Жаңалықтар

Каратэден олимпиадалық рейтингте көш бастаған қазақ спортшысы

Каратэшi Дархан Асәдiловпен сұхбат
Каратэден олимпиадалық рейтингте көш бастаған қазақ спортшысы
Фото: © El.kz 16.06.2021 16:55 4654

Дархан Асәдiлов – Токио Олимпидасында Қазақстанның намысын қорғайтын каратэшi. Ол 1987 жылы дүниеге келген. Халықаралық дәрежедегi спорт шеберi.

Каратэден олимпиадалық рейтингте көш бастаған қазақ спортшысы

Дархан бала күнiнде көптеген спорт түрiне қатысып көрген. Таңдауы каратэге түсiптi. Жетi жасынан берi осы спортты жанына серiк еткен.

– 15-20 жыл бұрын маған бiреу «Олимпиада ойындарына барасың» десе, әзiл деп қабылдар едiм. Оны қойғанда, 4-5 жыл бұрын бұл спорт нақты Олимпиада тiзiмiне қосылғанын естiгенде де, төрт жылда бiр келетiн дүбiрлi додада елiмнiң намысын қорғаймын деген ой кiрiп-шыққан жоқ. Оған себеп – каратэнiң рейтингтiк жүйесiн қиындатып қойғаны. Алайда, бiздiң Федерация WKF-тiң алдын орап, командаға рейтингтi енгiздi. Соның арқасында құрама спортшылары автоматты түрде рейтинг үшiн қажеттi ұпай жинай алатындардың қатарына кiрдi.

Олимпиадаға бару жолында Дархан аянып қалған жоқ. Ол 2019 жылы Рабатта өткен Премьер-лигада өнер көрсеттi. Одан бұрын Парижде, Зальцбургте, Дубайда өткен сындарда жеңiс тұғырынан көрiнiп, Олимпиада рейтингiнде төртiншi орынға жайғасқан болатын. Бiрақ төрт жылда бiр өтетiн байрақты бәсекеге бару үшiн бұл аздық еттi. Рабаттағы жеңiсiнен кейiн 60-67 келiлер бiрiккен салмақта үшiншi сатыға жоғарыласа, өз салмағында екiншi орынға көтерiлдi.

Каратэден олимпиадалық рейтингте көш бастаған қазақ спортшысы

– Токио Олимпиадасы 2020 жылы өтедi деп, 2019 жылы рейтингтегi ұпай үшiн жанталастық. Каратэ Олимпиада тiзiмiне енгiзiлгелi спортшылардың саны күрт өстi. Тiптi кей жарыстарда қатысушылардың саны 40-60 болса, кейде жүзге дейiн жетiп жығылатын. Барлығының көздегенi – Олимпиада аренасында өнер көрсету. 2019 жылы санап отырсам, жалпы есебi 11 жарысқа қатысқан екенмiн. Яки, каратэден өткiзiлетiн Премьер-лига мен А сериясы турнирлерiнiң бәрiн де бағымды сынап көрдiм. Премьер-лига жарыстарының бiрiнде Мәскеуде өткен кезеңде үшiншi орын үшiн айқаста қарсыласыма есе жiберiп алдым. Содан соң, Чилидiң Сантьяго қаласында жалауы желбiреген турнирде үздiк үштiкке ендiм, ал қалған бәсекенiң барлығын да чемпион атандым. Негiзi бiр жылда осынша турнирде бақ сынау оңай шаруа емес. Кейде бiр айда екi бәсеке қатысқан кездерiмiз болды.

Олимпиада лицензиясы үшiн аянбай төккен тер зая кетпей, Дархан өз рейтингiнде көш бастады. «Ендiгi мақсат, Токио төрiнде Қазақстан жалауын желбiрету» - дейдi спортшы.

– Менiң әрбiр жетiстiгiмнiң артында – бүкiл команда тұр. Сол сияқты Қазақстан құрамасының кратэшiлерi әлемдiк аренада жасындай жарқылдап жүр. Мәселен Мадридте өткен Премьер-лигада ел құрамасының спортшылары 3 алтын, 2 күмiс еншiлеп, командалық есепте бiрiншi орыннан көрiндi.

Каратэден олимпиадалық рейтингте көш бастаған қазақ спортшысы

Осы орайда, Дархан құрама сапындағы басқа каратэшiлерге айтары алғысы шексiз екенiн жеткiздi. Себебi олар, құрама рейтингiн бiрiншi орынға қойып, Д.Асәдiловке қарсылас атанып, финалдық бәсекелерде жеңiске жету мүмкiндiгi бол тұра, оған жол берген.

– Командадағы Қайсар Алпысбай деген каратэшiнi ерекше айтып өткiм келедi. Қайсар жылдан жылға тәжiрибе жинап келедi. Менiң iзiмдi басып келе жатқан Еркiнбек Байтөреевке де алғысым зор. Жалпы, Қазақстан каратэшiлерiн әлем елдерi мойындайды. Қай турнирге қатыссақ та, олар бiздi басты қарсылас деп санайды. Қазақстан каратэсiнiң жақсы деңгейге көтерiлуi бiрiншi кезек құрама жаттықтырушыларының арқасы және Федерацияның жасап отырған жағдайы деп бiлемiн.

Рейтингтегi бiрiншi орынды ұстап тұру – оңай шаруа емес. Себебi, бұл салмақта әлем чемпиондары Бразилия елiнiң спортшысы Броз бен италиялық Кречензо бар. Сонымен қатар, Еуропаның бес дүркiн чемпионы түрiк Ерай мен әлем чемпионатының жүлдегерi жапон Сагоны да тiзiмнен шығаруға болмайды. Бiр кездерi рейтингтiң алғашқы орнын бермей тұрған Кречензо тiптi үздiктер қатарынан тыс қалған кездер де кездескен.

Каратэден олимпиадалық рейтингте көш бастаған қазақ спортшысы

– Кей турнирде осындай азулы қарсыластарды құрама жiгiттерi турнирден шығарып отырды. Әрине, ол менiң чемпиондыққа жету жолымды жеңiлдете түседi. Қазiргi уақытта рейтингте екiншi тұрған спортшы да iрiктеу турнирсiз-ақ Олимпиадаға жолдама ала алады. Мен ұлттық құрама сапында жүргенiме 15 жылдан асты. Осы жылдар iшiнде Азия чемпионаттарында, әлем бiрiншiлiктерiнде бағымды сынеадым. Әр жарыс өз уақытында өте маңызды болды. Солай жүрiп, жылдың артынан жыл өткенiн аңғармай қаласың. Кейбiр каратэшiлер бұл спорттың Олимпиадаға енгенiн күтуден шаршап, спорттық мансабын аяқтап кеттi. Өзiме осындай бақыт бұйыратынына өте қуаныштымын. Әрине, арқамдағы жүктiң қаншалықты ауыр екенiн бiлемiн. Бiздiң спортқа қолдау бiлдiргендердiң үмiтiн ақтауға тырысатын боламын.

Айта кету керек, Халықаралық каратэ федерациясы (WKF) бойынша Дархан Асәдiлов өз салмағында көш бастап тұр. Оның еншiсiнде (60 келi салмақта) 9517 ұпай бар. Тиiсiнше, итлиялық Анджело Кречензо мен түрiк Шамдан Ерай екiншi, үшiншi орындарды өзара бөлiстi.

Каратэден олимпиадалық рейтингте көш бастаған қазақ спортшысы

Шымкенттiк спортшы қазiргi уақытта 600 спортшы енетiн олимпиадалық рейтингте көшбасшылардың қатарында. Каратэ спорты алғаш рет енiп отырған Токио Олимпиадасында Дархан Асәдiловтiң асығы алшысынан түсiп, ел қоржынына маңызды жүлделердiң бiрiн салады деп сенемiз. Спортшыға сәттiлiк серiк болғай!

Еске сала кетейік, каратэден Қазақстан құрамасында бес жолдама бар. Дархан Асәділовтен бөлек, Токиоға +75 келі салмқта Софья Берульцова, +61 келі салмақта Данияр Юлдашев, +50 келі салмақта Мөлдір Жаңбырбай, +75 келі салмақта Нұрқанат Әжіқанов барады.  

Токиодағы каратэ бойынша жарыстар 6-8 тамыз аралығына жоспарланған. Барлығы 82 каратэші (40 әйел мен 42 ер адам) қатысады. Оның ішінде 61 кумитэден және 21 ката бойынша бақ сынамақ. Каратэ бойынша Олимпиада ойындарына барлығы 34 елден спортшылар қатысады. 

(Суреттер olympic.kz сайтынан алынды)


Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға