©Pixabay.com

«Мальдив аралдары су астына кетеді»: ел билігі жауап берді

Мальдив Республикасының сыртқы істер министрінің орынбасары Ахмед Шиаан өз елінің климаттың өзгеруіне бейімделе алатынына және теңіз деңгейінің көтерілуі салдарынан жер бетінен жойылып кетпейтініне сенімді, деп жазады El.kz интернет порталы.

Оның айтуынша, архипелаг 80-100 жылдан кейін су астында қалуы мүмкін деген болжамдар бүгінде өзектілігін жоғалтқан.

Біз қазірдің өзінде бейімделіп жатырмыз, ал әлем біздің қоршаған ортаны қорғау үшін жасап жатқан қадамдарымызды көріп отыр. Бүгінде бұл тәсілдер Кариб бассейні мен Тынық мұхитындағы елдерде қолданылып жүр.

Мен Мальдив аралдары климаттың өзгеруіне байланысты жер бетінен жойылады дегенге сенбеймін. Өйткені біз өзімізге сенеміз. Біз осы аралдарда 2000 жылдан астам өмір сүріп келеміз, әрі бұдан кейін де сонша уақыт өмір сүрмеуімізге еш негіз жоқ. Біздің халқымыз кез келген сынаққа төтеп бере алады, – деді ол.

Шиаанның айтуынша, Мальдивтер қоршаған ортаны қорғау саласында экономикалық тұрғыдан тиімді шешімдер ұсынып, басқа да арал мемлекеттері үшін үлгіге айналды.

Біз Тынық мұхиты елдеріне нақты шешім көрсеттік. Оны жасауымыздың басты себебі экономикалық тиімділік еді, – деді дипломат.

Сонымен қатар ол елдің жаңартылатын энергия көздеріне көшуін ерекше атап өтті:

Жаңартылатын энергия қазба отындарынан әлдеқайда тиімді екенін түсіну қажет. Біз болашақтың дәл осы энергия көздерінде екеніне сенеміз, әрі бұл процесс қазірдің өзінде өздігінен жүріп жатыр, – деді Шиаан.

Анықтама ретінде: Мальдив Республикасы Үнді мұхитындағы 1000-нан астам маржан аралынан тұрады, оның ішінде 200-ден сәл астамы ғана қоныстанған. Аралдардың көпшілігі теңіз деңгейінен бар-жоғы 1 метр ғана биік. Әртүрлі болжамдарға, соның ішінде Дүниежүзілік банктің есебіне сәйкес, 2100 жылға қарай теңіз деңгейі 10-100 см-ге көтерілуі мүмкін. Бұл жағдайда Мальдив аралдарының басым бөлігі су астында қалып, 2050 жылға дейін ел аумағының 80%-ы өмір сүруге жарамсыз болуы ықтимал деп көрсетілген.