Жаңалықтар

Макс Вебер және легитимділік

Макс Вебер және легитимділік
27.11.2015 03:53 23367

«Легитимділік» терминін неміс әлеуметтанушысы Макс Вебер ғылыми айналымға енгізді. Тіпті, ол арнайы психологияның әлеуметтік және саяси мәселелерімен айналыспаса да, оның әдістемесінде легитимді үстемдік етудің типтері бөлініп көрсетілген болатын.

Немістің көрнекті ғалымы М. Вебер билік басына келудегі легитимдіктің мінсіз түрлері ретінде үш үлгісін көрсеткен:

  1. Әдет-ғұрыптық легитимділік. Ол сонау ерте заманнан бастап халықтың санасына сіңген салт-дәстүрге сүйенеді;
  2. Харизматикалық легитимділік. Мұнда өзінің ерекше батырлығымен, адалдығымен немесе басқа үлгілі қабілет-қасиеттерімен көзге түскен адамды басшы ету;
  3. Ақыл-парасаттың, құқықтың легитимтігі. Саяси билік қазіргі саяси құрылым орнатқан құқықтық ережелерге, тәртіптің ақыл-ойға сыйымдылығына негізделеді.

М.Вебердің билік легитимділігі типтеріне берген мінездемесі әлеуметтік әрекеттердің типтері туралы концепцияға негізделді. Жалпы қарастырғанда «әлеуметтік әрекеттер» – бұл нәтижесінде барлық әлеуметтік қатынастар мен институттарға айналатын, әртүрлі өмірлік салалардағы адамдардың жүріс-тұрыс әдістерінің ерекшеліктері болып табылады. М.Вебер бұл әрекеттер қандай мотивтерді анықтайтындығына қарап, әлеуметтік әрекеттердің бірнеше түрін бөлді.

Ғалым әлеуметтік әрекеттердің жоғарғы түріне мақсатқа бағытталған рационалды әрекетті жатқызды. Басқаша сөзбен, айтқанда мұндай әрекеттер саналы түрде рационалды мүдделерге мотивацияланады. Онда алдын-ала қойылған мақсат пен оған жетудің жолдары болады. Мақсатқа жетудің жолдары математикалық, техникалық, қоғамдық-ғылыми және құқықтық нормалар сияқты рационалды инструменттердің көмегімен жасалынады.

Құндылықтық-рационалды әлеуметтік әрекеттер белгілі бір этикалық, эстетикалық немесе діни идеалдарда саналы сенім негізінде жүзеге асырылады. М.Вебер әлеуметтік әрекеттердің үшінші түрін эмоционалды-сезімталдық мотивациямен байланыстырып, оны «аффективті» деп атады. Ең соңғы, әлеуметтік әрекеттердің түрін әлеуметтанушы «дәстүрлі» деп сипаттады. Яғни, мұнда басты мотив әдеттер, бейсаналы түрде мәңгіге қалыптасып қойған стереотипті әрекеттерді жатқызады.

Осы жоғарыда аты аталған әлеуметтік әрекеттердің түрлерінен келіп шығып, М.Вебер легитимді үстемдіктің үш типін бөліп көрсетті. Бірінші типін «заңды» деген атау берілді. Тек осы типінде ғана легитимділік пен формалды заңдылық бір-біріне сәйкеседі. Билікке бағынудың басты мотиві мүдде болып табылады, ал оның негізінде мақсатқа бағытталған әлеуметтік әрекеттер жатады. Билік легитимділігінің «заңды» типі аясында құрылған саяси жүйеде нақты бір тұлғаға бағынбайды, керісінше, орнатылған заңға бағынады. Мұнда тек қана бағынушылар ғана емес, сонымен қоса, басқарушылар да заңға бағынуы тиіс.

Формальды-құқықтық бастаулар мұнда шешуші күшке ие. Барлық нәрсе заңмен жүзеге асып жатса ғана, жүйе өзінің легитимділігін толықтай сақтап қалады. Легитимді үстемдік етудің заңды-рационалды типі М.Вебер бойынша белгілі-бір арнайы оқытылған, компонентті шенеуніктерсіз рационалды бюрократияны айналып өту мүмкін емес. Рационалды бюрократия бүкіл бір басқару процесі кәсіби білім, машық пен тәжірибені талап ететін, мемлекетті басқарудың технологиясы мен құрылымын топшылайды.

Басқарудың мұндай типіндегі шенеуніктер келесідегідей критерийлермен сәйкес келуі керек : 1) жеке басының еркін болуы және тек қана қызметтік міндетіне бағынышты болуы, не өзінің, не өзгенің мүддесіне емес; 2) қызметтік иерархияда белгілі бір нақты орынды иемденуі тиіс; 3) белгілі бір компетенцияны меңгеруі (бұл жағдайда өзінің құқығы мен міндеттерін нақты білу қажет); 4) еркін таңдау жағдайында нақты негізде жұмыс істеу; 5) өзінің кәсіби біліктілігіне сай қызмет лауазымын иемдену; 6) өзінің иемденген лауазымына сай тұрақты ақшалай сыйлықтарын алып отыруы; 7) өзінің әрекетінің тиімділігіне байланысты қызметтік иерархия сатысында жоғары көтерілу мүмкіндіктеріне ие болу; 8) өзінің қызметіне негізгі кәсібі ретінде қарау;  9) өзінің қызмет бабын асыра сілтеу, өзінің жеке мақсаттарына пайдалану болмауы тиіс; 10) тұтас бір барлық қызметтік тәртіпке бағынуы керек.

Алайда, М.Вебер шынайы өмірде басқарудың бюрократиялық әдісі, оның идеалды типінен айырмашылығы жер мен көктей екендігін түсінді. Саяси практика көрсетіп бергендей, шенеуніктер жабық кастаға айналып кетіп, қоғамның мүддесі үшін емес, өзінің жеке басының мақсаттары үшін әрекет етіп кеткенін бірнеше мәрте дәлелдеді. Сондықтан басқару мен билік бюрократизациясының негативті салдарын нейтрализациялау үшін қоғамдық пікір мен саяси институттар тарапынан шенеуніктердің қызметін бақылаудың түрлі формалары қолданылады.

Легитимді үстемдік етудің басқа типі, М.Вебер бағындырудың мотивін «белгілі бір іс-әрекетке қатысты жағымды әдеттен» көрді және оны «дәстүрлі» деп атады. Үстемдік етудің мұндай типі заңдылыққа сену негізінде қалыптасты. Вебер дәстүрлі легитимді үстемдік етудің формасын екіге бөлді: патриархалды және сословиелік. Вебердің пікірі бойынша дәстүрлі билікті ұйымдастырудың патриархалды формасы Византияда болды. Оған мемлекеттік басқару аппаратында жеке тәуелділік қатынасы тән болды.

Вебердің көзқарасы бойынша, сословиелік формаға Батыс Европаның феодалдық мемлекеттері жатты. Мұнда биліктің механизмы біршама иесіздендірілген. Билік иерархиясының төменгі шебі үлкен автономияға ие, ал иерархияның түбірінде сословиелік бағынушылық пен сословиелік құрмет принциптері жатады. Дәстүрлі үстемдік етудің мұндай формасы аристократияның қалыптасуына алғышарттар жасап, белгілі бір дәрежеде монархтың билігін шектейтіндігін айтуға болады.

Легитимді үстемдік етудің дәстүрлі типінде, оның әсіресе, патриархалды формасында формалды құқықтардың рөлі өте төмен, сондықтан, «адамға құлақ аспастан» өз бетімен әрекет етудің мүмкіндігі жоқ. Біліктілік пен білімге қарағанда, бастыққа берілгендік пен адалдықтың маңызы жоғарырақ тұрады. Сол үшінде қызметтік сатымен биікке көтерілудің бірден-бір шарты жеке берілгендік болып табылады.

Легитимді үстемдік етудің үшінші түрі «харизматикалық» деген атау алды. Харизма ұғымының астарында (құдайдан берілген сый) М.Вебер кейбір адамдарға берілетін экстроординарлы қабілет, оны өз ортасынан ерекшелеп тұратын жеке қасиеттерін түсінді. Әлеуметтанушы харизматикалық қасиеттерге өз ортасына сиқырлап қойғандай ықпал ететін, рухы мен сөзі өткір, пайғамбарлық қабілет деп қарады.

Вебер бойынша өз заманының қаһармандары, ұлы қолбасшылар, сиқыршылар, пайғамбарлар, кемеңгер суретшілер, көрнекті саясаткерлер мен Будда, Иса және Мұхаммед (с.а.с) сияқты әлемдік діндердің негізін қалаушылар харизматикалық қасиеттерге ие болды. Легитимді үстемдік етудің харизматикалық түрі үшін бағынудың мүлдем басқа мотиві тән. Егер легитимділіктің дәстүрлі түрінде мотивация әдет-ғұрыпқа, мәңгілік және әдеттегідей нәрселерге байланғандық болса, ал легитимділіктің харизматикалық түрінде ол жаңа нәрселерге, әдеттегіден тыс нәрселерге деген адамдардың психикасына және санасына қатты ықпал ету болып саналады. Бұл жерде әңгіме әлеуметтік әрекет етудің аффективті типі туралы болып жатыр. Харизматикалық билік етушіге бағынушылықтың қайнаркөзі, оның бұйрықтарын орындауға дайын тұру, дәстүр мен заңдық нормалар болып табылмайды, керісінше, эмоционалды сезімдермен сол адамның харизмасына сену мен берілу болып табылады. Сондықтан М.Вебер харизматикалық басқарушы үнемі өзінің харизмалық қасиеттерін дәлелдемесе, ондай жағдайда оның билігі ауаға кетуі мүмкін екендігін жорамалдаған.

Легитимді үстемдік етудің заңды-рационалды және дәстүрлі түрінен харизматикалық тип нақты бір ережелер мен нормалардың жоқтығымен ерекшеленеді, мұндай жағдайда шешімдер иррационалды пиғылдармен қабылданады. Шынайы саяси практикада басшының харизмасы қандай да бір ерекше дарынмен байланысты болмауы да мүмкін. Ол жай ғана оның жақтаушылары мен ізінен ерушілердің оған сынмен қарамауы да болып табылады. Мұндай харизма көбіне жасанды демагогия мен популизмнің арқасында туындап жатады. Мұндай жасанды харизмамен билікке келген басшы көп уақыт өтпей өзінің соңынан ерген адамдардың утопиялық қалауларын жүзеге асыра алмауынан, берген уәдесін орындай алмауынан өз жақтастарын ренжітуі мүмкін. М.Веьер басшы өзінің харизмасын дәлелдей алмаса, билігін жоғалтатындығын атап өткен. Мұндай лидер үшін билікті сақтап қалудың күшке, репрессияға жүгінуден басқа жолы қалмайды. Аталмыш механизм «үшінші әлем» елдерінің көбінде авторитарлы диктатураны туындатты. Мұндай жағдайды посткеңестік кеңістікте де (Грузия Гамсахурдия кезеңінде) мысал ретінде көруге болады.

М. Вебердің легитимді үстемдік етудің типтері мен әлеуметтік әрекет етудің түрлерінің саны бірдей емес екендігін байқау қиын емес. Құндылықты-рационалды әлеуметтік әрекет етудің өзіне сай легитимді типі жоқ. Легитимділіктің қазіргі концепциялары аталмыш сәйкессіздікті қалыпқа келтірді.

Саяси ғылымның дамуы процесінде легитимділік туралы ойлар да дамып отырды. Легитимділіктің объектісі ретінде тек билік қана субстанция болып қарастырылған жоқ, сонымен қатар, оның институционалдылығы тұтас саяси жүйе түрінде көрініс тапты.


Дәурен Өмірәлі

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға