Жаңалықтар

Ұлы дала көшпелілерінің көркемдік мәдениеті (II бөлім)

Ғалымдар зерттеуіндегі дерек пен дәйек
Ұлы дала көшпелілерінің көркемдік мәдениеті (II бөлім)
Фото: © El.kz 30.06.2021 16:21 19850

 

Обадан табылған бейнелер ұғымы

 

Есік обасында жерленген сақ бекзадасы табылғаннан кейінгі уақытта жүргізілген Қазақстан территориясындағы ерте темір дәуірі ескерткіштерін зерттеу жұмыстарының нәтижелері мұнда «аң стилі» дамып және ұзақ уақыт жалғасын тапқандығын көрсетті. Сақтардың келбетін айқындайтын ерекше археологиялық мәдениеттер бөлінді, олардың пайда болу негіздері әртүрлі болғанына қарамастан соңғы нәтижелері ұқсас пішіндегі қара-жарақты, ат әбзелдерін, киім әшекейлерін және белдікті қалыптастырды, онда ежелгі халықтардың ғұрптық ұстанымдарын және дүниетанымын көрсететін «аң стилі» басымдық алған ортақ өнерлері болды. «Аң стилі» шамамен б.з.д. VIII-II ғасырлар аралығындағы хронологиялық шеңбер аясында өмір сүрді.

 

Скифтік-аң стилі өнерінің ұзақ уақыт өмір сүруі, оның көркемдік-дүниетанымдық ерекшелігі мен мазмұны Еуразиядағы көшпелі тұрғындардың мәдени дамуы тұрғысынан қарағанда «аң стилінің» пайда болуы мен қалыптасуы, оның көркемдік, семантикалық және аймақтық ерекшеліктерін анықтау мәселелерін қамтитын мәселелер шеңберін туындатты. Сондай-ақ зерттеулер адамның өмір сүру ортасы мен олардың өзара қарым-қатынасы мәселелерін, ежелгі шебердің шығармашылық қиялына әсер еткен сана мен сана-сезім психологиясын қамтыды.

 

Ат әбзелдерінде, қару-жарақтарда, киімнің әртүрлі әшекейлерінде, белдіктерде, еңбек құралдары мен айналарда дәстүрлі және каноникалық кейіпте бедерленген аң бейнелерінің жиынтығы «аң стилінің» негізін құрады. Оларды шартты түрде құстар, жыртқыш аңдар, шөп қоректілер және мифтік аңдар деп төрт топқа бөлуге болады. Шартты топтардың болуы б.з.д. І мыңжылдықтың өзінде көркем өнердің кейіпкерлері топтарға бөлу арқылы сол кезеңде көшпелілер қоғамындағы жануарлар әлемінің классификациясының болғандығын көрсетеді.

 

Көркем бейнелер арасында жыртқыш бейнелері ерекшеленеді, олар «аң стилінде» көп тараған бейнелердің бірі, бұл олардың ежелгі көшпелілердің эстетикалық және ғұрыптық-мифология ұғымында маңызды орын алатындығына негізделген.

 

Алтайдан табылған мәңгілік топ басқан Берел, Пазырық қорымы сияқьы обаларды қазу нәтижесінде ежелгі Еуразия тайпаларының ежелгі өнері мен дүниетанымы туралы бірегей мәліметтерге қол жеткізілген. Олар б.з.д. V-III ғасырға мерзімделетін Пазырық мәдениетіне жатады. Қытай деректеріндегі мәліметтерге сәйкес қарастырылып отырған кезеңде бұл территорияны Юэчжы деп аталатын тайпалар мекен еткен. Тау көшпелілерінің этникалық сипатын анықтайтын басқа нұсқаны ежелгі гректер ұсынды. Сонымен, белгілі антикалық тарихшы Геродот өлкенің ең шетіне «алтын корушы» грифтер мен аримаспыларды орналастырды. Мұнда әңгіме болжам бойынша Алтай жайында болған. Қабір шұңқырында мәңгі тоңды қалыптастыру үшін, бұл обаларды дайындаушыларға арнай жағдайлар жасалғандығы туралы мәлімет ерекше қызық. Оларға өз тайпаластарының мәңгілік ұйқыда жататын жерін уақыттың аяусыз және шарасыз әсерлерінен барынша алыстату маңызды болды. Берел қорымының бірнеше обалары жерлеу бұйымдарының біршама көптігімен ерекшеленді. Бұл жерде осы таулы өлкеде қоныстанған тайпалардың көсемдері жерленген болуы мүмкін. О дүниеге олар көптеген жылқылармен аттанған. Сонымен, бірінші обада 17 жылқы, он бірінші обада 13, оныншы обада 10 жылқы болған. Кейбір жылқылардың басына ағаштан жасалған таутекенің мүйізі бар теріден тігілген бетперделер кигізілген.

 

Берел обаларын зерттеуші автор Зейнолла Самашевтің пікірінше, жерлеу заттарының көптігіне сәйкестірілген, дәрежесі бойынша ең үлкен оныншы обада ағаштан жасалған таутеке мүйіздерінің моделдері болған. Беас мүйіздің арасындағы ең ірі мүйіз «меншікті ер» жылқысының басына кигізілген бетпердеде бекітілген. Ол жылқы сонымен қатар отты-жирен реңімен ерекшеленді. Жануарды таңдау кездейсоқтық емес. Таутеке – бұл «аспан кеңістігін мекендеуші, тек таңдаулылардың ғана қолы жететін, көсемнің атрибуты және көсемнің символ ретінде қабылданған. Мәңгі тоңның арқасында өте жақсы сақталған сүйектен, ағаштан, теріден, киізден жасалған бұйымдар ерте көшпелілер тайпаларының мәдениетін сапалы деңгейде зерттеуге ғалымдарға мүмкіндік туғызған.

 

«Қазақ даласы әміршілерінің алтыны»

 

Ендігі жерде археолог-ғалым Зейнолла Самашевтың деректеріне кезек берейік. Ғалымның айтуынша 1997 жылдан бастап бүгінге дейін зерттеген Берел қорымының көптеген обалары осы уақытқа жатады.

 

«Ескерткіш осы жерден табылған көшпелі ақсүйектер қорымдарының, сондай-ақ ежелгі және ортағасырлық көшпенділердің өнеріне тән ерекше мәнерде орындалған көркемдігі жоғары бұйымдардың арқасында дүниежүзіне мәлім болды. Берел қорымы қазақ Алтайында, Қазақстан Республикасының Шығыс Қазақстан облысы Қатонқарағай ауданының Берел ауылынан батысқа қарай 7 км жерде орналасқан. Жүзден астам әртүрлі уақыттағы жерлеу-ғұрыптық құрылымдардан тұрады. Ол Бұқтырма өзенінің үшінші террасасында, табиғаты көркем биік таулы алқапта, 1120 м абсолюттік биіктікте орналасқан.

 

Берел даласының ежелгі тұрғындары бұл жерде өз билеушілері үшін ірі жерлеу орындарын тұрғызған, онда қайтыс болғандардың мүрделерін шірітпей ұзақ уақыт бойы сақтауға болатын еді. Олар бальзамдау құпияларын меңгерген, ал олардың тас құрылымдарды салу тәжірибелері обаның жерлеу камерасында мәңгілік тоңның маусымдық линзасын қалыптастыруға мүмкіндігін берді. Осы мақсатқа жету үшін жерлеу ғұрыптарына байланысты барлық іс-шаралар, марқұмды о дүниеге жіберуді жылдың белгілі уақытында ғана іске асыруға болатын қатаң регламентке бағындырылған болуы мүмкін.

 

Ірі кесек тау жыныстарынан салынған кейбір обалар ықшам ауданның табиғи-климаттық ерекшеліктеріне, сондай-ақ басқа да факторларға байланысты мәңгілік тоң линзасының құрылуына мүмкіндік берген белгілі бір жағдайлар жасалды, сондықтан жерлеу камераларында сақ көшпелі қоғамының жоғары билік өкілдерімен бірге о дүниеге баратын заттар – киімдер, ат әбзелдері мен ағаштан жасалған жабдықтар, ер-тұрмандар және маталар, ағаш ыдыстар, теріден, киізден жасалған бұйымдар сақталған. Бұл ескерткіштердің бірегейлігі де осында.

 

1997 жылдың өзінде-ақ осы ескерткішті зерттеуге кіріскен кездегі міндеттің бірі – «оба астындағы мәңгілік тоң линзасын» қалыптастыру және сақтау мүмкіндігін көрсететін модель үлгісін жасау болды. Құрылымның конфигурациясына және параметрлеріне, тас жабындар қабаттарының саны мен қалыңдығына, ірі кесекті тау жыныстарының мөлшері мен формаларына және тағы басқа сипаттарына байланысты мұзды жыныстардың түрлі типтерін қалыптастыру мүмкіндігі анықталды. Тастардың ұсақ саңылаулы құрылымы мен жоғары жылу өткізгіштікке ие тас материалының өзі (метаморфикалық саз пен төменгі палеозой алевриттері) №11 оба астында терең маусымдық мұздану, қар шоғырының және қуаты аз мәңгілік (көп жылдық) алаптарды қалыптастыру үшін жағдайдың туындауына мүмкіндік жасады.

 

№11 обада патшалық еткен әулеттен шыққан ер адамдар мен әйелдер жерленген. Оларды сан ғасырлық балқарағай діңінен ойып жасалған және қима-тағанның ішіне орнатылған астауға қойған. Қима-тағанның солтүстік қабырғасының сыртында екі қабатты жерлеу орнында жирен түсті 13 айғыр жерленген. Жануарларды маңдайларынан чеканмен ұрып өлтірген.

 

Астау балқарағай діңінің бөлігінен ұңғып жасалған, оның беті мұқият өңделген және тегістелген. Бұйымға ерекше беріктік беретін, арнайы құрам сіңдірілген. Астау қақпағының бұрыштарында алтын жалатылған, қоладан жасалған бүркіттердің мүсіндері орнатылған, сонымен қатар олар ұшып бара жатқан және қонған жағдайлар да бейнеленген. Қима-тағанның өзі куриль шайы бұтасының сабақтары мен бұтақтарынан жасалған ішкі төсемесі бар, екі қабатты қабық төсемемен, бір-бірімен жартылай қоссырықтармен тығыз коюластырылған төсенішпен жабылған.

 

Астауда жерленген көсемнің басында шаш немесе парик сақталған. Ер адамның бас сүйегінің төбе жағында аяқталмаған трепанация iздері белгіленген. Оның әзірге екі жақты түсініктемесі ғана бар. Бұл бальзамдау кезінде миды алуға арналған әдеттегі әрекет, не шайқас кезінде соққыдан болған қатты жарақат кезіндегi жарадан сүйек сынықтары мен қатып қалған қанды алу мақсатындағы медициналық көмек көрсету әрекеті. Қабырғаларында және омыртқаларында өмірдің түрлі кезеңдерінде алған, бітіп кеткен көптеген сынықтар көрінген. Ер адамның жас мөлшерін антропологтар 30-40 жас аралығында деп анықтаған. Оның бас сүйегінің беткі жағындағы айқын моңғол типтес ерекшеліктері бар аралас физикалық бет-бейнесі айқындалды. Алғашқы қорытынды бойынша әйел ер адамға қарағанда кейінірек жерленген. Мамандар жүргізген молекулярлы-генетикалық зерттеулер барысында бұл жерде жақын туыстық байланысы бар адамдар – анасы мен ұлы немесе ағасы мен қарындасы жерленген.

 

Бұл жерде алтын фольгамен жабылған, денесі мысық іспеттес және беті адам тәріздес сфинкстердің ағаш мүсіндері табылған. Сфинкстердің бастары мүйізді тәждермен аяқталған. Жерлеу орны тоналғандықтан, бұл мүсіндердің бастапқы мақсатын анықтау қиын, олар костюмнің құрамдас элементі болған. Мәселен, бас киімді безендіруі мүмкін.

 

Берел жылқыларын сақтаудың бірегей жағдайы олардың ас қорыту жолдарының құрамын палинологиялық талдау жүргізуге және жерлеу маусымын анықтауға мүмкіндік берді. Ас қорыту жолдарының құрамын жуған кезде анықтауға жарамды жемістер мен тұқымдар анықталған жоқ. Бірақ қылқан қалдықтары, дақыл сабақтарының бөліктері, қабық талшықтары анықталды. Тозаңдары палинокешенде ұсынылған Алтай өсімдіктерінің гүлдену мерзімдері маусым-шілдеге сай келеді. Палеоботаниктердің алдын-ала қорытындысы бойынша жерлеу осы уақыт аралығында жүргізілді.

 

Жылқылардың салтанатты жамылғысының белгісі бетперде кигізілген жануарлардың мүйіздері болып саналады. Тау ешкісінің мүйіздері тәріздес ағаш мүсіндердің мағынасы терең және мұндай бұйымдардың әдеттегі сәндік-қолданбалы мақсаты аясынан тыс болады. Тау ешкісінің бейнесі жоғары көсем жылқысының салтанатты әбзелінің қалған элементтерімен байланысты. Бұл жерленген адамның таңдаулылық идеясымен байланысты болуы мүмкін. Осы жағдайда сакралдық атрибут – мүйіздер түрінде ұсынылған тау ешкісінің бейнесі семантиканы ашып жазу және жоғары көсем жылқысының салтанатты әбзелін сәндеу элементтерінің өзара байланыстары жүйесін талдау мән-мәтінінде таңдаулылық идеясымен байланысты болуы мүмкін. Тау ешкісі (үнді-еуропалық мифологиялық дәстүрде құнарлылық тұрпымен, құрбандық шалу себебімен байланысты ешкінің басқа бейнесімен ұсынылған) – тек таңдаулылар үшін ғана қолжетімді, кеңістіктің ерекше саласын, көк шыңдарын мекендеуі кесемнің атрибуты және ғарыштың нышаны ретінде ұғындырылған.

 

Жылқылардың бетперделері түрлі жануарлардың және қиял-ғажайып тіршілік иелерінің мүсіндерімен безендірілген. № 11 обада тонаушылар шашып тастаған заттардың арасында біз штандарттың сүйір төбесі ретінде жіктеген қанатты тигрогрифон мүсіндерін таптық, бірақ біз оны ақбоз түсті жылқының басқа киетін бетпердесінің элементі, яғни, «жеке ер тұрманы» ретінде анықтау ықтималдығын да жоққа шығармаймыз.

 

Киізден, алтын пластиналардан және басқаларынан жасалған қанатты қиял-ғажайып тіршілік иесінің бас мүсінінен құралған басқа мүсiндiк композиция да 13 жылқының бастарындағы бетперделерін безендірді. Жылқы әбзелдерінің бөлшектері — жүгендері, төс, құйрық белбеулері, ерлері – қапсырмалары, сулықтары, салпыншақтары, белдік бөлгіштері ағаштан жасалып, өрнектеліп безендірілген және алтын фольгамен қапталып, қалайымен жалатылған. Жылқы әбзелдері бұйымдарына орналастырылған жануарлар бейнелері арасында мысық тәріздес жыртқыштар, тау ешкілері мен арқарлар, бұландар, жыртқыш құстар мен грифондар, сондай-ақ балық бейнелері, өсімдік көріністері бар.

 

Ежелгі берелдіктердің композицияны құрудың ең ұнамды тәсілдері айналық симметрия және геральдикалық ұңғылау қағидаттары болды. Осылайша орындалған сюжеттер, шлеттері қарама-қарсы қойылған жануарлар бейнесі түрінде безендірілген бөлу белдіктерінде, белдіктерді безендірген аспаларда жиі кездеседі.

 

Әдетте жылқылардың салтанатты әбзелдерінің белдіктерінде орналасқан үлкен үш өлшемдік қапсырмалар қызығушылық туғызады. Осы қапсырмалардың көлденең бөлігі қиял-ғажайып жануарлардың, сондай-ақ Қазақ Алтайының фауналық кешенінің нақты өкілдерінің бейнелерінде болады.

 

Бұл жерден, сондай-ақ Берелдің басқа да обаларынан табылған ер-тұрмандары ішіне жүн немесе шөп толтырылған, қызыл түсті матамен тысталған тоқымдар түрінде болды. Түкті құрылымдар табиғатын, атап айтқанда жабудың жұқа киізін зерттеу, шаштардың негізгі бөлігінде өзегінің жоқтығын көрсетті. Бұл қойлардың тұқымына және ангор ешкілеріне, оған жақын тұқымдарға тән. Шаш құрамында дақтың бөлшегі анықталған жоқ. Бұл жануарлардың тіршілік етуі кезіндегі ақ түстес болғанын көрсетеді. Қазіргі кезде байқалатын қоңыр түс қабір шұңқырының ішіндегі жағдайдың әсерінен немесе жасанды түстің салдары болуы мүмкін.

 

Барлығының ішінде алтын түстес сарғыш түспен ерекшеленетін жылқылардың бірінің ер-тұрманы туяқты жануарды тигрогрифонның азаптау көрінісі бейнеленген аппликациямен және ағаштан жасалған кедір-бұдыр салпыншақтармен безендірілген. Ағаштардағы жануарлар бейнесімен қатар, берел обаларының көшпенді үшін әдеттегі материалы – киізде, сондай-ақ ежелгі өнердің шынайы жауһарлары – анималистік бейнедегі, өсімдік және зооморфтық сарындағы аппликациялардан жасалған, мата жіптерде бейнеленген ұлы шеберлердің туындылары, сонымен қатар тоқыма матадан жасалған әртүрлі бұйымдар бар.

 

Көшпенді ақсүйектердің қабірлеріндегі жылқылардың көп болуы, олардың жоғары әлеуметтік мәртебесін, сондай-ақ қайтыс болған әміршілердің денелерін мәңгілік сақтау әрекетін көрсетеді. №11 обаның мерзімделуіне келер болсақ, онда дендрхронологиялық және радиокөміртектік өлшемдер арақатынастылық негізінде екі мерзім ұсынылды. Олар – б.з.д. 322 ж. аралықты ескере отырып б.з.д. 355–280 жж. және б.з.д. 297 ж. Ал түптеп келгенде, археологиялық мерзіммен – б.з.д. IV ғ. соңы ІІІ ғ. басымен сәйкес келеді.

 

Қайың қабығымен жабылған қима-тағанды басқа №10 обада сирақтары астына бүгіліп салынған, толық салтанатты әбзелденген жирен түсті 10 жылқыны бірге жерлеу орны табылды және де жануарлардың бастары алдыңғы жылқылардың сауырына тақалып қойылған, ал алдыңғы жағына қойылған төрт жылқыда тас тақтастан арнайы тұғырлары болды.

 

Бұл жерден бірегей аппликациялы он ер-тұрманның мынадай үлгілері алынды: «жалынды қораз» бен сақал-мұрты бар адамның профилі, басында тау ешкісінің мүйізі, арыстанды еске түсіретін жыртқыштың қанатты денесі, қысқа құйрықты – қиял-ғажайып полиморфтық тіршілік иесінің бейнесі. Бейнелердің контуры жұқа жүн жіптермен безендірілген. Сонымен қатар бұл уақыт үшін сирек кездесетін емізік тәріздес әшекейлері бар ірі саз құмыра табылғанын да атап өту керек.

 

Терең шұңқырдағы үлкен тас жәшіктің ішіндегі қима-тағаны бар № 36 оба тас қабырғаның ішіне марал мүйізінен жасалған алпыстан астам заты бар салтанатты әбзелдегі ат жасырылған жерлеуімен ерекше қызықты. Бұл жылқының сүйектен жасалған әбзелдері Ұлы даланың ежелгі көшпенділерінің сүйектен ою оятын шеберлерінің белгілі туындыларына жатады.

 

Марал мүйізінен жасалған ат әбзелдеріндегі әшекейлер негізінен бүркіт протомынан, бұлан мүйіздерінен, жылқылардың құлақтарынан және тағы сол сияқты жасалған санкретикалық тіршілік иесі болып табылды. Оның синкреттігі айдарлар, жылқының құлақтары, бүркіттің бас мүсіні ретінде түсіндірілген бұлан түріндегі мазмұнды элементтермен күшейтілген. Полиморфтық тіршілік иелерінің бұлан мүйіздерін бейнелеу үшін шынайы және ирреалдық сипаттарды үйлестіру тән. Бұлан мүйізінің жалпы құрылысы – шабақ, күрек және өскін айтарлықтай деңгейде шынайы қалпына келтірілген, бірақ мүйіздер қарама-қарсы бетте орналасқан, ал мүйізді күрек жоғары, бұландікі кейін қарай бағытталған. Берел тіршілік иелері мүйіздерінің айдар тәріздес кескіні пазырық обаларының әтештері бар тері аппликацияларға жақын.

 

Сәндік-қолданбалы да, сондай-ақ культтік-магиялық мақсаттағы барлық бұйымдарда дерлік кездесетін қызыл, ақ және алтын түстердің түстiк нышан үйлесімі кейбір мифоэтикалық ұғымдармен тығыз тоғысуы мүмкін. Барлық сүйек бұйымдарға ашық қызыл бояу – киновары жағылған, кейбір жерлері қалайы пластиналармен және алтын фольгамен жабылған. Бояу жағудың жүйелілігінің белгілі бір қағидаты бар: алдымен қызыл, кейін ақ және сакральды мағыналы алтын түстер жағылған. Барлық түстік гамма жер әміршісінің – жылқы иесінің құдайлық болмысын көрсеткен.

 

Бедерлі бейне, бояу, метал жалату сынды көркемдік құралдардың және техникалық тәсілдердің (мүйізді өрнектеу, бояу, метал фольганы жасау және оны жабу) әр алуандығы сүйектен ою оятын өнердің Еуразияның көшпенділерінің басқа өндірістік-технологиялық әлеуетімен ықпалдасатындығын айғақтайды. Жарқын материалдар № 9 обасынан алынған, олардың қатарында медициналық құрал – бүйірінде буды шығаруға арналған қос түтік орналасқан шағын қола ыдыс. Ғұрыптық ыдыстың ішінде сегіз малта өзен тастары мен сора тұқымдары болды. Сонымен қатар Берел обаларында алғаш рет кездескен ағаш баспалдақты атап өтуіміз керек. Мұнда салтанатты киімнің алтын жапсырмалары, сфинкстердің кішкентай мүсіндері табылды. № 9 обада жерленген әйелдің жілік сүйектерінен сүйек кемігін алу фактісі анықталды. Бұған ұқсас жағдай ақсүйек тұқымды қартаң əйел жерленген № 2 берел обасында да орын алған. Сондай-ақ типологиялық және көптеген компоненттері бойынша Жетісудағы Есік, Ауғанстандағы Тилля-тепе, Оңтүстік Кореядағы Силла және Шығыс Қазақстандағы Құлажорға мәдениетінің қатардағы бір обаларынан табылған үлгілерге жақын бас киімдердің қалдықтары Берелдегі №31, №19 обалардан табылғанын атап өту керек.

 

Жоғарыда аталғандардан басқа, ежелгі көшпенділердің обаларынан түрлі жылдары ат әбзелдерінің, адам киімдерінің мыңдаған әшекейлері, теріден, киізден, теріден, темірден және ағаштан жасалған заттар табылған. Берел қорымында жүргізілген көп жылдық жұмыстар барысында осы өңірдің ежелгі тұрғындарының антропологиясы бойынша ауқымды материал жинақталды және үш антропологиялық қайта жаңғыртпалар жасалды. Антропология бойынша материалдар олардың бет-бейнелері, өмір сүру салты, тамақтану рационы, аурулары және тағы сондай ерекшеліктері жайлы айтуға мүмкіндік береді.

 

Берел обаларынан, тек ол жерден ғана емес, табылған заттар қоғамның бұрынғы ақсүйек тұқымды мүшесін о дүниеге шығарып салғанда сол өмірде ол басқаша өмір сүруі үшін бірге жіберуге арналған ат әбзелдері элементтерін әшекейлеуге ғана арналған. Олар күнделікті нақты тіршілік әрекетінде адамдар пайдаланғанға ұқсас болуы мүмкін, бірақ олардың кейбіреулері () қандай да болсын этикалық-ғұрыптық немесе өзге де нормалармен немесе өзге де нормалармен қатаң реттелген. Мәселен, күрделі, қиын қиялдағы бейнелер мен сюжеттері бар. Және сәйкесінше, «бірге жерленетін жылқыларды» әшекейлеу, жерлеу киімдері және тағы басқа үшін ерекше тапсырыспен ғана дайындалған, бірақ «жер бетіндегі» тұрмыста пайдаланылған жоқ. Бұл жерлеу-ғұрыптық құрылыстардан шыққан «көркемдік», шаруашылық-тұрмыстық немесе өзге де бұйымдардың семиотиялық мағыналарын, мәртебелерін ашумен де байланысты. Бұл заттар қоғамдағы «жаппай» тұтынуға арналған заттарға жата ма, яғни олардың кейбіреулерін өнер туындысы деп қарастыруға бола ма? Мәселен, айырбасқа, сатуға, адамдардың эстетикалық немесе басқа да, оның ішінде, күнделікті қажеттіліктерін қанағаттандыруға арналған ба? Егер олардың формасы мен мазмұны, сондай-ақ тұтыну саласы да жоғарыда аталғандай, өту дәстүрі нормаларымен реттелгендіктен, онда олар діни-ғұрыптық сипаттағы өнер туындысы ретінде ғана жіктелген және сакралдық саласына жатқызылған. Демек, «аң стиліндегі өнер», «ежелгі өнер» және тағы сол сияқты түсініктерді пайдаланған кезде акцент заттардың «нашар болмысынан» сакралдыға өзгертіледі. Мұндай бірегей бұйымдарды дайындау үшін бірсыпыра орталықтар жұмыс істеп, бейнелеу өнерінің сан ғасырлық дәстүрлері, өздерінің көркемдік талғамдары мен бағыттары бар, ұрпақтан-ұрпаққа берілген көркемдік дағдыға және дайындау технологиясының құпияларына ие, жоғары деңгейдегі шеберлер жұмыс істейтін мектептер, «цехтық бірлестіктер» және тағы да өзге өндіріс оырндары қызмет етуге тиіс», - дейді археолог Зейнолла Самашев «Берел қазынасы – бабалардың ұлы мәдениеті» атты кітабында.

 

Аталған еңбек арқылы болашақ ұрпақ Ұлы дала көшпелілерінің, яғни ата-бабамыздың көркемдік мәдениетімен жете таныспақ. Біз өз материалымыздың екі бөлімінде осынау сан жылдарды арқалаған зерттеудің, мәдени таным-түсініктің бір парасын ғана бере алдық. Ары қарай қазақ жеріндегі мәдениет пен болмысты, рухани қазынаны ақтарып алу оқырманның өз еркінде.

Бөлісу:
(Суреттер ашық интернет көзінен алынды) Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға