Жаңалықтар

Мәдина Хұсайынның «Қағазда қалған қалам ізі» атты көрмесі өтті

Мәдина Хұсайынның «Қағазда қалған қалам ізі» атты көрмесі өтті
Фото: ©El.kz/Артем ЧУРСИНОВ 23.06.2023 11:23 1732

Астанадағы «Хан-шатыр» ойын-сауық орталығында каллиграф Мәдина Хұсайынның «Қағазда қалған қалам ізі» атты алғашқы көрмесі өтті. Бөгенайы бөлек көрмені Юнус Эмре атындағы түрік мәдени орталығы ұйымдастырған.

Көрмеге Мәдина Хұсайынның «Қылыш», «Ғалам», «Қызғалдақ», «Таразы», «Махаббат», «Кеме», «Жарты Ай», «Құмыра», «Кемшіліксіз», «Көңіл гүлі»  секілді 30-ға жуық композициясы қойылған. Құснихаттың мәтінінде құран аяттары мен Аллаға мадақ сөздер жазылған.

Мәдина Хұсайынның «Қағазда қалған қалам ізі» атты көрмесі өтті

Салтанатты шараның беташар сөзін Түркияның Қазақстандағы елшісі Мустафа Капуджу мырза сөйлеп, Мәдина Хұсайынның шығармашылығына толағай табыс тіледі.

Мәдина Хұсайынның «Қағазда қалған қалам ізі» атты көрмесі өтті

Шығыстың сазды әуені есіп тұрған көрмені тамашалаған жұртшылықтың қарасы қою болды. Мәдина Хұсайынның өнеріне оң бағасын беріп, таңырқап тамашалады. Қазіргі таңда қазақ топырағында кенже қалып кеткен каллиграфия өнеріне деген әуестік пен қызығушылық артып келеді.

Құсынихат – сиясы оңайлықпен өшпейтін қаламмен сызылатын, қағазға бір түскенді түзетуге келмейтін көркем жазу өнері. Жастайынан өнерге әуес болып өскен Арқалық қаласының тұрғыны Мәдина Хұсайынның құснихатты үйреніп, айналыса бастағанына үш жылдың жүзі болған. Осы уақыттың ішінде үлкен ізденіс, қайтпас табандылығының арқасында көркем жазуды кемел меңгеруге тырысқан. 200-ге жуық төл туындысы бар.

Мәдина Хұсайынның «Қағазда қалған қалам ізі» атты көрмесі өтті

Мәдина Хұсайын көрмеден кейінгі өз әсерімен бөлісіп, халықтың ыстық ықыласына алғысын білдірді.

Мәдина Хұсайынның «Қағазда қалған қалам ізі» атты көрмесі өтті

Көп рақмет! Бұл менің алғашқы көрмем. Осы көрмеге 30-ға жуық туындыларым қойылды. Көбі өзімнің авторлық туындыларым. Ислам каллиграфиясының бірнеше түрі болады. Бұл – көне тарихи стиль және заманауи стиль. Көне тарихи стилде жазып үйрену үшін міндетті түрде рұқсаты бар ұстаздың жанында үйрену керек. Әр нүктесіне дейін қадағалап тексеріп отырады. Біздің елде ондай оқу орны мен ұстаз жоқ. Сондықтан мен ізденіс үстінде жүргенімде ресейлік каллиграф Алекссей Гориннен дәріс алдым. Құснихаттың көне тарихи түрін көбінесе Түркияда үйретеді екен. Мен осы түрік еліндегі үздік құснихат шеберлерінен сабақ алсам деген арманымнан айныған емеспін. Қазіргі таңда заманауи көркем стилде жазып жүрмін. Менен үйретесіз ба деп сұрап жатқан адамдар өте көп. Өзімнің стилімді шығарып, өнерімді ары қарай дамытамын, – деді каллиграф Мәдина Хұсайын.

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Гүлдара Нұрымова бұл көрменің ерекшелігіне тоқталып, өзінің қуанышымен бөлісті.

Мәдина Хұсайынның «Қағазда қалған қалам ізі» атты көрмесі өтті

Біздің жастар осындай көрме ұйымдастырып жатқанына өте қуаныштымын. Қолдап-қуаттап, мүмкіндік сыйлаған Түрік елшісіне үлкен рақмет! Бізде талантты жастар өте көп. Соларға кішкене ғана қолдау көрсетсек ары қарай өнерін жетілдіріп кетеді. Бүгінгі көрме соның дәлелі. Каллиграфия өнерін дамыту керек, жас ұрпаққа үйрету қажет. Осындай көрмеге балалар қатысса шабыт алады, қызығушылығы оянады. Бүгінгі керемет шарадан жақсы әсер алып, қуанышқа бөлендім. Енді біз Президентіміз осы жолғы құрылтайда айтқандай ұлттық құндылықтарға бағыттап көбірек жұмыс жасауымыз керек, – дейді Мәжіліс депутаты.

Көрмеге алыс-жуықтан келген көрермендермен қатар шетелдік меймандардың да қарасы көп. Сонымен қатар өнердің ыстығына күйіп, суығына тоңып жүрген қыл қалам шеберлері де келген. Соның бірі суретші Қайрат Жайырбекұлы жас каллиграфтың өнеріне бағасын берді.

Мәдина Хұсайынның «Қағазда қалған қалам ізі» атты көрмесі өтті

Мәдина қарындасымыздың құснихат көрмесін көріп жақсы әсер алып жатырмыз. Ислам өркениетінде бұл шығыстық бекзат өнері деп аталады. Құснихат – ислам әлемінде бөлек өнер жанры. Каллиграфияның 20-ға жуық жазу үлгісі бар. Диуани, рухи, тәлліх, сұлс, райхани, кофи, шекесте, жәлли жазу үлгісі болып кете береді. Мәдина қарындасымыздың жазған түрі сұлс жазуы мен райхани жазу үлгісінің ортасындағы араласпа үлгілерге келеді екен. Мазмұны – Аллаға мадақ. Дінни бағытта жазылған көркем шығармалар. Қарындасымызға ақжол тілейміз, – дейді суретші Қайрат Жайырбекұл.

Көрменің соңын ала Мәдина Хұсайынның хұснихат өнерінен шағын шеберлік сабағы өтті.

Мәдина Хұсайынның «Қағазда қалған қалам ізі» атты көрмесі өтті

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға