Жаңалықтар

Мәдениет қызметкерлеріне пәтер сертификаттары табысталды

Мәдениет қызметкерлеріне пәтер сертификаттары табысталды
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі 25.10.2024 21:37 428

Республика күні Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Астанада мәдениет саласының қызметкерлеріне пәтер сертификаттары салтанатты түрде табысталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Жаңа қоныс иелеріне баспана сертификаттарын табыстаған Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева оларды құттықтап, өз сөзінде мемлекет азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше көңіл бөлетінін атап өтті.

Президенттің басшылығымен тек тұрғын үй саласы ғана емес, әлеуметтік саясаттың басқа да бағыттары қарқынды дамып келеді. Адал еңбек еткен азамат мемлекет пен қоғамның қолдауын әрқашан сезінетіндей жағдайлар жасалып жатыр. Мәселен, 2021 жылдан бастап азаматтар зейнетақы жинақтарын пайдаланып, тұрғын үй сатып алуға мүмкіндік алды. Осы уақыт ішінде 2 миллионға жуық қазақстандық бұл мүмкіндікті пайдаланды. Сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үй көлемі айтарлықтай артты. Үкімет мұндай тұрғын үй көлемін төрт есе арттыруды жоспарлап отыр. Өткен жылы Қазақстан Президентінің атынан бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлеріне 65 пәтердің кілті табысталған болатын. Биыл бұл бастама жалғасын тауып, 67 жаңа пәтер берілді. Бүгінгі мәдениет саласы қызметкерлеріне пәтер сертификаттарын тапсыру – Мемлекет басшысы саясатының заңды жалғасы. Мәдениет саласы – қоғам дамуының маңызды элементі, сондықтан ол мемлекеттің назарында болады. Сіздерге жаңа үйде береке-бірлік, денсаулық және бақыт тілеймін, – деді министр.

Ведомство мәліметінше, негізінен пәтер иегерлері – ерекше қажеттіліктері бар қызметкерлер, мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, көпбалалы отбасылар, сондай-ақ жалғызбасты аналар.

Жаңа пәтерге ие болған жандардың бірі – Самал Әжмұратова. Ол – 5 баланы тәрбиелеп отырған көпбалалы ана. Қазақ ұлттық өнер университетінде 16 жылдан бері педагог болып жұмыс істейді.

Бүгін менің отбасым үшін жаңа бір кезеңнің бастауы, өйткені біздің өз үйіміз болған жоқ. Пәтер алуға көмектескендерге шын жүректен алғысымды білдіремін. Мұндай бастама – өз елінің игілігі үшін еңбек етіп жүрген қызметкерлерге үлкен қолдау, – деді баспана иесі Самал Әжмұратова.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға