Жаңалықтар

Магистратураға түсуге арналған кешенді тестілеу басталды

Магистратураға түсуге арналған кешенді тестілеу басталды
Фото: ©El.kz/Арман МУХАТОВ 20.07.2024 16:41 704

Бүгін 20 шілдеде магистратураға түсуге арналған кешенді тестілеу басталды. Сынақ тапсырул 10 тамызға дейін жалғасады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ғылым және жоғары білім министрлігі кешенді тестілеуді тапсыруға өтініш қабылдау 1 маусым мен 8 шілде аралығында Ұлттық тестілеу орталығының сайтында app.testcenter.kz жүзеге асырылғанын атап өтті.

Биыл магистратураға түсуге арналған кешенді тестілеуге 42 мыңға жуық өтініш қабылданды. Ең көп таңдалған білім беру бағыттары қатарында «Педагогикалық ғылымдар», «Инженерлік, өңдеу және құрылыс салалары» және «Бизнес, басқару және құқық» бар.

Ғылыми-педагогикалық магистратураға түсу үшін кешенді тестілеу электрондық форматта өткізіледі және үш бөлімнен тұрады: шет тілі бойынша тест, оқуға дайындығын анықтауға арналған тест және білім беру бағдарламалары тобының бейіні бойынша тест. Барлығына 3 сағат 55 минут беріледі. Шекті балл – 75 балл.

Биыл бейінді магистратураға түсу ережелеріне өзгерістер енгізілді. Енді бейінді магистратураға түсуге ниетті үміткерлер «Оқуға дайындығын анықтауға арналған тест» бөлімінен босатылды. Осылайша, олар тек білім беру бағдарламалары тобының бейіні бойынша тест тапсырады. Шекті балл кемінде 30 балл, оның ішінде әрбір бейінді пән бойынша кемінде 7 балды құрайды. Сондай-ақ басшы лауазымында кемінде бес жыл өтілі бар немесе білім беру бағдарламасының бейініне сәйкес мамандығы бойынша кемінде 10 жыл еңбек өтілі бар тұлғалар бейінді магистратураға ақылы негізде әңгімелесу нәтижелері бойынша қабылданады.

Тестілеу нәтижелерімен келіспеген жағдайда онлайн-апелляция беруге болады. Тестіленуші емтихан аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде апелляцияға өтініш бере алады. Апелляция бес күн ішінде қарастырылады, одан соң сертификат оқуға түсушінің Жеке кабинетінде қолжетімді болады,-деп атап өтті министрліктен.

Еске салсақ, магистратурада оқу үшін 2024 жылы 13 мыңға жуық грант бөлінген. Кадрларды даярлауға арналған гранттар сұранысқа ие бағыттар бойынша бөлінеді. Грант конкурсына құжаттарды қабылдау 12-15 тамыз аралығында жүзеге асырылады, ал грант иегерлерінің тізімі 25 тамызға дейін жарияланады. Болашақ магистранттардың жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарына қабылдануы 28 тамызға дейін аяқталады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға