Жаңалықтар

Ұлытау ұлттық паркінің Үйлестіру кеңесі құрылды

Kеңес ұлттық парктің қызметін жетілдіру бойынша өз ұсыныстары мен ұсынымдарын енгізетін болады
Ұлытау ұлттық паркінің Үйлестіру кеңесі құрылды
Фото: «QazaqGeography» 02.08.2022 13:41 1097

Жақында құрылған «Ұлытау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде Үйлестіру кеңесі құрылды. Кеңестің мақсаты - ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда туризмді дамыту мәселелері бойынша шешімдердің ашықтығын қамтамасыз ету, сондай-ақ табиғатты қорғаумен айналысатын мекемелерді басқарудың тиімділігін арттыру, деп хабарлайды El.kz «QazaqGeography» баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Ұлытау» МҰТП Үйлестіру кеңесі ұлттық парктің қызметін жетілдіру бойынша өз ұсыныстары мен ұсынымдарын енгізетін болады, және де халық, парк қызметкерлері мен мемлекеттік органдар арасындағы байланыстырушы буын болады.

Кеңеске белсенділер мен қоғам қайраткерлері, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері мен кәсіпкерлер кірді. «Ұлытау» МҰТП басшысы Айдын Серкебаев Үйлестіру кеңесінің төрағасы болып тағайындалды.

Үйлестіру кеңесінің алғаш отырысында екі мәселе қарастырылды. Бірінші мәселеде Үйлестіру кеңесінің Ережесі бекітілуге ұсынылды. Ереже қарастырылып, кеңес мүшелерінің бірлескен дауыс беру нәтижесінде Ереже бекітілді.

Екінші мәселе бойынша Айдын Серкебаев «Ұлытау» МҰТП бірінші жартыжылдықта атқарған жұмыстары туралы есеп берді.

«Үйлестіру кеңесі - ұлттық парктің аумағында жүргізіліп жатқан жұмыстарды қадағалайтын консультативтік-кеңесші орган. Бұл бізге барлық процестердің ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бүгінде Ұлытауда «QazaqGeography» РҚБ күшімен ғылыми-зерттеу жұмыстары, эко-туризмді дамыту үшін базалық жобалар, мысалы, туристік соқпақтар әзірлеу, туризм стратегиясы, соқпақтарға түсетін рекреациялық жүктемелер нормаларын анықтау және т.б. жұмыстар жүргізілуде», - деді Ұлттық парктің директоры Айдын Серкебаев.

«Ұлытау» ұлттық паркін дамыту жөніндегі жобаның мақсаты - Ұлытау тау алабының табиғи және тарихи-мәдени объектілерін сақтауға жәрдемдесу. Оны жүзеге асырумен ҚР Үкіметінің гранты және Қазақстандағы БҰҰ Даму Бағдарламасы аясында «QazaqGeography» республикалық қоғамдық бірлестігі айналысады.

 «Біздің міндетіміз – Ұлытау аумағында тұрақты, экологиялық туризмді дамыту. Біз табиғатты, оның биоалуантүрлілігін сақтауға мүдделіміз және біздің мақсатымыз зиян келтірмей, табиғи байлығымызды көбейтіп, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу. Сондықтан біз өз жобаларымызда міндетті түрде ғылыми тәсілді қолданамыз. Сонымен қатар, туризмнің дамуы жергілікті тұрғындардың әл-ауқатының жақсаруына тікелей әсер етуі тиіс екеніне сенімдіміз, сондықтан олар өз табысын арттыру үшін халықты бизнес-ағарту бойынша жұмыс істейтін боламыз», - деп атап өтті «QazaqGeography» РҚБ басқарма төрағасының орынбасары Артур Абубакиров.

Айта кетейік, «Ұлытау» МҰТП, ауданы 58,9 мың гектар, ҚР Үкіметінің 2021 жылғы 7 желтоқсандағы №867 қаулысымен Ұлытау орман және жануарлар дүниесін қорғау шаруашылығы негізінде құрылған.

Орталық Қазақстанда ерекше қорғалатын табиғи аумақ ретінде «Ұлытау» ұлттық паркін құру өңірдің экожүйелерін қалпына келтіруді және сақтауды қамтамасыз етуге бағытталған. Осының барлығы Ұлытау тау-дала массивінің бірегей табиғи кешендерін сақтауға, туристік әлеуеттің өсуін арттыруға қызмет етеді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға