Мәскеуде Т.Бигелдинов туралы деректі фильмнің таныстырылымы өтеді
19 ақпан күні Мәскеудегі Ардагерлер үйінде Ұлы Жеңістің 70 жылдығын тойлау аясында Кеңес Одағының екі мәрте батыры, КСРО-ның еңбек сіңірген әскери ұшқышы, авиацияның генерал-майоры Талғат Бигелдинов туралы «Әуеге көтерілу!» атты деректі фильмнің таныстырылымы өтеді. Бұл жайында «Генералдар кеңесі» республикалық қоғамдық бірлестігінде айтылды.
Тарихи деректі лента Ұлы Отан соғысының қиын жылдары өз елін қорғауға аттанған 19 жасар бозбаланың тағдырын баяндайды. Батырдың соғыс кезіндегі тағдыры көрерменді бейжай қалдымайды. Даланың баласы өзінің Ил-2 ұшағымен (фашистер оған «қара өлім» деп ат қойған) Берлинді бомбылағандардың ішінде алғашқылардың бірі болып, Кавказ бен Украинаны азат етуге қатысқан. Фильм аты аңызға айналған ұшқышымыздың сонау 1966 жылы жазып кеткен «Илдер шабуылдайды» деген мемуары негізінде түсірілген. Фильм авторы компьютерлік графиканың жаңа әдістерін пайдалана отырып «қазақ сұңқарының» әуедегі шайқастарын бейнелеген.
Іс-шараға «Генералдар кеңесі» РҚБ төрағасы, генерал-майор Рүстем Қайдаров, ғарышкер, Кеңес Одағының батыры, Халық қаһарманы, авиация генерал-майоры Тоқтар Әубәкіров, «Алматы қаласы ҰОС ардагерлері» қоғамдық қорының төрағасы, генерал-майор Руслан Тынбаев, «Генералдар кеңесі» РҚБ президиумының мүшесі, генерал-майор Алмасбек Абдрахманов, Ұлы Отан соғысының ардагері, подполковник Сейітқасым Боранқұлов, сондай-ақ екі мәрте Социалистік Еңбек батыры, РФ Федерация Кеңесінің мүшесі, Мәскеу қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы, профессор Владимир Долгих қатысады.
Бұл іс-шараны «Генералдар кеңесі» РҚБ мен Қазақстанның Ресей Федерациясындағы елшілігі біріге өткізеді. Демеушілік қолдау білдіруші – «Қазлото» компаниясы.
Дәурен Омаров