Жаңалықтар

Мәдениет саласының қызметкерлері қосымша төлем алады

Мәдениет саласының қызметкерлері қосымша төлем алады
Фото: ©El.kz/Жалғасбек ТОҚТАМЫСОВ 31.05.2023 09:15 1087

Қазақстанда балет, би ансамбльдерінің, мемлекеттік цирк артистері мен үрмелі аспаптар оркестрлерінің музыканттары ай сайын әлеуметтік көмек алады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бұл туралы Жамбыл облысының тұрғындарымен есеп беру кездесуінде мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов айтты.

Орташа айлық еңбекақының 60 пайызы мөлшеріндегі арнайы ақшалай төлемді кемінде 20 жылдық кәсіби еңбек өтілі бар, кәсіби қызметін тоқтатқан сала ардагерлері алуға құқылы. Қазіргі уақытта елімізде осы санаттағы артистердің саны – шамамен 200 адам.
 
Арнайы көмекті тағайындау мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен сала қызметкерлерін әлеуметтік жағынан қорғау және қолдау мақсатында заң жобасына өзгетулер мен толықтырулар енгізудің нәтижесінде іске асты.
 
Аталған мамандардың жұмысы денсаулық пен өмірге қауіп төндірумен байланысты екенін айта кету керек. Олар тұрақты физикалық және психологиялық жүктеме жағдайында жұмыс істейді.
Осы жайында салалық кәсіподақ жиындарында, азаматтарды қабылдау кезінде, сондай-ақ халықпен кездесулер барысында да жиі айтылып келді. Белгілі бір жасқа жеткенде, физиологиялық және эстетикалық сипаттағы ерекшеліктерге байланысты көптеген артистер зейнеткерлік жасты күтпестен кәсіптен кетеді. Себебі, 20-25 жылдық кәсіби қызметтен кейін көп жағдайда кәсіби ауруларға ұшырайды. Осыған байланысты министрлік сала ардагерлерін әлеуметтік тұрғыдан қорғау мақсатында ай сайынғы арнайы көмек тағайындады, - деді мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов.
Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға