Жаңалықтар

Маман кеңесі: Артық салмақтан абай болыңыз

Әлемде 250 миилион адам созылмалы семіздікке шалдыққан
Маман кеңесі: Артық салмақтан абай болыңыз
Фото: pixabay.com 13.07.2022 12:11 5248

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, әлемде артық салмақ арқалаған 1,7 миллиард адам бар. Оның 250 миллион адамы созылмалы семіздікпен және онымен байланысты жиі кездесетін аурумен ауырады. Бұл туралы Қазақ тағамтану академиясы микронутриенттер бөлімінің басшысы Шәміл Тәжібаев айтты, деп хабарлайды El.kz

Статистика бойынша, жыл сайын 2,8 миллион адам артық салмақтан немесе шамадан тыс семіру нәтижесінде және семіздіктен туындаған аурудан көз жұмады. Бұл – артық салмақ түрлі аурудың негізгі себепшісі екенінің айқын дәлелі.

– Қазір әлемдегі семіздіктің таралу қарқыны артып барады. Әсіресе балалар арасындағы артық салмақ арқалағандар ерекше алаңдаушылық тудырып отыр. Дүние жүзінде 10 жыл сайын семіздіктің таралуы да 10 пайызға артқан. Балалардағы семіздік негізінен жүрек-тамыр ауруларының, қант диабетінің, ортопедиялық проблемалардың және психиатриялық бұзылуының қауіпті факторы болып табылады. Бұл сондай-ақ мектептегі оқу үлгерімі төмен және өзін-өзі бағалаудың төмендігімен байланысты. Балалық және жасөспірімдік шақтағы артық салмақ физикалық және психоәлеуметтік денсаулыққа қысқа мерзімді және ұзақ мерзімді жағымсыз әсер етеді. Балалардағы семіздік ересек шаққа жеткенде де семіздіктің жалғасу қауіпі жоғары. Балалық шақта пайда болатын жүрек-қан тамырлары ересек жаста да сақталады. Бұл денсаулықтың нашарлауы және мезгілсіз өлім қаупінің жоғарылауына әкеледі, – дейді Қазақ тағамтану академиясы микронутриенттер бөлімінің басшысы Шәміл Тәжібаев.

Шәміл Тәжібаевтың айтуынша, семіздік – полиэтиологиялық ауру. Артық салмақтың негізгі себебі – адам тұтынатын және жұмсалған калориялар арасындағы энергия тұрақсыздығы. Яни тамақты жиі тұтынып, энергия шығынын азайтқан адам семіруге бейім келеді. Артық салмақтың 98 пайызын артық тамақтану себебінен болады. Қалған 2 пайызы эндокриндік және неврологиялық патологиялар, ұйқы безінің, бауырдың ауруы, аш және тоқ ішектің бұзылуы, генетикалық бұзылу нәтижесінен артық салмаққа душар болады. Сондай-ақ, майлы және тәтті тағамдарды жиі тұтыну, аз қозғалу, күйзеліске тап болу да – артық салмаққа әкеп соқтырады.

– Семіздік көптеген созылмалы аурулардың негізгі себебі. Қант диабеті, жүрек-қан тамыр аурулары, қатерлі ісік, ұйқыдағы апноэ және созылмалы обструктивті өкпе ауруынан асқынуға әкеледі. Әрқашан семіздік инсулинге, висцеральды семіздік пен дислипидемиядан туындаған басқа метаболикалық бұзылулардың себебімен байланысты. Сондай-ақ, семіздік артериялық гипертензия, инсулинге тәуелді емес қант диабеті, атеросклероз және жүректің ишемиялық ауруы, омыртқа остеохондрозы және полиартрит, бауыр және гепатобилиарлы аурулар, ісік және басқа да денсаулық проблемалары жиілігінің бірнеше есе артуына байланысты. Семіздік орташа артық салмақпен өмір сүру ұзақтығын орта есеппен 3-5 жылға және аурудың ауыр түрімен 15 жылға дейін қысқартады, – дейді дәрігер.

Семіздіктің алдын алу үшін Қазақ тағамтану академиясы микронутриенттер бөлімінің басшысы ұсынған профилактикалық шараларды ұсынамыз:

- салмақты бақылау үшін дұрыс тамақтану керек және физикалық белсенділікті біртіндеп арттыру керек.

- тамақты жиі әрі аз бөлікпен күніне төрт-бес рет тұтыну қажет. Соңғы тамақтану уақыты ұйқыға дейін 3-4 сағаттан кешіктірілмеуін ескеріңіз.

- сары май және ет өнімдері, қант және тәттілерден өзіңізді шектеу арқылы калорияны азайтыңыз.

- тағамдағы тұзды тұтынуды күніне 2-3 граммға дейін шектеңіз.

- күніне кем дегенде 30 минут орташа және қарқынды физикалық белсенділікте болыңыз.

- нанды, әсіресе ақ нанды тұтынуды шектеңіз. Негізгі тағам ақуыздарды (майы аз сүт, ет, балық өнімдері) тұтыныңыз.

- сыраны және алкогольді ішімдіктерді, энергетикалық сусындарды толығымен алып тастаңыз.

- аптасына 1-2 рет дәрігер ұсынған ораза күндерін өткізіңіз.

- баяу салмақ тастаңыз. Салмақ тастаудың қауіпсіз жылдамдығы аптасына 0,5 кг құрайды.Салмақты жоғалту әдісін дұрыс таңдау ағзаңызда сырқат белгілері болса дәрігермен кеңесіңіз.

Диетолог дәрігер Арай Әміренің айтуынша, артық салмаққа тап болғандар көп тамақ жегеннен семіреді. «Өзі тойса да көзі тоймайтындарға» кеңес берді.

– Қазір халықтың көбі тез дайындалатын өнімдер мен энергетикалық сусындарға құмар. Тез дайын болатын тағамдарды жиі тұтынады. Түрлі дәмдеуіштер қосылғандықтан одан бас тарта алмайтындар көп. Осылайша адам аузын тыймай артық салмаққа алып келеді. Сондықтан әр адам өзінің тамақ жеу мөлшеріне сақ болып, тамақтану мәдениетін енгізсе екен. Егер адамда анимея ауруы байқалса, тәттіге құмарлық артады. Кейін артық салмақты қосып алады. Сөйтіп біздің ағзамыз ауруды арқалап, басқа да сырқаттану түрі пайда болады. Жалпы, семіздіктің 90 пайызы дұрыс тамақтанбаудан туындайды. Артық салмақ көбінесе жүрек қан тамыр ауруларына, қатерлі ісікке, остеопорозға, артритке және тыныс жолдарының инфекцияларына әкеледі, – дейді диетолог Арай Әміре.

Диетологтың айтуыша, адам кез-келген жаста, әсіресе метаболизм процесінің өзгеру кезеңінде семіздікке ұшырауы мүмкін. Ең бастысы тамақтану ережесін қолға алғаны маңызды. Тұтынатын тағам мөлшері жұмсалған энергия мөлшеріне тең болуы керек. Жоғары калориялы, майлы тағамдардан бас тартып, сүт, ақуыз өнімдері мен көкөністерді көбірек тұтынған абзал. Ет өнімдері мәзірде де болуы керектігін айтты.

– Семіздіктен арылу үшін созылмалы ауруы бар адамдар анализ тапсырып, сол бойынша дәрігерлерден кеңес алып, дәрігердің нұсқауымен ағзасына байланысты тағам қабылдап отырғаны жөн. Семіздіктің алдын алу үшін пайдалы үш қағида бар. Біріншісі, сағат 23:00 ден кешікпей ұйықтау керек. Сол кезде арнайы гармондар бөлініп, арықтауға көмектеседі. Екінші мәселе су ішу және үшіншісі күнделікті 10 мың қадам жүру қажет. Егер осы ережелер орындалса адамдарда артық салмақ болмайды. Біздің рационымызда көкеністер, жемістер міндетті түрде болуы қажет,– дейді Арай Әміре.

Диетолог дұрыс тамақтану арқылы арықтауға кеңес берді. Сондай-ақ, су ішіп арықтаудың формуласымен бөлісті.

 – Әр адам суды өзінің салмағына байланысты ішкен жөн. Мәселен 1 келіге 30 мл. Адам өзінің салмағын 30-ға көбейтеді: 50 келі салмақтағы адам болса, 1500 мл болады, демек оған бір жарым литр су ішу керек. Тұмау уақытында, жаз кезінде ол адамға екі жарым литрға дейін су ішуіне болады. Ішкен суыңыздың тағамға ешқандай қатысы жоқ. Су асқазанға түскен кезде ол жерде ұзақ тұрмайды, ішек жолдарына кетеді, 200-250 млг сұйықтықты тамақпен бірге ішсе ештеңе етпейді, – деді диетолог.

Арай Әміренің айтуынша, семіздік балалар арасында да белең алып жатыр. Қазір 4-5 жас аралығындағы балаларда семіздік белгілері байқалады. Бұған себеп, ата-ананың баланың дұрыс тамақтануына көңіл бөлмеуінен, дейді. Осылайша мамандар артық салмақ ауруының жылдам дамуын калориялы тағам өнімдерінің қолжетімділігінің артуымен және физикалық белсенділіктің төмендеуімен байланыстырып отыр.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға