Мұнай өнімдерін заңсыз экспорттауды ауыздықтау бойынша шаралар қабылданып жатыр
Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Қаржылық мониторинг органдары мұнай өнімдерін заңсыз экспорттауды ауыздықтау бойынша шаралар қабылдауда, – деп хабарлайды El.kz.
Бұл туралы Қаржылық маниторинг агенттігі мәлімдеді.
Агенттіктің Павлодар облысы бойынша департаментінің қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шаралары барысында АИ-95 маркалы бензинді ел аумағынан заңсыз әкету әрекетінің жолын кесті.
Көлемі 280 тонна, құны шамамен 90 миллион теңгені құрайтын жанармай құйылған 5 вагон-цистерна ұсталды, олар жанармай қоспасы деген желеумен Өзбекстанға алып кетпек болған.
Мамандардың қорытындысына сәйкес, теміржол цистерналарынан алынған сынамалар К-4 экологиялық класындағы АИ-95 бензині болып табылады. Белгілі болғандай, келісім шарт бойынша шетел компаниясының пайдасына елден жалпы сомасы 45 миллион долларға 50 мың тонна экспорттау жоспарланған. Тергеу жалғасуда. Тергеу мүддесіндегі басқа ақпарат жария етілмейді.