Макрон Франция үкіметінің отставкасын қабылдады
Енді президент Эмануэль Макрон жаңа премьер-министр іздеуі керек. Премьер-министр Мишель Барнье отставкаға кетті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Барнье министрлер кабинетін небары 90 күн басқарды.
Бүгін премьер-министр Мишель Барнье Республика Президентіне өз үкіметінің отставкасы туралы өтінішін тапсырды, оны президент қабылдады, – деп хабарлады Елисей сарайы.
Еске салсақ, 4 желтоқсанда Францияның Ұлттық жиналысы Барнье үкіметіне сенімсіздік вотумын жариялаған болатын.
Барньені парламенттегі әсіре оңшылдар мен солшылдар бюджетті қатаң үнемдеу саясатын жүргізгені үшін биліктен тайдырды. Алайда Еуропа Одағы Франциядан қыруар қарызын азайту үшін шығындарды қысқартуды талап етіп отыр. Франция үкіметі парламенттің сенімсіздік вотумымен отставкаға кетіп отыр. Бұл жағдай 1962 жылдан бері алғаш рет орын алды.