Жаңалықтар

Мәдениет министрлігі архив ғимаратының үлгілік жобалау-сметалық құжаттамасын әзірледі

Мәдениет министрлігі архив ғимаратының үлгілік жобалау-сметалық құжаттамасын әзірледі
Фото: gov.kz 21.06.2023 04:38 979

Мәдениет және спорт министрлігі Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен бірлесіп 200 мың бірлікке арналған архив ғимаратын салу үшін үлгілік жобалау-сметалық құжаттама әзірледі, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

ЖСҚ дайын құрылыс жобаларының тізіліміне қосылды. Нәтижесінде әрбір өңір жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуге жұмсалатын 30 млн теңгеге дейін үнемдеп, архив ғимаратын салу мүмкіндігіне ие болды.

Айта кету керек, архив ғимаратын салу, жөндеу және қайта жабдықтау жұмыстары әкімдіктердің құзыретіне кіреді. Келесі кезекте министрлік 500 мың бірлікке арналған үлгілік жобалау-сметалық құжаттама әзірлеу үшін тиісті мемлекеттік органдармен жұмысты пысықтап жатыр.

Қазір мемлекеттік архив қоймалары 92,2%-ға толы. Осыған байланысты министрлік әкімдіктерді өңірлерде архив ғимаратын салуға белсенді ынталандырып отыр.

«Мемлекеттік архив ғимаратын салу еліміздің мол тарихи-мәдени мұрасын кейінгі ұрпаққа сақтап, жеткізуде бірінші кезектегі міндет. Сондықтан министрлік бұл мәселені жіті бақылауда ұстап отыр. Бүгінде бірқатар өңірлерде архив құрылысына жер бөлініп, дайындық жұмыстары басталып кетті. Дайын жобалау-сметалық құжаттама - қаржы үнемдей отырып, құрылысты бастауға серпін береді»,- деді Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға