Жаңалықтар

Мүгедек балалары бар отбасылар тұрғын үйге мұқтаж азаматтардың санатына кірді

Еліміздегі тұрғын үй саясатының жаңа тәсілдері туралы ҚР ИИДМ Құрылыс істері және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық комитеті төрағасының орынбасары айтып берді
Мүгедек балалары бар отбасылар тұрғын үйге мұқтаж азаматтардың санатына кірді
Фото: gov.kz 03.10.2022 13:51 1259

Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифинг барысында Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасы таныстырылды, деп хабабарлайды El.kz.

Еліміздегі тұрғын үй саясатының жаңа тәсілдері туралы ҚР ИИДМ Құрылыс істері және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық комитеті төрағасының орынбасары айтып берді.

Бауыржан Қабдол жаңа құжатта тұрғын үй мәселелерін шешуге аса мұқтаж азаматтардың ең осал 4 санаты нақты айқындалғанын хабарлады. Атап айтқанда:

- көп балалы отбасылар (91 мың азамат);

- 1 және 2 топтағы мүгедектігі бар адамдар (51 мың азамат);

- мүгедек балалары бар отбасылар (24 мың азамат);

- жетім балалар (61 мың азамат).

Азаматтардың тұрғын үй мәселелері «Отбасы банкі» арқылы жеңілдетілген несие беру арқылы шешілетін болады. Азаматтардың кірісі мен есепке қою күніне байланысты Үкімет жергілікті атқарушы орган салған несиелік баспана сатып алуға арналған 2% және 5% жеңілдікті ипотекалық қарыздар беруді көздейді: бастапқы жарнасы – 10%, кредиттеу мерзімі 20 жылға дейін.

2% ипотека көп балалы отбасыларға, сондай-ақ 1 және 2 топтағы мүгедек адамдарға, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға, сондай-ақ жетім балаларға тиесілі. Әкімдікте кезекте тұрған басқа да азаматтарға жылдық 5% пайыздық мөлшерлемемен тұрғын үй қарызы қолжетімді.

Бұдан басқа, биыл ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша халықтың неғұрлым осал топтарының мәселелерін жедел шешу мақсатында жеке тұрғын үй қорынан баспананы жалға алу үшін тұрғын үй төлемдері енгізілді.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жеңілдетілген несиелеу бағдарламаларының шарттары тұжырымдамалық түрде өзгертілді. Біріншіден, мұндай бағдарлама шеңберінде әкімдіктер салған әлеуметтік кредиттік баспана ғана сатып алуға болады. Екіншіден, қарыздың ең жоғары сомасы бойынша шектеулер алынып тасталды. Ол тұрғын үйдің нақты ауданы бойынша анықталатын болады. Бұл ретте, әлеуметтік тұрғын үй сапасын арттыру үшін бір шаршы метрді 160-240 мың теңге диапазонынан 170-290 мың теңгеге дейін құрылысты қаржыландыруды іске асырудың баға параметрлері қайта қаралды», – деді Қабдолов.

Спикердің айтуынша, кірісті растау бойынша шекті сома бойынша шектеулер алынып тасталды. Алайда, жеңілдетілген қарыз алу үшін үміткер төлем қабілеттілігін растауға міндетті.

«Төртіншіден, банктің тәжірибесі негізінде әрі ортақ мүліктік жауапкершілік мақсатында қарыз алушының бастапқы жарнаны енгізу үрдісі сақталып қалады. Бүгінгі таңда бұл шек барлық қатысушы үшін 10% мөлшерде қарастырылған», – деді спикер.

«Күшті өңірлер – елді дамытудың драйвері» Ұлттық жобасы шеңберінде 2025 жылдың соңына дейін барлығы 46 мың жеңілдетілген қарыз беру жоспарланып отыр, оның ішінде 2% – 28,1 мың және 5% – 18,2 мың қарыз.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға