Маңғыстаудағы «Қаражанбас» кен орнында су тұшыту зауыты іске қосылды
Аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев «Қаражанбас» кен орнына жұмыс сапарымен барып, ілеспе қабат суын тұшыту зауытының жұмысымен танысты, деп хабарлайды El.kz Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Қаражанбас» АҚ өкілдері өңір басшысына зауыттың сынақ режимде іске қосылғаннан кейінгі сәтті жұмыс істеп жатқан технологиялық процестері туралы ақпарат берді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Маңғыстауда ауыз су тапшылығын жою бойынша берген тарсырмасының аясында өңірде 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен қуаты 286 мың текше метр болатын 9 жобаны жүзеге асыру жоспарланған болатын. Бүгінде соның алғашқысы «Қаражанбас»кен орнында тәулігіне 17 мың текше метр су тұшыту зауыты тесттік режимінде сәтті іске асырылып жатыр.
«Осы уақытқа дейін Кәсіпорын пайдаланып келген «Астрахан-Маңғыстау» су құбырынан босаған 10 мың текше метр ауыз су Жаңаөзен қаласына тәулігіне 7,5 мың текше метр, Бейнеу ауданына 1,5 мың текше метр, 1 мың текше метр Жетібай ауылына, қалған 500 текше метр су Маңғыстау ауданының елді мекендеріне беріледі»,- деді Маңғыстау облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқарма басшысы Бердібек Қартбаев.
«Қаражанбас» АҚ өкілдері мұнаймен бірге шығатын ілеспе қабат суын қайта өңдеу қоршаған орта үшін де пайдалы екенін атап өтті.
Нысанның ауданы 36000 м2, өндірістік қуаты күніне 17000 м3. Қазіргі уақытта бұл - Қазақстандағы мұнай кен орнындағы ең ірі жоба. Тазартылған су Қаражанбас кен орнының қазандықтарында бу айдау үшін пайдаланылады, бұл кен орнының Еділ суын тұтынуға тәуелділігін азайтуға және Еділ суының көлемін Маңғыстау облысы халқының қажеттіліктеріне пайдалануға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, мұнай кен орнындағы қабатты суды тазарту қоршаған ортаның экологиясына оң әсер етеді. Сондықтан аталған жобаны пайдаланудың экономикалық, сондай ақ әлеуметтік пайдасы зор.
Бүгінде Стратегиялық маңызды өндіріс штаттық режимге сәтті өтіп технологиялық стандарттарға сай жұмыс істеп тұр. Кәсіпорын толық іске қосылғанда 50-ге жуық тұрақты жұмыс орны ашылады.
Өңір басшысы зауыттың маңыздылығын атап өтіп, кәсіпорынның өндірістік әлеуетін жоғары бағалады.
«Бұл су тұшыту заутының тек компания үшін ғана емес, тұтас өңір үшін маңызы жоғары. Мұнда алдыңғы қатарлы технологиялар қолданылған және біліктілігі жоғары мамандар жұмыс істейді. Технологияның күрделілігін ескере отырып, зауыт белгіленген мерзімде іске қосылғаны қуантады», - деп атап өтті облыс әкімі Нұрлан Ноғаев.
Зауытта өндірілген таза су кен орында техникалық бағытта қолданылады.