©El.kz/Амангүл Тілейқызы

«Мәдениетсіздіктің көрінісі»: Елнұр Бейсенбаев ЛГБТ-ға қатысты пікір білдірді

Парламент отырысынан кейін кулуарда Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев қоғамда қызу талқыланып жатқан ЛГБТ тақырыбына қатысты өз пікірін білдірді, деп хабарлайды El.kz интернет порталының тілшісі.

Депутаттың айтуынша, қоғамдағы кез келген қарым-қатынасты тек заң арқылы реттеу жеткіліксіз, азаматтардың өзінде ішкі мәдениет пен жауапкершілік болуы тиіс.

Бұл мәдениетсіздіктің бір көрінісі деп ойлаймын. Барлық нәрсені заңмен шектеудің қажеті жоқ. Әр азаматтың ішкі мәдениеті, ұяты, ар-ожданы болуы керек. Адам не істеп, не істеуге болмайтынын өзі сезінуі қажет. Бұл – кез келген заңнан биік құндылық, – деді Елнұр Бейсенбаев.

Сонымен бірге депутат бір жынысты қатынастарды насихаттауға немесе дәріптеуге заң жүзінде нақты шектеулер енгізілетінін айтты.

Егер бір жынысты қарым-қатынасты насихаттау, оны әлеуметтік желіде бөлісу немесе соған итермелейтін ақпарат таратылса, ол заң бұзушылық болып саналады. Мұндай контент анықталған жағдайда, тиісті министрліктер мен уәкілетті органдар әлеуметтік желідегі материалдарды бұғаттап, заң аясында шара қолданады, – деді депутат.

Бейсенбаевтың айтуынша, бұл тыйымдар – балаларды қорғау жөніндегі заң жобасына енгізілген негізгі нормалардың бірі.

Дәстүрлі емес жыныстық қатынастарды, педофилияны насихаттауға немесе соған итермелейтін ақпарат таратуға тыйым салынады. Себебі мұндай контент балалардың психикасына зиян келтіреді, – деді ол.

Депутат бұл шешім Қазақстанға ғана тән емес екенін, халықаралық тәжірибеде де мұндай шектеулер бар екенін атап өтті.

Бұл – Қазақстанның ғана емес, халықаралық деңгейде мойындалған ұстаным. Біріккен Ұлттар Ұйымының конвенцияларында және Женева декларациясында да балаларды зиянды ақпараттан қорғау талаптары бар. Мұндай нормалар Венгрия, Польша, Ресей, Литва, Қырғызстан сияқты елдерде қабылданған. Тіпті АҚШ президенті Дональд Трамп та осындай позицияны ұстанған, ал Жоғарғы сот оның шешімін заңды деп таныды, – деді Елнұр Бейсенбаев.