Мұғалімнен пара алған мектеп директорына сот үкім шықты
Түркістан облысы Түлкібас ауданындағы Майлыкент жалпы орта мектебінің директоры мұғалімнен пара алған, деп хабарлайды El.kz.
Мекеме басшысы ағылшын тілі пәні мұғалімінен 200 мың теңге пара алған. Сот үкімімен мектеп директоры - «А» есімді азаматша ҚР Қылмыстық кодексінің 366-бабы 2- бөлігімен кінәлі деп танылды.
Сотталушы өз кінәсін толық мойындап, қамқорлығында кәмелетке толмаған екі баласы барын ескеріп, оған айыппұл түрінде жаза тағайындауды сұрады.
– Сот үкімімен оған мемлекеттік қызметте, судья қызметін, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, Қазақстан Республикасының Ұлттық банкінде және оның ведомстволарында, қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органда, мемлекеттік ұйымдарда және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде лауазымдарды атқаруға өмір бойына тыйым салынды. Сондай-ақ параның отыз еселенген соммасы мөлшерінде, яғни 6 млн теңге көлемінде айыппұл салу жазасы тағайындалды. Үкім заңды күшіне енген жоқ, - делінген Түркістан облыстық сотының баспасөз қызметі таратқан хабарламада.