Жаңалықтар

Мәжіліс Салық кодексіне қатысты түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады

Бұл туралы Ұлттық Экономика министрлігі мәлімдеді
Мәжіліс Салық кодексіне қатысты түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады
Фото: ҚР Ұлттық Экономика министрлігі 21.09.2022 14:38 1340

Бүгін Парламент Мәжілісінің пленарлық отырысында Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Салық кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Заң жобасын таныстырды, деп хабарлайды El.kz. Бұл туралы Ұлттық Экономика министрлігі мәлімдеді.

Түзетулердің бірінші бағыты микро және шағын бизнес үшін еңбекақы қорына жүктемені азайтуға бағытталған. Қазіргі уақытта еңбекақы қорынан әртүрлі мөлшерлемелер мен есептеу базалары бар бірнеше төлемдер төленеді. Оларды бір төлемге біріктіру ұсынылады. Әлеуметтік аударымдар мөлшері қызметкерлерге төленетін болашақ төлемдерге әсер ететіндіктен, жүктемені жеке табыс салығы есебінен төмендету көзделіп отыр. 

«Бірыңғай мөлшерлеме міндетті зейнетақы жарналарын енгізуді және әлеуметтік аударымдар мөлшерлемесінің өсуін ескеретін болады. Төлемді арнаулы салық режимдеріндегі микро және шағын бизнес субъектілері ерікті негізде қолданатын болады. Бұл бірыңғай төлем салықтар мен еңбекақы төлемдерін есептеуді жеңілдетіп қана қоймай, салық жүктемесін азайтуға да мүмкіндік береді», - деді ҰЭМ басшысы. Келесі түзетулер салалық заңнамалардағы өзгерістермен байланысты. Онда жеке тұлғалардың банкроттығы кезінде салық салу мәселелерін реттеу көзделген. Банкрот деп тану үшін сотқа жүгінген кезде мемлекеттік баждың мөлшерін, сондай-ақ берешекті есептен шығарған жағдайда салық тәуекелдерін алып тастауды анықтау ұсынылады. 

«Конституциялық Соттың құрылуына байланысты Конституциялық сотқа жүгінген кездегі мемлекеттік бажды белгілеу және халықтың әлеуметтік осал топтарын босату ұсынылады». - деп толықтырды министр. 

Жер қойнауын пайдалану саласында 2024 жылдан бастап мемлекеттік балансты жүргізу тоқтатылады. Қорлар жаңа жүйе бойынша бағаланатын болады. Осыған байланысты пайдалы қазбаларды өндіру салығын салу объектісін өзгерту ұсынылды. Сонымен қатар, ұсынылған түзетулер отандық тауар өндірушілерді ынталандыруға да бағытталған. Қант өндірісін ынталандыру үшін шикі қант импортын қосылған құн салығынан босату, сондай-ақ қант өндірушілер үшін ҚҚС бойынша жеңілдіктің қолданылу мерзімін ұзарту ұсынылады. Түзетулердің төртінші блогы көлік жүйесін одан әрі дамыту шараларын көздейді. Теміржол көлігі саласында нөлдік тарифті қолдана отырып, жолаушылар тасымалдаушыларына магистральдық теміржол желісі қызметтерін көрсету кезінде салық салу мәселелерін реттеу көзделген. Азаматтық авиация саласында сертификаттар бергені үшін алымдарды алып тастау бойынша нормалар енгізіледі, өйткені қызметтерді өзін-өзі қаржыландыратын ұйым көрсетеді. Транзиттік әуе кемелеріне жанармай құю кезінде ҚҚС-тың (қосылған құн салығы) нөлдік мөлшерлемесін қолдануды кеңейту ұсынылады. Қазір жеңілдікті тек әуежайлар қолдана алады. Келесі өзгерістер жеке тұлғалардың төлемдеріне қатысты. Тіркеу функциясын «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясына беруге байланысты азаматтық хал актілерін тіркеу үшін төлемдерді алып тастау ұсынылады. 

«Сондай-ақ, беттер санына байланысты Қазақстан азаматының паспортын беру үшін мемлекеттік баждың сараланған мөлшерлемелері, сондай-ақ балалар үшін мемлекеттік бажды 2 есеге төмендету ұсынылады», - деп мәлімдеді Қуантыров. Чек бермеу фактілері туралы хабарлағаны үшін сыйақы алу, ипотекалық кредит бойынша берешекті есептен шығару, жалдау құнын төмендету және тұрғын үйді жалға алуға бюджеттік субсидиялар алған кездегі салықтық тәуекелдер алып тасталады. Соңғы блок – салықтық әкімшілендіру мәселелері. Мемлекет Басшысының тапсырмаларын іске асыру үшін тиісті сақтық қағидатын енгізу ұсынылады. 

«Бизнес субъектілері өздерінің контрагенттерінің адалдығын «Атамекен» ҰКП ақпараттық жүйесі арқылы тексереді. Осылайша тиісті сақтықты көрсетеді. Сондай-ақ салықтық әкімшілендіруді оңайлату ұсынылады», - деп түйіндеді Ұлттық экономика министрі.



Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға