Жаңалықтар

Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне материалдық көмек беріледі

Ұлы Отан соғысына қатысқандар мен мүгедектерге, оларға теңестірілген тұлғаларға, тыл еңбеккерлеріне және Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске үлес қосқан ҚР өзге де азаматтарына бір реттік материалдық көмек беріледі
23.02.2015 02:50 14669

Фото "Астана ақшамы" газетінің сайтынан алынды

2015 жылы Ұлы Отан соғысына (ҰОС) қатысқандар мен мүгедектерге, оларға теңестірілген тұлғаларға, тыл еңбеккерлеріне және Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске үлес қосқан ҚР өзге де азаматтарына бір реттік материалдық көмек беруге республикалық бюджетте 5 млрд 690 млн 183 мың теңге қарастырылған.

Бір реттік материалдық көмек келесі ретте қарастырылған:

-  ҰОС қатысқандар мен мүгедектерге – 100 мың теңге;

-  ҰОС қатысқандар мен мүгедектерге теңестірілген тұлғаларға, Жеңіске үлес қосқан азаматтарға – 70 мың теңге;

-  ҰОС кезінде қаза тапқан әскери қызметкерлердің жұбайларына, ата-аналарына, Ленинград қоршауында болған тұрғындарға және Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары фашистер мен олардың одақтастары құрған концлагерлерде, гетто және өзге де мәжбүрлеп ұстау орындарында кәмелеттік жасқа дейін тұтқында болғандарға – 30 мың теңге;

-  тыл еңбеккерлеріне және Ұлы Отан соғысының қайтыс болған мүгедектерінің жұбайларына, Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске қосқан үлесі үшін оларға теңестірілген тұлғаларға – 25 мың теңге:

Мұнымен шектелмей, қосымша 50-ден астам іс-шара өткізілмек, соның ішінде Астана қаласында соғыс ардагерлерінің және тыл еңбеккерлерінің қатысуымен Отан қорғаушылар күніне және Жеңістің 70 жылдығына арналған әскери шеру өткізу; бұған дейін баспана алмаған соғысқа қатысқандар мен мүгедектерді баспанамен қамтамасыз ету; соғысқа қатысқандар мен мүгедектерге тұрмыста көмек көрсету және үйлеріне жөндеу жұмыстарын жүргізуді қарастыратын «Ардағым, ардагерім» акциясын өткізу;

Сондай-ақ, салтанатты жиындар, концерттер, кездесулер, кітаптардың тұсаукесерлері, фото және кітап көрмелері, спектакльдер, студенттер мен оқу орындары оқушыларының, жастар ұйымдарының қатысуымен мерекелік шерулер өткізу жоспарлануда.

Сонымен қатар, Астана мен Мәскеу қалаларындағы Жеңісті атап өтуге арналған іс-шараларға ардагерлердің қатысуына бюджеттен 61,8 млн теңге бөлінеді. 

Статистикалық мәлімет

2015 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша, Қазақстанда 5 037 - Ұлы Отан соғысына қатысқандар мен мүгедектер, 1 434 – Жеңіске қосқан үлесі үшін Ұлы Отан соғысына қатысқандар мен мүгедектерге теңестірілген тұлғалар, 195 – қайтыс болған (із-түссіз жоғалып кеткен) сарбаздардың жесірлері, 9870 – Ұлы Отан соғысының қайтыс болған мүгедектері мен оларға теңестірілген мүгедектердің әйелдері, сондай-ақ, соғысқа қатысқандар, партизандар, астыртын жұмыс істегендер, «Ленинградты қорғағаны үшін» медалімен және «Қоршаудағы Ленинград тұрғыны» төсбелгісімен марапатталғандар, жалпы ауру, еңбек жарақаты нәтижесінде мүгедек боп танылғандар, Ұлы Отан соғысы жылдары тылдағы жанкешті еңбегі және мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСРО ордендері мен медальдарымен марапатталғандар, Ұлы Отан соғысы жылдары тылда кем дегенде  6 ай еңбек еткендер тұрады.   


Дәурен Омаров

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға