Жаңалықтар

Мұрат Шаханбаев: Бейнелеу өнеріне деген талғам, түсінік өзгергенін қалаймын

Мұрат Шаханбаев: Бейнелеу өнеріне деген талғам, түсінік өзгергенін қалаймын
Фото: © El.kz 26.11.2021 17:51 7516

 

Испандық және әлемдік суретші Пабло Пикассоның «Суретші – көктен, жерден, қағаз сыбдырынан, әртүрлі формалардан, тіпті сыбдырдан туатын сезімдердің жиынтығы» деген сөзі бар екен. Қыл қаламның ұшынан туғандай көрінетін туындының әр бірінде бір тарих, бір із жатады. Бірақ ол туралы суретшінің аузынан емес, қолтаңбасынан көбірек білетініміз де анық. Оның да әр туындысы түрлі формада, түрлі таңбада туып жатады. Бірақ суретшінің қарапайым болмысы ол туралы сирек айтады. Бүгінгі кейіпкеріміз суретші, ұстаз Мұрат Шаханбаевпен әңгімеміз Түркістан қаласындағы Оқушылар сарайының ғимаратында кішкентай шәкірттерінің ортасында басталып кетті.

 

Суретке махаббатымды ашқан оқиға

Мен Жаңақорған ауданы, Бірлік ауылында дүниеге келдім. Бірлік аядай ғана ауыл ғой, мектепті сонда бітірдім. Сурет өнеріне қызығушылығым мектеп қабырғасында жүргенде оянды. Негізі отбасымызда бәрі суретші болатын, бірақ ол жолды қуып, әрі қарай дамытпаған. Әпкелерім қолөнермен айналысады, соның нобайын өздері сыза береді. Әуелден анам суретші, әсіресе гүлдерді керемет салатын. Ауылда кілем тоқу, текемет басу сияқты жұмыстар болғанда өрнегін, оюын анам салады екен. Бір салған кезде-ақ түп-түзу, көз ала алмайтындай көркем салатын деп ауыл адамдары айтады. Менің суретке деген ынтамды ашқан оқиғаны еске түсіретін болсам, бірінші сыныптың табалдырығын аттаған кезім, сурет сабағынан буратинаның бейнесін салып бардым. Суретке деген талабымды байқаған болуы керек, сурет сабағынан беретін ұстазым «Мұрат, сен қайта бер!» деп сабақтан ерте қайтарып жіберді. Соған риза болып, суретті үлкен махаббатпен салатын болдым. Мектеп кезінде конкурстарға қатысып, түрлі қоғамдық жұмыстарда белсенді болып жүрдім.

 

Дипломсыз ұстаз болдым

 

Мектеп бітірген соң мен бірден жұмысқа орналастым. Сол уақытта белгілі бір себептермен жоғары оқу орнына тапсырмадым. Бірде «Көктөбе» мектебіне суретші керек болып, суреттерімді көрген олар бірден жұмысқа шақырды. Кейін колледжге бастауыш сынып мұғалімі деген мамандыққа сырттай тапсырдым.

 

Оқуға тапсырмай біраз уақыт жүріп қалып едім, бірақ оқуға түскендерден бұрын жұмысқа орналастым. Төрт жылдай жұмыс істеген соң, ары қарай білім алып, жоғары оқу орнына түсіп, диплом алуым керек деген ой келді. Солай Түркістан қаласына келіп, Қожа Ахмет Иассауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетіне оқуға тапсырмақ болдым. Жұмысымды істеп, сырттай оқимын деп ойлағанмын. Шығармашылық емтихан тапсырып, жоғары балл жинағаныммен грантқа түсе алмай қалдым. Сол жылы грант бөлінбеген екен, сонымен квотамен оқитын болдым. Оны естіген үйдегілер «Жұмысыңды жалғастырып істей бер» деген, бірақ құжаттарымды тапсырып оқуға бел будым. Солай өзімнен 8 жас кіші қыз-жігіттермен ақылы оқуға түсіп, бітіріп шықтым.

 

Қабырғаны суретпен безендірдім

 

Досым екеуміз 4 курстың соңғы семестрінде Астанаға барып жұмыс істейтін болдық. Сөйтіп бір бизнес орталыққа орналасып, сол жердің әрбір қабырғасына сурет салдық. Әр қабырғаға әр түрлі өрнектер, тапсырыс берушінің талабына сай суреттер салатын едік. Ең бірінші суши бардың қабырғасын әрлеу керек болды, сонда тапсырыспен қытайдың сакурасын және кірген кезде алдымен көрінетін сарқырама салдық. Келген қонақтың бәрі тамсанып қарап отыратын едік. Ол жұмыстарымыз басшымызға ұнаған болуы керек, өзі Чехиядан келген азамат еді, бізді бірден жұмысқа алатын болды. Сонымен қазіргі технологиялар бойынша жасауымыз керегін айтып, оқуға да жіберді. Ол 16 қабатты «Титаник» деген ғимарат болатын, қазір Елордаға барған кезде сыртынан қарап көп естеліктер еске түседі.

 

Ол жерде жұмыс істеп жүргенімде айлығы көп жұмысқа ұсыныстар да көп болды. Бірақ мен магистратураға түсіп, оқуымды жалғастырайын деген ниетпен Түркістанға қайтып келдім.

 

Ұстаздықты серік еттім

 

Магистратураға оқуға түскен жылы кафедраға жұмысқа қабылдады. Оқып жүріп, жұмыс істедім ғой, қазір ойланып қарасам 2009 жылдан бері сол оқу ордасында қызмет етіп жүр екенмін. Қаншама шәкірт тәрбиелеп, олармен бірге көптеген белестерді бағындырдық. Мойындау керек, университетте қағазбастылық көп қой. Көп жағдайда сол қолды ұстайды. Сонда да арасында уақыт тауып, түрлі көрмелерге қатысып, біраз жетістіктерге жеттік. Студенттерді де талай алып бардым. Қазір студенттерден бөлек сурет салуға қызығушылығы бар оқушыларда бейнелеу өнеріне баулып жүрмін. Бұл өнерге кішкентай кезіңнен қанып, серік болып өсу керек. Жақында ғана Нұр-cұлтан қаласында өткен халықаралық байқаудан Анықбай Дина деген шәкіртім I орын алып келді. Ұстаз ретінде баланың әр жетістігі көңіл марқайтады.

 

Ең қымбат картинам шетел асып кетті

 

Өзімнің авторлық 50 шақты жұмысым бар, бірақ оның көбі сатылып кетті. Қазір өзімде қалғаны 3-4-ақ картина.

 

Әр картина әртүрлі кезде пайда болады. Мысалы қазір мына алдымда жатқаны ауылдың бейнесі. Ауылда көршіміз бар еді, үнемі есігінің алдында көрші келіншектермен әңгіме айтып отыратын. Әңгімелері таусылмайтын, мұндағы сиыр мен тауық соны сипаттап тұрғандай. Жаңа сол есіме түсіп, соны қағазға түсірдім. Егер мұны майлы бояумен салатын болсам, кәдімгі шығармаға айналады. Осы сияқты түрлі жайттардың себебінен туады.

 

Бірде кешкі уақыт кезінде от жағатын бөлмеге барып, өз фантазияммен Түркістанның жаңа келбетін бейнеледім. Оған «Түрленген Түркістан» деп ат қойған едім, абстракциялық жанр болғандықтан көпшілік аса түсіне қоймады. Жақында сол туындым бір аукционда мың жарым долларға сатылыпты. Өзіме де сол картина ерекше әсер еткен, бір түнде салынғанымен, құштарлық бар. Одан кейін студент күнімде салған «Наурыз-Думан», «Әз-Наурыз» деген картиналарым болған, соның «Әз-Наурыз» дегенін Наурыз мерекесі қарсаңындағы көрмеде түрік азамат сатып алды. Ал алғашқысын апам ауылдағы үйге іліп қойған, әрі ол картинамды кейін бір компания рұқсат сұрап күнтізбеге шығарып жүрді.

 

Тағы ыстық картинамның бірі «Жаңбырдан кейінгі Түркістан», оны жаңбыр тамшылары сияқты бір бағытпен салып, қолшатырлы адамды бейнелеген едім. Оны шетелдік бір журнал өздерінің алғашқы бетіне қойыпты. Осы сияқты ғаламторда пайдаланылып жүрген картиналар көп, бірақ ешбірінен авторлық құқықты талап етпейді екенмін.

 

Картиналарым қажетке жараса қуанамын!

 

Қазір авторлық құқық туралы жиі сөз болады ғой, бірақ мен аса құнттамаймын. Керісінше жұмысым бір қажетке жарап жатса, пайдаға асса қуанамын. Сенің еңбегіңді біреу бағалап, құрметтеп жатса жақсы ғой.

 

Тек кейде сурет өнерін тым арзанға бағалайтындарына қынжыламын. Мысалы, көбі «Ең керемет, үздік картинаңызды беріңіз! Мықты тұлғаларға, азаматтарға сыйлыққа еді» деп сұрайды, ал бағасын айтсаң «Арзаны жоқ па?» деп төменге бағалайды. Осы бейнелеу өнеріне, қолөнерге деген талғам, түсінік өзгергенін қалар едім. Өйткені суретке барлай алмайтын, сондықтан бағасын да білмейтіндер өте көп. Осы орайда суретшілердің көбірек көрмелерін өткізіп, кездесулер жиі болса, насихатталса деген тілек бар.

 

Әр туынды бір музыкамен туады

 

Картинаның салынатын уақыты әртүрлі. Кейде «Түрленген Түркістан» сияқты бір түнде тууы мүмкін, кейде бірнеше айға жалғасады. Мысалы дәл қазір бір картинам тұр, алғашында табиғат бейнесін бастағанмын, кейіннен аттарды елестетіп, шауып келе жатқан аттардың бейнесіне айналдырдым. Бірақ әлі аяқталған жоқ, ол аяқталған кезде тіпті басқа бейнеге айналуы бек мүмкін. Сурет салу барысында үнемі музыка тыңдаймын, сол музыканың әуені де оған әсер етіп жатады. Көбінде ұлттық, қазақи нақыштағы бейнелер жаныма жақын және абстракцияға айналдырған ұнайды. Өйткені абстракция көрушіні де түрлі ойға жетелейді.

 

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға