Маңғыстау облысында «Мамандығым – Болашағым» жобасы жүзеге асырыла бастады
Маңғыстау облысында «Мамандығым – Болашағым» жобасы жүзеге асырыла бастады, деп хабарлайды El.kz. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Есенов университетіндегі форсайт-мектептің ашылуында мәлімдеді.
Шараға Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Ұлықбек Тналиев, әдіснаманы әзірлеушілер және аймақтағы мектеп өкілдері қатысты.
Жоба аясында Маңғыстау облысын қажетті кадрлармен қамтамасыз етудің өңірлік стандарты жасақталады. Жобалық офис ретінде Ш. Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университеті бекітілді.
Сондай-ақ, аталған өңір үшін арнайы «Жаңа мамандықтар Атласы» әзірленетін болды. Онда облыстағы еңбек нарығының сұранысы ескеріледі.
«Халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы аясында «Мамандығым – Болашағым» жобасы ең алғаш пилотты түрде Павлодар облысында жүзеге асырылған болатын. Жоба аясында өңірде кешенді жұмыстар жүргізіліп, аймақта сұранысқа ие 40 жаңа мамандық анықталды. Ол бойынша колледждерге арналған 25 жаңа оқу бағдарламасы әзірленіп, бүгінде 15 колледждің студенттері оқытылып жатыр. 2021 жылдан бастап жаңа оқу бағдарламалары бойынша 805 студент білім ала бастады. 102 түлек биыл оқуын тәмамдап, 100 % тұрақты жұмысқа орналасты», – деді Саясат Нұрбек.
Алдағы уақытта «Мамандығым – Болашағым» жобасы еліміздің барлық өңірінде іске қосылып, аймақтардағы еңбек нарығына қажетті мамандарды дайындау жүйесі қайта құрылымдалады.