Жаңалықтар

Мағжанның мұрагері

Қасым – шын мәніндегі ұлт ақыны
14.10.2015 11:13 3052

Данышпан Абайдан бастау алып, Мағжан арқылы жаңа белеске көтерілген қазақтың тасқа түскен жазба поэзиясы ХХ ғасырда Қасымның өршіл жырларымен жалғасып, Мұқағалимен бірге тұтас дәуірді құрады.

Әрине, қазақ поэзиясы қашанда талантты ақындардан кенде болған емес. Алайда, тұтас поэтикалық мектеп қалыптастырған, артына қалың буын қаламгер ерткен шайырлар сирек. Сондай саңлақ ақынның бірі – Қасым Аманжоловтың аты қашанда қазақ жырымен қатар аталады. Қасымның өміршең өлеңдері, шынайылыққа суарылған шыншыл шығармалары өзі шексіз сүйген ұлтының қалтқысыз сүйіспеншілігіне бөленді. Мұқағали айтқандай «жанартау ақынның» отты жырлары қазақ поэзиясын мүлде жаңа сапалық деңгейге көтерген феномен болды.

Мағжанның мұрагері

Кемел дарын, кесек тұлғаны әдетте заман, тарихи ахуал тудырады, өмір сүрген ортасы қалыптастырады деген пікірдің жаны бар. Қасым феномені тақыр жерден кездейсоқ пайда болған тамырсыз құбылыс емес. Қасиетті Қарқаралы жерінде кіндік қаны тамып, Мәдидің жырларын жаттап өскен Қасым Семейде оқыған тұста алашшыл рухты бойына сіңіре бастады. Қасым шығармашылығында Алаш ақыны Мағжанның үлгі-әсерінің көптігі де бізді осындай ойға жетелейді.

Заманында тепсініп теңдік сұраған марғасқа Махамбеттің адуынды жорық жырларының рухы бар, татардың ұлттық ақыны Ғабдолла Тоқайдың ізі қалған Оралдың да Қасымның шығармашылығындағы орны бөлек. Сондықтан болса керек, «жалынға қызығып», «дауылға құмартып», «желмен жарысып» өскен Қасымның поэзиясындағы айрықша қуатты, ерекше тегеурінді, адуынды отты жолдар жауынгерлік дауылпаз жырлардың жаңғырығындай сезіледі. Құбылған заманда құбыласынан жаңылмаған қайсар ақын осылайша бағзыдан жеткен жыраулық сарын мен алаш рухты өршіл жырларын еуропалық үлгідегі қазіргі заманғы поэзияның керемет бояуларымен үндестіре білді.

Қасым – шын мәніндегі ұлт ақыны, ұлттық ақын. Бұл тұрғыдан алғанда кеңестік кезеңде «қазақ» деген қастерлі сөзді дәл Қасымдай асқақ үнмен, аса мақтанышпен қолданған екінші бір ақынды кездестіру мүмкін емес.

«Ей, тәкаппар дүние,

Маған да бір қарашы!

Естимісің, сен мені,

Мен – қазақтың баласы!» – деп күркірей жырлаған ол күллі дүниеге қазақ болып үн қатты.

Расында, қазақтың ХХ ғасырдағы поэзиясында Мағжаннан соң ақындық қуаты дәл сондай деңгейде жарқырай көрініп, халықты дүр еткізген Қасымнан өзге есім сол аралықта болған жоқ. Қасымның шығармашылығы шырқау шыңына көте­рілген 40-50-жылдардан соң Мұқағалиға дейінгі аралықта да дәл осындай жағдай қайталанған сияқты көрінеді.

Бұл ретте Қасым өз шығармашылығындағы қанық ұлттық бояуымен, кереметтей кестелі көркем тілімен, ен дала төсінде ескен ерке желдей еркін әрі өршіл рухымен тұтас буындар аралығындағы алтын арқау болды. Қасым Мағжан бастаған Алаш әдебиеті мен Мұқағалимен бірге қайта өрлеген қазақ өлеңінің арасында алтын көпір қызметін атқарды.

Қазақ қоғамының орны толмас қасіреті болған отызыншы жылдардағы репрессия, қуғын-сүргін және қысыммен тұншық­тырылып,  еріксіз өшіп қалған Мағжанның өршіл рухын Қасым зор дауыспен қайта жалғады. Мағжан мен Қасымның қалам тербеуіндегі ұқсастық пен үндестіктің қадам аттаған сайын кездесетініне айқын көз жеткіздік.

Мәселен,

«Арыстанмын, айбатыма кім шыдар,

Жолбарыспын, маған қарсы кім тұрар?!» деген Мағжанның әйгілі жыр жолдары кеңестік қысымдағы Қасымда:

«Ашуын бер арыстанның,

Жүрегін бер жолбарыстың!» – деген айбынды тілекке ұласты.

Ауыр ғұмыр кешсе де еркіндікке ұмтылып, бостандық алар бақытты болашаққа сенген ақынның асыл арманы азаттықпен бірге айдай ақиқатқа айналды. Оның қуатты дауысын Мұқағали бастаған шоғырдай топ іліп әкетіп, тәуелсіздікке жалғады. Дүниеде қазақ деген туған елі барда Мағжанның мұрагеріндей болған Қасымның жанартау жырлары да мәңгі жасай береді.

Ақын бақыты деген де осы шығар.


Дархан ҚЫДЫРӘЛІ, тарих ғылымдарының докторы.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға