Жаңалықтар

Ұлық мереке – Құрбан айт

Құрбандық шалу – мүмкіндігі бар барлық адамға уәжіп
11.09.2016 20:00 5837

Мұсылман қауымының қасиетті саналатын ортақ ұлық мейрамы – Құрбан айт мәртебесі биік діни мереке. Елімізде 2005 жылғы 28 желтоқсанда қабылданған заң жобасына сәйкес Құрбан айт пен Рождество мерекесінің бірінші күні демалыс күндері болып жарияланғалы, бұл айтулы мереке мемлекеттік деңгейде тойланып келеді.

Ұлық мереке – Құрбан айт

«Ораза айттан» кейін 70 күннен соң басталған мереке үш күн атап өтіледі. Бұл күндері Алла ризашылығы үшін құрбандық шалынып, мал сойылады. Бұл мұсылмандар үшін негізгі міндеттердің бірі. Құрбандыққа қой, ешкі, сиыр және түйе малын шалады. Ауру, соқыр мал құрбандыққа шалынбайды. Мұсылмандар үшін Құрбан айттың бірінші күні маңызды болып саналады. Бұл күні мешіттерде айт намазы оқылып, адамдар бір-бірін құттықтап, жайылған дастарқаннан дәм татады.

Құрбан шалу тек мал бауыздаумен ғана шектелмейді. Онда адамның ішкі ниеті, шын пейілі, дінге бекемдігі, тақуалығы, басқаларға жанашырлығы таразыға түседі. Сондай-ақ пенденің пендешілігі мен мәрттігі, сараңдығы мен жомарттығы да сыналады. Күллі мұсылман жұртшылығын бір-біріне жанашыр болуға, қамқорлық жасауға, қиналғандарға көмектесуге, жағдайы нашарларға қарасуға, өзара мейірімді болуға шақырады. Қажылық өтеушілер Қағбаға жүзін қаратып, Арафатта жалбарынып, дұға оқиды. Дүйім мұсылман баласы пайғамбарлардың ісін қайта жаңғыртып, Алла жолында құрбандық шалу арқылы бір-бірін дінге беріктік танытуға шақырады.

Ұлық мереке – Құрбан айт

Құрбандық шалу – мүмкіндігі бар барлық адамға уәжіп. Ислам дінінде әйел экономикалық тұрғыдан дербес, өзіндік жауапкершілік иесі болып саналады. Сол себепті егер әйелдің меншіктік құқы, өзіне ғана тиесілі байлығы нисап мөлшерінен асса, әйелдің жеке өзі құрбандық шалуы да уәжіп. Құрбан шалуға жағдайы жоқ кісілерге жасалған және бір жеңілдік, ол – айт күні жуынып-шайынып, тазалану. Себебі бұл тазалық оларға құрбандық шалғандай сауап әкеледі.

Елімізде құрбан айт мерекесі жыл өткен сайын бұқаралық сипатта тойланып келеді. Елордамыз Астанадан бастап, қала, аудан, тіпті шалғайдағы елдімекендерде ақшаңқай киізүйлер тігіліп, мұсылман мерекесі сән-салтанатымен өткізу үрдіске айналды. Бұл күндері мерекелік дастархандар жайылып, салт-дәстүрлеріміз бен ұлттық ойындарымыз жаңғыра түседі. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға