Жаңалықтар

Мәжілісте қазіргі қоғамдағы мүгедектігі бар балалар жағдайының өзекті мәселелері талқыланды

Мәжілісте қазіргі қоғамдағы мүгедектігі бар балалар жағдайының өзекті мәселелері талқыланды
27.02.2019 12:07 2295

Мәжілісте Қазақстан халқы Ассамблеясы депутаттық тобының кеңейтілген отырысы өтті. Онда қазіргі қоғамдағы мүгедектігі бар балалар жағдайының өзекті мәселелері қаралды.

Отырысқа Мәжіліс депутаттары, бірқатар министрліктердің жауапты қызметкерлері және қоғамдық бірлестіктердің өкілдері қатысты. Отырыстың басында депутаттық топтың жетекшісі Сауытбек Абдрахманов кейінгі күндерде әлеуметтік желілерде жарияланып жүрген, мемлекеттің ұлт саясатының түбегейлі мәселелеріне қатысты посттар туралы өз ойын білдірді.

Атап айтқанда, әлеуметтік желілерде әлдебіреудің басқа ұлт өкілдерінен «кек қайтаруға» шақырған роликтері жарияланып, көбейтіле таратылып келеді. Дені сау деуге ауыз бара қоймайтындай адамның ол сөздерінің ақылға қонымсыздығына, ашықтан ашық арандатушылық сипатына қарамастан, бұл роликтер желі қолданушыларының ашу-ызасын туғызып отыр. Жалпы, мұндай ұстамсыз әңгімелер ұлтаралық араздықты қоздатуы әбден мүмкін.

С.Абдрахманов тиісті органдар бұл оқиғаға өз бағасын береді деп сенетінін жеткізді. Мәжілістегі Қазақстан халқы Ассамблеясының депутаттық тобы бұл мәселені назарда ұстайтын болады, деді депутат. Отырыстың күн тәртібіндегі мәселе бойынша Мәжіліс депутаты М.Магеррамов және басқа сөз сөйлеушілер мемлекеттің басты міндеттерінің бірі мүгедектігі бар адамдардың әлеуметтік ықпалдасуын, тең құқықтары мен мүмкіндіктерінің болуын қамтамасыз ету болып табылатынын атап өтті.

 

Елімізде мүмкіндіктері шектеулі адамдарды, соның ішінде балаларды қорғау жөнінде заңнамалық негіз, нормативтік актілер бар. Бұл маңызды мәселеде мемлекеттік органдар, жұртшылық, үкіметтік емес ұйымдар бірлесе жұмыстар атқаруда. Мүгедектігі бар балаларға, сондай баласы бар отбасыларға тиісті көмек көрсетіліп жатқанын және болашақта жәрдем ету қажеттігі туралы айтылды. Отырысты Мәжіліс Төрағасының орынбасары В.Божко қорытындылады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға