Жаңалықтар

Мадина Омарова: Қазақстанда «әдебиет – әдебиет үшін» қағидасы басым

Мадина Омарова: Қазақстанда «әдебиет – әдебиет үшін» қағидасы басым
Фото: Жеке мұрағаттан 28.07.2023 13:04 2298

Қазақ әдебиетіне этюдтік проазасымен, терең магиялық қатпарымен өзіндік үнін қосқан Мадина Омарованың шығармалары оқырман қауымға етене таныс. Белгілі сыншы Әлия Бөпежанова: «Мадинаның әңгімелері қысқа, кейде мүлдем қып-қысқа – миниатюра, этюд, суреттеме сияқты. Солай бола тұра көтерілетін мәселесінің тереңдігі мен өмірлік материалының ауқымдылығы жағынан алғанда өте салмақты болып келеді. Кең жайылып жатқан сюжет жоқтың қасы. Сюжеттің кең қанат жаймауынан ішкі бір үлкен қуат сезіледі. Жалпы М.Омарованың прозалық шығармаларының қай-қайсысында да анық та, көзге бірден ұрмайтын да драматизм бар» дейді.

Бүгінде драматургия саласында жемісті еңбек етіп жүрген қаламгердің «Көмбе нанның дәмі», «Коньяк қосылған кофе», «Қадір түні», «Менің қаһарман шөберем» атты көптеген пьесалары оқырманның сүйіп оқитын туындысына айналды. Жазушы, драматург Мадина Омаровамен бүгінгі әдебиеттің ауаны, магиялық реализм хақында El.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі сұхбет құрып еді.

– Әуелі сөз басын сіздің шығармашылығыңыздан бастасақ. Ұстазыңыз Таласбек Әсемқұлов кезінде әңгімелеріңізге арнайы тоқталып, «Қазақ әдебиетіндегі готикалық прозаның басы» деп еді. Таласбек аға жастар әдебиетін көзден таса қылмай, бағасын беріп отыратын. Ұстазыңыздың сол үмітін әдебиетке өзіндік үнімен келген сіздің буын ақтай алды ма?

– Талас ағаның шығармашылығы да тұнып тұрған магия. Ол кісінің «Талтүсінен» бастап, басқа да прозалық жұмыстарындағы, сценарийлеріндегі сюжеттерде негізгі оқиғаның өн бойын зерлеп, қойны-қонышын аралап тылсым дүние самалы есіп тұрады. Талас аға да дүниені магиялық ракурстан қабылдайтын. Бәлкім ол кісіге менің шығармашылығым осы тұрғыдан қызық болған шығар.

Әдебиеттегі менің қатарластарым Таласбек ағаның үмітін ақтады ма, жоқ па деген сауалға келсек, жалпы үшін жауап беру қиын, дегенмен ешкім ешкімнің үмітін ақтауға міндетті емес, бәріміз қолымыздан келгенше жұмыс істеп жатырмыз. Және оның нәтижесі туралы әлдене деу ерте, уақыт өткен сайын сапалы, жақсы коньяк мөлдірленіп, құны арта түседі, ал қазір дәмді кей ішімдік борсып түкке жарамсыз болып қалады. Кімнің кім екенін тек уақыт көрсетеді. Себебі тіршілікте «мың сіз-бізден бір шыж-быж» болып жүрген қай-қайсымыз да бір-бірімізді өкпеге де, ештеңеге де қимаймыз. Немесе медальдың екінші жағы – әлдебір эмоция жетегінде маньякқа айналып, барды жоқ деп бедірейіп қаламыз. Жеке ірі тұлғаның жауапкершіліксіз жасалған осындай кей бағалаулары көп жағдайда ұзақ уақыт қоғамдық пікір қалыптастырып, авторға ярлык ілінуіне негіз болады. Осы тектес адами факторларды ескере отырып, көпе-көрнеу дарынсыз дүние болмаса, таза шығармашылықтың шынайы бағасын өз заманында нақты беру мүмкін емес деп ойлаймын.

Орыстың Михаил Афанасьевич Булгаковын, немістің Эрнст Юнгерін қоспағанда, Латын Америка топырағы магиялық реализм бағытындағы жазушыларды «өсіріп шығарды» деген пікірлерді көзіміз көп шалады, егер осы пікірге келіссеңіз, жаңа бір әдеби дәуірдің бастамашысы һәм өкілі бола алатындай, Латын Америка несімен ұтты?

– Әлемдік мәдениетте латынамерикалық проза деген термин пайда болды. Ғаламшар олардың мифтерінен бастап, өмір салтын, тыныс-тіршілігін,өзіндік бет-бейнесін таныды, жақсы көрді, қабылдады, еліктеді, құрмет тұтты. Бұл – әлемдік аренадағы, бірінші кезекте, елдің беделі тұрғысынан үлкен жетістік болды. Әдебиеттің құдіретін осыдан-ақ біліңіз. Латын Америкасының осындай бейбіт экспансия стратегиясы Қазақстан тәрізді мемлекеттерге үлгі болуға тиіс деп ойлаймын. Үлкен ойындар барысында әдебиеттің саналарды билеу, өзгерту, жаулап алу үшін тамаша қару бола алатынын естен шығару қателік. Бірақ бұл айтыла-айтыла жауыр болған тақырып. Қазіргі Қазақстанда «әдебиет – әдебиет үшін» қағидасы жұмыс істеп тұр. Әйтеуір бір-бірімізді оқып, пікір айтып мәз боламыз; ал мемлекет үшін цирк жануарлары статусындамыз.

– Магиялық реализм әлемдік әдебиеттегі бірегей стиль. Осы әдеби мектептің бірден бір  өкілі болған Маркес, журналистерге берген бір сұхбатында: «Мен реалистпін, әрі сол магиялық реализмді ұната бермеймін, менің жазып жүргенімде ешқандай магия жоқ» дегені бар екен. Ал Маркестің «Жүз жылдық жалғыздығын» реалистік бағыттағы шығарма дей алмайтынымыз анық. Сіздің ойыңызша, магиялық реализм – реалистік бағыттағы дүниелерді бейнелеудің бір формасы ғана емес пе?

– Адам үшін не реалность (шынайы өмір) болып табылады, оның өмірінде сол жағдай орын алады деп ойлаймын. Әлемде қанша адам бар – соншама бірін бірі қайталамайтын реальность бар. Саудагерге өмір – сауда алаңы, ақынға – жыр алабы, мистикке – ғажайыптарды жүзеге асыратын орын, және т.б. Ал Маркестің реальності – сол «Жүз жылдық жалғыздықтағы» әлем. Ол басқа өмірді білмейді. Жазушының бұл жауабын мен тек субъективті түрде осылай сараптай аламын. Иса пайғамбардың «По вере вашей да будет вам» (Мф.9:29) деген сөзі осы жағдайды меңзесе керек.

– Магиялық реализм деген осы жанр қазақ қаламгерлері үшін жат болмас еді, оның сіңісті болуына тотариталдық жүйе кедергі болды ма? Қазақ әдебиетінде бұл ағым қалай өркен жайды?

– Дүниені магиялық қабылдау – жалпы адамзатқа тән. Тұрмыстық ырым-тыйымдар, ұлттың өзіне тән салт-дәстүрлері – барлығы осы ойлау жүйесінің жемісі. Былайша айтқанда, магия – біздің тіршілігіміздің ажырамас бөлігі. Оның бізбен тұтасып кеткендігі соншама – көп адамдар өздерін атеист немесе әсіре діншіл есептеп, ырым-жырымдарға сенбейтініне иландырғысы келсе де, әдеттегі өмірінде қаншама магиялық ритуалдар жасайтындарын өздері де байқамайды. Жалпы адамның өзі – магия жемісі. Осындай нәрсенің әдебиетте (жалпы өнерде, мәдениетте) көрініс табуы – заңды. Қазақ әдебиетінде де солай. Иә, рас, кеңес заманынының идеологиясы бізді «құдайға да, шайтанға да сенбеуге» мәжбүрледі. Сырттай сондай болып көрінгенмен, ол идеологияны шынымен жүз пайыз ұстанғандар болғанына күмәнданамын. Және ол, сөз жоқ, әдеби туындылардың мазмұнына да әсер етті, соның ішінде қазақ әдебиетіне де. Бірақ кеңес жылдардағы қазақ әдебиетінің тұралап қалуына себеп – магиялық реализмге салынған тыйым емес, репрессия. Бүкілі кетті емес пе. Содан енді ес жия бастадық десек, қателеспеспіз.

Қазіргі таңда көп жазушының жекелеген шығармасында болмаса тұтас шығармашылығы магиялық қатпарға құрылған жазушы сирек сияқты көрінеді. Сіз кімдердің шығармаларын арнайы атап өтер едіңіз?

– Бізде жақында қызық бір эксперимент болды. Әдебиетте белсенді болып жүрген Зәуре Төрехан есімді қыз бала бар. Өзі жазушы,  көптеген жобалардың авторы. Сол кісінің бастамасымен отыз шақты қаламгер жиналып, бәріміз бір-бір жаңа әңгіме жазып, мистикалық жинақ шығару жайлы шешім қабылдадық. Тамаша идея, ондай жинақ оқырман тарапынан үлкен сұранысқа ие болары сөзсіз (бірақ демеуші табылмай жинақ шықпай қалды білуімше). Кітап құрастырылып болған соң қарап отырсам, бізде хоррор жанрында жазатын қаламгерлер көп екен. Хоррор – қалай болғанда да оқушыны үрейлендіруді ғана мақсат етеді. Қарабайыр жолмен, әйтеуір қорқытса болды. Ал магиялық (мистикалық) проза – одан анағұрлым нәзік өнер, философиялық иірімдері, лирикасы, сұлулығы, ауқымдылығы мүлде өзгеше, поэзияға жақын. Оған шынымен Құдай жазушы етіп жаратқандар ғана бара алады. Милорад Павич, Гоголь («Шинельдің» өзі неге тұрады), Борхес, Маркес, Булгаков, т.б. шығармашылығын қараңыз. Сондықтан кез келген әдебиетте магиялық реализмді шынымен игерген қаламгерлердің жоққа жақын болуы заңды. Қазақ әдебиетінде осы бағытта жазуға талаптанып жүргендер (арасында өзім де бармын) ғана бар деуге болады.

Ұстазыңыз Т.Әсемқұлов Асқар Сүлейменов туралы керемет эссесінде: «Қазақтың ұлттық романы табиғи жолмен біздің ұлы эпосымыздан өсіп шығуы керек еді, - деді Асекең» дейді. Одан бері де бір қауым уақыт өтіпті. Асекеңдер көксеген ұлттық роман жазылды ма?

– Қалғандарын білмеймін, «Алпамыс», «Қобыланды», «Қыз Жібек» – осы үш эпос өлеңмен жазылған нағыз романдар ғой.

Егер сөз заманауи авторлар туралы болып отырса, әрине, «Моби Дик» тәрізді кең эпостық тыныспен жазылған роман – нағыз қазақтың өзіндей болмысқа ие болар еді.  Мен ол романның энергиясын, құнарын, иісін осы сөздерді жазып отырып-ақ сезінемін. Және, әрине, сөзсіз жазылады. Әлихан Жақсылық тәрізді жігіттерде потенциал бар. Тек оларға сайын даланың адал жауынгері бола білу керек. Ол романды жазамын деген жазушы өз рухын осы бағытта жаттықтыруы (тәрбиелеуі) керек.

– Сіз соңғы жылдары драматургия саласында өнімді жұмыс істеп жатырсыз. Драмаларыңыз туралы сыншы Әлия Бөпежанованың да талғампаз пікірін оқыдық. Сізді жаңа драма өкілі деп бағалайды. Қазіргі драматургияның тыныс-тіршілігі қалай?

– Бастысы, қазақ драматургиясы бар, өзінің заңды ретімен дамып, өсіп келеді. «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы, Сонда да солардың бар таңдамасы» демекші, әрине, барлық саладағыдай драматург мамандардың да деңгейі әртүрлі. Драмалық шығарманың табиғатын түсінбей жазатындар көп. «Неге менің пьесам қойылмайды» деп байбалам тудыратын да солар. Кейбіреулер техникалық тұрғыдан түсінгенмен, ішкі тынысы, ауқымдылығы жетпей, мазмұндық, идеялық тұрғыдан шала-жансар дүние беріп жатады. Негізі сапалы пьеса деген жазу дарыны мен теорияны шебер меңгерудің қосындысы ғой. Қазіргі сәтте осының бірі болса бірі жоқ жағдай орын алған. Және, әрине, өткінші кезең. Бұл жанрда қалам тартуға жастар тарапынан ықылас, ниет мол. Меніңше, олар қазіргі технологиялық мүмкіндіктерді пайдалана отырып, бұл олқылықты тез шешіп тастайды.

Жастар әдебиетін, бет алған бағытын қадағалап отырасыз ба?

– Иә, әрине. Драматургия саласында еңбек етіп жатқан жастардың шығармаларын үнемі оқып отырамын. Жас прозашыларға қатысты дәл сондай сергекпін деп айта алмаймын, бірақ интернеттен немесе газет-журналардан жастардың прозалық туындыларын кездестіргенде үлкен қызығушылықпен оқимын. Авторын танысам, жылы лебізімді білдіріп қоюға тырысамын.

Бәріміз де тірсегі дірілдеп, аяғын тәлтіректей басатын құлындай үлкен әдебиеттің төсін түйсікпен түртпектеп келдік, бізді қозғалтып тұрған күш – өмірге (жазу біз үшін өмір дегенде) құштарлық еді, сол кезде балғын шимай-шатпағымыздан әлдене танып, үміт сыйлаған аға-апаларымыздың жанашыр қамқорлығы таң қалдырады.  Сонымен бірге жасың ұлғайған сайын ол қамқорлықтың үлгі, тәрбие болғанын, және саған эстафеталық жалауша тәрізді тапсырылғанын ұғасың.

Адам баласы өзінің сәбиін немесе қандас бауырын – шұнақ, соқыр, мылқау, өңсіз деп қоқысқа апарып тастамайды ғой. Сол тәрізді әдебиетте де жанашырлық, өзара төзімді болу маңызды. Қазақ – аз ұлт, сондықтан бір-бірімізді бағалайық,  бір-бірімізді оттегінен ажыратпайық дегім келеді.

Әңгімеңізге рақмет! Шығармашылық табыс тілеймін.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға