Жаңалықтар

Мәдениет мәресінде алда боламыз десек...

Мәдениет мәресінде алда боламыз десек...
Фото: t.me/aqorda_resmi 21.05.2024 20:43 612

Адамзат тарихы мәдениетпен қашанда байланыста. Адамды адам ретінде танытатын да оның білімі, өнері, мәдениеті болса керек. Әр халық өз мәдениетімен өркениет көшіне ілесіп келеді. Қазақ жұрты да өзінің бай мәдениетімен, өшпес өнерімен әлем тарихында айырықша орынға ие. Отандық мәдениет пен өнердің дамуына, рухани байлығымыздың еселене түсуіне мәдениет қызметкерлерінің, өнер иелерінің өлшеусіз үлес қосып жатқанын айтпасқа болмас.  Бұл ретте 2013 жылдан бері Президент жарлығына сәйкес елімізде 21 мамыр күні мәдениет пен өнер қызметкерлері күні атап өтіліп келеді.  Яғни, бүгін ерекше күн.  

 

Атаулы күнге орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та,  Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева да мәдениет және өнер саласында еңбек етіп жүрген қызметкерлерді кәсіби мерекесімен құттықтады. Осы уақытқа дейінгі атқарылған іс-шараларға баға беріліп, болашаққа жоспарлар да айтылмай қалмады. Біршама өнер және мәдениет қызметкерлері түрлі марапаттармен марапатталды. Аида Балаева саланың үздік 50 өкіліне «Еңбек ардагері», «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісін, грамоталар мен алғыс хаттар табыс етті. Жалпы, кәсіби мереке құрметіне Мәдениет және ақпарат министрлігінің ведомстволық наградалары саланың 1500 қызметкеріне табысталды.

 

Мәдениет саласында ілкімді істер ілгерілеп келеді

Өткен жылы Мемлекет басшысының тапсырмасымен  Мәдени саясаттың 2029 жылға дейінгі тұжырымдамасын қабылданған болатын. Бүгінде мемлекет осы маңызды саланың инфрақұрылымын жан-жақты дамытуға баса мән беріліп, тек соңғы үш жылда ел аумағында 700-ден астам ғимаратқа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 168 жаңа нысан салынған екен. Сондай-ақ, мәдениет және өнер мекемелерін жабдықтау деңгейі біртіндеп жақсарып келеді. Соңғы отыз жылда алғаш рет бейінді оқу орындары мен мемлекеттік концерт ұйымдарына музыкалық аспаптар сатып алуға бюджеттен қаржы бөлінген. Ал Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының ғимараты жақында толықтай қайта жаңғыртылып, жұмыс аталған өнер орталығының 100 жылдық мерейтойына орай, яғни 2026 жылы аяқталатын болады.

Өткен жылы Президент жарлығымен Қ. Қуанышбаев атындағы академиялық қазақ музыкалық-драма театры мен «Әзірет Сұлтан» тарихи-мәдени музей-қорығына «Ұлттық» мәртебе берілді. Бұл шешім өнер ұжымдарының шығармашылық өрісін кеңейтіп, олардың кәсіби тұрғыда шыңдала түсуіне жол ашты. Осы бағыттағы жұмыс биыл да жалғасатынын айтқан Мемлекет басшысы бұл жоғары мәртебені тағы үш жетекші музейге, атап айтқанда Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейіне, Орталық мемлекеттік музейі мен Ұлттық музейге берілетінін айтты. Аталған музейлер ондаған жылдар бойы өздерінің ағартушылық миссиясынан таймай, ауқымды жұмыс атқарып келе жатқанын атап өткен жөн.

Сонымен қатар «Мәдениетаралық және этносаралық бірлікті нығайту бағытында мәдениет пен өнер саласындағы үздік жұмыстар мен туындылар үшін» сыйлығы тағайындалды. 2023 жылы мемлекеттік қолдаумен түсірілген 18 фильмнің өндірісі аяқталып, 19 жаңа киножоба жасалды. «Қазақанимация» шығармашылық бірлестігі аясында 12 қазақстандық студент пен маман Анкара, Ыстанбұл және Краковтағы анимация студияларында оқыды.

Бүгінде елімізде 8 мыңға жуық мәдениет ошағы бар болса, онда 64 000-нан астам қызметкер жұмыс істейді. Оның ішінде театр, музей, кітапхана, концерттік ұйымдар, өнер галереялары мен басқа да көптеген мекемелерді ерекше атап өтуге болады. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша мәдениет саласындағы қызметкерлердің жалақысы 2023 жылы 2021 жылғы деңгейден 45% өскен.

Биыл 11 жылда алғаш рет материалдық емес мәдени мұраның ұлттық тізімі жаңартылды. Бұл тізімге қосымша 75 элемент енгізіліпті. Соынмен қатар соңғы 30 жылда алғаш рет «Халық әртісі» құрметті атағы тағайындалып, 8 мәдениет қайраткеріне берілді. Еліміздің және шет мемлекеттердің азаматтарына мәдениетаралық және ұлтаралық қатынасты нығайту мақсатында «Мәдениетаралық және этносаралық бірлікті нығайту бағытында мәдениет пен өнер саласындағы үздік жұмыстар мен туындылар үшін» сыйлығы тағайындалды.

Биыл 8 республикалық мәдениет және өнер ұйымы өз  мерейтойларын атап өтуде. Мәселен, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрі, Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» Ұлттық киностудиясы, Қазақстандағы тұңғыш Абай атындағы Мемлекеттік республикалық ұлттық опера және балет театры, әлемдегі жалғыз Қ. Қожамияров атындағы академиялық ұйғыр музыкалық комедия театры, сондай-ақ Александр Селезнев атындағы Алматы хореографиялық училищесіне  90 жыл толса, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы 80 жылдық мерейтойын, Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық мамандандырылған музыкалық мектеп-интернаты 60 жылдығын атап өтеді. Сондай-ақ Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінің құрылғанына биыл 10 жыл толып отыр.

 

Әлем кеңістігіндегі қазақ мәдениеті

Әлемге алғаш атқа мінуді үйреткен, өркениеттің алғашқы үлгілерін сыйлап, мәдениетімен танылған түркі жұртының бүгінгі ұрпағы – қазақ жұрты ежелден-ақ мәдениет маңызын жете түсінген. Соңғы уақытта әлем жұртшылығы қазақ мәдениетімен етене танысып, өнеріне тәнті болып келеді. Бұған елімізден шыққан таланты тас жарған тарландар мен спорт жұлдыздарының да әсері мол.

1936 жылы Мәскеуде өткен Қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігінің өтуі – халқымыздың мәдени кеңістігінде айырықша орны бар оқиға болды. Қазақ өнерінің Одақ көлемінде танылып, зор баға алуына аталмыш декада үлкен үлес қосқанын айта кеткеніміз жөн. Бұл шараға сол кезде ғасыр жасаған ақын, жырау Жамбылдан бастап, қазақтың сахна тарландары Шара Жиенқұлова, Күләш Байсейітова, Евгений Брусиловский, Құрманбек Жандарбеков, Қанабек Байсейітовтер қатысты. Бұл мәдени шара қазақ халқын одақ көлемінде танытып, ұлттық өнерімізді паш еткен зор оқиға ретінде тарих бетіне қатталды. Осындағы 10 күндік жайлы филология ғылымдарының докторы, марқұм Тұрсынбек Кәкішев: «Голощекин тұсында алапат аштыққа ұшырап, халқымыздың жартысына жуығынан өлідей – бір, тірідей – екі айырылып қалған халықпыз. Арып-ашқан халықтың еңсесін тіктеу, рухын көтеру Голощекиннен кейінгі басшының мойнына жүктелді… Халық материалдық жағынан түрлі қиыншылықтарға ұшырап жатса да, қазақтың әдебиетін, мәдениетін, өнерін Одақ көлемінде насихаттау – рухани бай ел екенімізді паш етті», деген екен.

Тәуелсіздік алған тұста өшкеніміз қайта тұтанып, мәдениетіміздің жаңа дәуірі басталды. Мәселен еліміздің тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен 2000 жыл – мәдениетті қолдау жылы болып жарияланды. Мәдениетті қолдау жылы аясында әбден тозығы жеткен кітапханалар мен мәдени ошақтар қайта салынды. Сол жылдары-ақ театрлар саны артып, 2 опера және балет театры, 33 драма театр, төрт музыкалық комедия театры, бес қуыршақ, 73 тұрақты және 266 көшпелі кинотеатрлар жұмыс істеді. 2000 жылдың аяғына Қазақстан бойынша 48 театр, 62 концерттік ұйымдар, 3529 кітапхана, 154 мемлекеттік мұражай, 2259 клуб типтес мекеме, сегіз мәдени-тарихи қорық-мұражайлар, 42 демалыс саябағы мен луна-парк, төрт хайуанаттар бағы есептелінді.

Ал 2004 жылы Н.Назарбаевтың Жарлығымен «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы – мәдени, экономикалық және әлеуметтік капитал, жалпы адамзаттық мәдениеттің құрылымдық бөлігі, этнос, қоғам, адам парасатының дамуы мен құрылуының бастауы, тарихи естеліктердің маңызды қоймасын жасау және қорғау бағдарламасы болды. Бұл бағдарлама аясында көптеген игілікті істер атқарылды.

Ұлт өнерін дамыту жолында көптеген  өнер және мәдениет қайраткерлері зор еңбек сіңірді. Мәселен, Бибігүл Төлегенова, Нұрғиса Тілендиев, Роза Бағланова, «Дос-Мұқасан» тобы, әнші Роза Рымбаева, Әлібек Дінішев, Ермек Серкебаев сияқты өнер майталмандары еліміздің мақтанышына айналса, бұл сүрлеуді соқпаққа айналдырған бүгінгі өнер иелері де аз емес. Мәселен  әнші Димаш Құдайберген өзінің аса ерекше талантының арқасында қазақ ән өнерін әлем сахнасына алып шығып, ел иммиджін асқақтатты. Ал жас диджей Иманбек Зейкенов Американың Ұлттық өнер академиясының «Грэмми» сыйлығын жеңіп алуы қазіргі таңдағы еліміздегі мәдениет пен өнердің даму үстінде екендігін көрсетіп отыр. Өзге де әнші өнерпаздардың әні республикамыздан тыс халықаралық деңгейде де көптеп танылуда. Бір ғана мысал, көпке "Жүрек" әнімен танылған Adam лақапатымен таныс Фарух Мирхида атты қазақстандық әнші туындысына түсірілген клипті 5 миллиард адам көріп, әлем бойынша 4,5 миллион адам видеоклип түсірген. Әншінің хит туындысы әлемнің 67 мемлекетінде тыңдалған. Бұдан өзге әншілерімізді шетелдік арналар бағдарламараныа жиі қонақ етуде. Ресейлік жүргізуші Андрей Малахов жүргізетін «Привет, Андрей» бағдарламасына оннан аса әншілеріміз қонақ болып, посткеңестік мемлекеттерде танымалдылыққа ие болуда.

Креативті индустрия

Мәдени жетістіктер қоғам дамуының бір көрінісі екені шын. Жаһандық бәсекеге қабілетті болу үшін мәдениетімізді заманауи тұрғыда қалыптастыра білу де артықтық етпейді. Тек қалыптасқан мәдениетімізді ғана емес, қазір жүріп жатқан, іргесі қаланып жатқан жаңа мәдениетті ұсыну – уақыт талабы болып отыр. Бұл ретте креативті индустрияның алатын орыны ерек болмақ. Мемлекет басшысы бұған ерекше назар аударып, Қазақстанда креативті индустрия саласындағы экономиканы дамытуға жағдай жасауға назар аудару керектігін де жиі айтып келеді. «Креативті индустрия нысандарының өндірістік процестегі ерекшеліктері оларға кәсіпкерлікті қолдау бағдарламаларына толық қатысуға, қаржы тартуға мүмкіндік бермейді. «Креатив иелерін» қолдау шараларының жеке пакетін әзірлеу қажет деп санаймын», – деген еді президент. 

Ұлттық статистика бюросының мәлі­метіне сүйенсек, бүгінде 133 мыңнан астам адам креативті индустрия сала­сын­да жұмыс істейді. Сонымен қатар 39 564 шағын және орта бизнес тіркел­ген. Қазақстанда креативті индустрия орталықтары үш ірі қалада – Астана, Алматы, Шымкентте шоғырланған. Креативті индустриялар саласында жұмыспен қамтылғандар саны бойынша Алматы қаласы (28 437 адам), Астана қаласы (27 050 адам), Қарағанды облысы (8 297 адам), Шығыс Қазақстан облысы (7 953 адам), Шымкент қаласы (6 373 адам) бес өңір көш бастап тұр. Таланттарды танытатын орталықтарды әр облыс, әр қалада ашу жөніндегі президент тапсырмасын орындау бағытында жұмыстар атқарылып келеді.  Бұл ретте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет және білім мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы әзірленгенін атап өткеніміз жөн. Құжатқа бірнеше түзету енгізілген. Оның ішінде креативті индустрия саласында уәкілетті және жергілікті атқарушы органдардың құзыреті кеңейту және креативті индустриялар өкілдерін тиісті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету де бар.

Креативті индустриялардың өкілдерін көлеңкелі экономикадан шығару, бизнесті ірілендіру және оларды ынталандыру мақсатында осы саланың субъектілері үшін салық салуды жеңілдету бойынша кешенді жұмыс та жүргізілуде. Атап айтқанда, бөлшек салықтың арнайы салық режиміне жататын экономикалық қызметтің тізімі кеңейтілді, оған креативті индустриялардың 40 түрі кірді. Енді бизнес салықтың барлық түрлерін (КТС, ЖТС, ҚҚС) төлеуден босатылады және бірыңғай салық төлейтін болады. Оның мөлшері жеке кәсіпкер үшін 2-4%, жауапкершілігі шектеулі серіктестік үшін 8%. Енді бұл жеңілдікті 30 мыңнан аса кәсіпкер пайдалана алады. 

Президент тапсырмасынан кейін қабылданған шаралардың бірі – «Креатив хаб» халықаралық креативті индустрия орталығы» корпоративтік қорын құру. Бұл қордың басты мақсаты – таланттарды іздеу және қолдау. Сондай-ақ кретивті индустриядағы өнім мен зияткерлік қызмет нәтижелерін экспорттау, коммерцияландыру қызметін атқарады.

Жалпы дамыған елдер ондаған жылдар бойы креативті индустрияны қалыптастыруға баса назар аударып келеді. Бүгінгі таңда бұл сала жылына шамамен 2,3 трлн доллар табады. Креативті индустрияның жаһандық экспорты 250 млрд долларға тең. Осы секторда жұмыспен қамтылғандар қатары үнемі өсіп келеді және олардың саны қазірде 29,5 млн адамға жетті. Болжам бойынша креативті индустрия алдағы жылдары жаһандық жалпы ішкі өнімнің 10%-ын алады.

Жаһандық инновациялық индекске сәйкес, өткен жылы креативті экономика бойынша 132 елдің ішінде Швейцария, Швеция, АҚШ, Ұлыбритания және Сингапур көш бастаған. Осылайша Швейцария қатарынан 13-ші рет әлемнің ең инновациялық экономикасы деп танылды. Былтыр Швеция АҚШ-ты артқа тастап, екінші орынға көтерілді. Ал Сингапур үздіктердің бестігіне еніп, Оңтүстік-Шығыс Азия мен Тынық мұхиты маңайындағы елдердің экономикалары арасында жетекші орынға ие болды. «Заманың түлкі болса, тазы болып шал» дегеніміз осы шығар.

Түйін: Мәдениет ел дамуының барометрі іспеттес. Бұл салада атқарылған жұмыстар аз емес, атқарылар шаруалар да шаш етектен. Ең бастысы бұл салаға Мемлекет басшысының өзі баса назар аударып, жыл сайын жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бүгінде өркениеті дамыған елдер мәдениет пен өнердің қаншалықты маңызы зор екенін парасат-пайымымен мойындайды. Лайым мәдениетіміз мәуелеп, әлем алдында абыройымыз әуелей берсін!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға