Ұлы ертегіші Эдгар Вальтер

04.03.2022 2031

2006 жылы 4 наурыз күні Эстонияның Тарту қаласында 76 жасқа қараған шағында Эдгар Вальтер дүниеден өтті. Э. Вальтер эстон халқынан шыққан әйгілі жазушысы, жазушы болғанда да балалар жазушысы, суретші-иллюстратор әрі карикатурашы еді.

Ұлы ертегіші Эдгар Вальтер

Эдгар Вальтер 1929 жылы 21 қыркүйекте Эстонияның астанасы Таллинде бір үйдегі тоғыз баланың төртіншісі болып дүниеге келеді. Содан да шығар, Эдгардың арнайы білім алуға мүмкіндігі болмапты. Сөйтіп 1945 жылы орта мектепті бітірген ол әлденеше жыл әлденеше салада кәсіп қылып, нан табады. Ол кім болып жұмыс істемеді дейсіз... Слесардың көмекшісі, матрос, моляр, баспаханашы, бірде транспорт, тағы бірде декорациялық шебархана жұмысшысы.

Сөйтіп жүріп Эдгар Вальтер өткен ғасырдың елуінші жылдарынан еркін суретші атана бастайды. Сол кәсіпке біржола бас қояды десе де болар. Нәтижесінде 1956 жылы Эстония Суретшілер одағының мүшелігіне қабылданады. Сол жылдары дүркіреп тұрған «Hea Laps» («Жақсы бала»), «Täheke» («Жұлдыз»), «Pioneer» («Пионер) және «Pikker» («Пиккер») сынды журналдармен тығыз қарым-қатнаста жұмыс істейді.

Вальтер Эстонияның мен деген карикатурашыларының қатарына қосылып, «Kaugel naljast» («Шаттықтан тыс»), «Pildiraamat koolijärikutele» («Оқушыларға арналған картиналар кітабы»), «Jahikoera memuaarid» («Аңшының иті туралы естелік»), «84 lk» («84 р»), «Veekandja» («Су тасушы»), «Ho-Ho-Hoo» («Хо-Хо-Ху») сынды алты авторлық карикатуралар альбомын шығарады. Сондай-ақ, 1987 жылы Мәскеудегі «Совет суретшісі» баспасынан жарық көретін «Совет карикатурасының шеберлері» сериясының бір шығарылымы Вальтердің шығармашылығына арналады.

Ұлы ертегіші Эдгар Вальтер

Карикатура саласындағы осыншама еңбегіне қарамастан, Эдгар Вальтерге танымалдық әкелген нәрсе – иллюстрация. Вальтер екі жүз елуден аса кітапты иллюстрациямен көркемдепті. Оның жүз жетпісі балаларға арналған. Эстон жазушыларының үздік хикаялары мен ертегілерін көркемдеген Эдгар Вальтер иллюстарциялары эталонды еңбек саналады. Эстноияның ғана емес, өзге де елдердегі жас оқырманның, міне, әлденеше буыны Сипсикты, Муфты, Э. Раудтың Жарты бәтеңке мен Қапсақалын, А. Первиктің Мора әжейін, О. Лутстың Мүйізді балақайын, Я. Раннаптың Агу Сивкхасын тап осы Вальтердің суреттері арқылы біліп, жақсы көреді. Суретшінің иллюстрациясымен жарық көрген кітаптар жиырмадан астам шет тіліне аударылыпты.

Эдгар Вальтер кино мен театрда да еңбек еткен. Сахналық костюмдердің эскиздерін жасап, плакаттар мен афишалар сызып, живописьтік жұмыстармен айналысыпты. Вальтердің қабілеті туралы сөз болған жерде аузын ашып, көз жұмбайтын жан жоқ. Мысалы Эно Рауданың «Сипсик» және «Муфта, Жарты бәтіңке мен Қапсақал» ертегілері әр жолы қайта басылып шыққан сайын, ол әрқайсысына әртүрлі, жаңа иллюстрациялар ұсынып отырған.

Ұлы ертегіші Эдгар Вальтер  

Өткен ғасырдың 90-шы жылдары Вальтер Урвасте Пылтсамасскі уезіне қарасты Пэересмяэ хуторына қоныс аударады. Сөйтіп тұмса табиғат аясындағы жалғыздық пен тыныштықтан шабыт алған ол өзінің көңілді орман адамы туралы алғашқы кітабы – «Покиді» жазады. Әлбетте оны иллюстрациямен де өзі көркемдейді. Жып-жылы ертегінің негізгі тейтмотиві – табиғат және ондағы тіршілік иелерімен үйлесімді қарым-қатнас турасында еді. Кітапты қалың оқырман аса жылы қабылдайды. Сөйтіп қанаттана түскен автордың кейінгі 12 жылда балаларға арналған тағы 15 кітабы жарық көреді. Арасында оқырманның сүйікті кейіпкеріне айналған поктар туралы екі кітабы бар. Сөйткен поктардың Эстониядағы танымалдығы артқаны сонша, осы күнде ол эстон балалар әдебиетінің мойындалған символдары – накситраллялар мен Сипсиконың қатарында тұр. Тіпті поктар мен оларды дүниеге әкелген адамның шығармашылығына арналған «Покумаа» демалыс бағы да бар көрінеді.

Ұлт мәдениетіне сіңірген еңбегі үшін Э. Вальтер эстонның үшінші дәрежелі Ақ Жұлдыз орденімен марапатталған.

ADEBIPORTAL.KZ

Бөлісу: