Жаңалықтар

Мәулен Әшімбаев ресейліктердің жаппай қоныс аударуына қатысты пікір білдірді

Сонымен қатар ол елімізде тұрақты тұруын растайтын құжатты беру басқа мәселе екенін айтты
Мәулен Әшімбаев ресейліктердің жаппай қоныс аударуына қатысты пікір білдірді
Фото: egemen.kz 22.09.2022 13:07 1086

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев ресейліктердің Қазақстанға жаппай қоныс аударуы мүмкіндігіне қатысты пікір айтты деп хабарлайды El.kz ҚазАқпарат тілшісіне сілтеме жасап.

«Ресейліктердің елімізге сапарын шектеуге тиісті емеспіз, яғни олар бізге жұмыс сапарымен, туыстарына немесе туризм мақсатында келеді. Сонымен қатар, Қазақстан азаматтары да Ресейге емін-еркін бара алады. Бұл өзара процесс болғандықтан, оны шектей алмаймыз», - деді М. Әшімбаев Сенаттың жалпы отырысынан кейін тілшілер сауалына жауап бере отырып. 

Сонымен қатар ол елімізде тұрақты тұруын растайтын құжатты беру басқа мәселе екенін айтты. Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат ететін құжат елімізде қандай да бір мүмкіндіктер береді. Осы орайда Қазақстанда бұл құжатты алу үшін кез келген басқа елдің азаматы өз мемлекетінен рұқсат алуы керек. Бұл талап еліміздің заңнамасында нақты белгіленген. Яғни шетел азаматы өз елінен кететіні туралы арнайы парақша мен басқа да құжаттарды ұсынуы тиіс. 

«Ал саяси баспананы беру, босқын деп тану мен босқын мәртебесін беру – ол да басқа мәселе. Бұл жағдай халықаралық шарттармен, БҰҰ желісі бойынша мақұлданған тиісті құжаттармен реттеледі. Қазір бұл тұрғыда мәселе көтереліп жатқан жоқ», - деді Мәулен Әшімбаев.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға