта мектепті бітіріп, Гурьев теміржол техникуымна оқуға түседі. 1979 жылы аталмыш оқу орнын сәтті аяқтап, әскер қатарына шақыртылады. 1981 жылы Отан алдындағы борышын абыроймен атқарғасын, Гурьев-1 (қазіргі Ақжайық) станциясына пойыз құрастырушының көмекшісі, станция кезекшісі, 1987-1989 жылдары Атырау темір бөлімшесінің пойыз диспетчері, одан соң Ақжайық станциясы бастығының орынбасарына дейін көтеріліп, 2017 жылдан бері станция бастығы қызметін абыроймен атқарып келеді.
Айтуынша, бұл салада жүргеніне 41 жылдың жүзі болған. Мамандықты мектеп қабырғасында жүргенде-ақ таңдап қойған екен. Пойыз диспетчері болып жүрген кезде М.Тынышпаев атындағы қазақ трансфорт және қазақ коммуникациялар академиясын бітіреді. Жұмыстың қызығы мен қиындығы пойыз диспетчері болып жүрген кездерде көп кездесетін деп еске алды кейіпкеріміз. Бүкіл өмірін осы қызметтің ыстық-суығына арнаған кейіпкеріміздің еңбегі еленуге лайықты. Алғыс хаттармен, Құрмет грамоталармен марапатталған. Қазақстан теміржолының 25 жылдығына орай, «Құрметті теміржолшы» деген атағына ие болып отыр.
Өз қызметіне адал, нағыз өз ісінің маманы Есенжан Жалғасұлы қызметімен қатар отбасында қатар алып жүрген бірден-бір азамат. Бүгінде кейіпкеріміз аяулы жары Татьянамен бірге ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, немере-жиен сүйіп отырған бақытты ата мен әже. Кейіпкеріміздің алтын асықтай бес баласы бар. Балаларын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай, білімді, тәрбиелі етіп өсірген. Бес баланың тұңғышы Гауһар – банкте менеджер, Расул – «Теңізшевройл» кәсіпорнында информатикалық технология инженері, Рүстембек – Атырау локомотив депосында машинист, Райымбек «ТЭК АНПЗ Транс» мекемесінде маман. Ал кенжесі Айжан – банк қызметкері.
«Әке көрген оқ жонар» демекші, әкесінен дарыған асыл қасиеттерді бойларына сіңіріп өсірген ұл-қыздары беделді бір-бір маман иелері болып қызметтерін атқаруда.
«Бүгінгі теміржолшылар күнімен барлық осы саладағы қызметкерлерді атаулы мерекемен құттықтаймын. Мықты денсаулық, толайым табыс, отбасыларына амандық, несібелі жетістіктер тілеймін», – деп ізгі тілегін білдірді Есенжан Темірғалиев.