Жаңалықтар

Лудоманиядан Кореяға барып айыққан қазақ жігітімен сұхбат

Лудоманиядан Кореяға барып айыққан қазақ жігітімен сұхбат
Фото: Коллаж El.kz 08.11.2024 18:00 1822

Бізді құмар ойынның жетегіне еріп, лудомония дертіне шалдыққан жігіттің оқиғасы ерекше назар аудартты. Ол лудомониядан айығу үшін Кореяға барған. Кейіпкеріміз оқиғасын El.kz  тілшісіне  айтып берді.

Кореяға не үшін кетті?

Біздің кейіпкердің есімі - Бақытжан. 1995 жылы Алматы облысында дүниеге келген. Қазіргі кезде Корея мемлекетінде самсунгтың кемелер шығаратын зауытында жұмыс істейді. Бүгінде бұл жақтың тұрмыс-тіршілігіне үйреніп, тұрып жатқанына екі жыл болған.  

Лудоманиядан Кореяға барып айыққан қазақ жігітімен сұхбат

фото: Бақытжанның жеке мұрғатынан

Қараша айында Кореяға келгеніме екі жыл болады екен. Бұл жақта самсунгтың кемелер шығаратын зауытында жұмыс істеймін. Күніне шамамен 45-50 мың теңге табыс табамын, – деді ол.

Ол Кореяда құрылыс, зауыт немесе басқа да кез келген қара жұмыстың жалақысы Қазақстанмен салыстырғанда әлдеқайда көп екенін айтады.

Қазақстанда жүргенде көбінесе әртүрлі компаниялардың сату бөлімдерінде жұмыс істедім. Таксист болған кезімде болдым. Бірақ тұрақтылық болған жоқ. Жалақым шамамен айына 150-250 мың теңгенің арасында болды, – дейді Бақытжан.

Иә, Қазақстанда жалақы деңгейі кейбір салада төмен болғандықтан, жұмыс іздеп шет елдерге шығатындар саны артып келеді. Оның ішінде Оңтүстік Корея – қазақстандықтар үшін танымал бағыттардың бірі. Кореяда жұмыс істеп, жақсы табыс табуға мүмкіндік көп, әсіресе өндіріс, құрылыс, ауыл шаруашылығы, және қызмет көрсету салаларында. Сонымен қатар Кореяның жұмыс визасы мен еңбек шарттары көптеген қазақстандықтардың көңілінен шығуда.

Бір жағынан Кореяда жұмыс істеуге, екінші жағынан лудомания дертімді жеңуге келдім. Бірақ басында бұл елге келгенде тек қыдыру (пахать) болды. Кейін уақыт өте келе, бұл ойым өзгеріп, жоспарымды жетіліп, пішіні пайда бола бастады. Яғни, зауытта жүріп, көптеген пайдалы подкасттарды тыңдап, білім алғанның арқасында осындай жетістікке жеттім, – деді.

Қарыздар қалай пайда болды?  

Бақытжанның сөзінше, адамның үздіксіз білім алуы «қазіргі әлемде алдыда болудың басты талабы» деген заңдылық, әр жыл сайын бекемденіп келе жатыр.

2023 жылы мен үшін өмірімдегі маңызды жылдардың бірі, бәлкім маңызды болып есімде қалары анық. Көп дүниелерге көзқарасым өзгеріп, өзіндік бір трансформациялық процесстің басталған жылыы болды. Дәл осы жылдағыдай білім алуға деген талпыныс менде ешқашан болмап еді. Әрине, оның өз себебі бар, – дейді ол.

Бұл азаматтың айтуынша, адамдарды өзгеруге, білім алуға әртүрлі себептер итермелейді. Бірақ кейбір кезде адамдардың қатты өзгергісі келетіні – бұл үлкен бір проблемамен кездесу, шұңқырға түсу, дәлірек айтқанда одан шығу жолын іздеу.

Менің жағдайымда дәл солай болды. Біздің қоғамда өкінішке қарай, бірнеше өмірлік маңызы бар өзекті мәселелер бар. Соның бірі – лудомания ауруы, азарт ойындары, және ақша тігу. Бұл ауруға менде шалдықтым. 2017 жылдан 2022 жылға дейін ауырдым. Кореяға келген мақсатым – 5 жыл бойы ауырған, лудомания дертінен жиналған 10 миллион теңгеден астам қарыздарымды жабу, өзімді өзгертіп, жаңа өмірімді бастау болды, – деді ол.

Жас жігіттің студент кезінен ақырындап ұтыс тігіп бастаған екен. Солай уақыт өте келе, ойынға деген құмарлығы артып, қоятын ақша мөлшері де көбейе берген.

Салдарымен күрес және жеңіс

Жоғарыда атап өткенімдей, 10 миллион теңгеден жоғары қарыздар болды. Бұл біреу үшін аз, бірақ мен үшін бұл алған салдарымның ең жеңілі десем де болады. Өйткені мен үшін ең ауыр салдары – ол анамның көз жасы, уайымға батқан сәттері, қаншама алданған адамдар, оларға кесірім тиіп кеткені, репутациямның құлдырауы, суицид жайлы ойлар. Осы жағдайға жеткізген бір ғана себеп – бұл менің жауапсыздығым болды, – дейді.

Бақытжан сол жылдары жауапкершілік болмаған кезде түрлі сылтаулармен өзінің әрекеттерін ақтауға тырысқанын айтады. Сол кезде мәселелер шешілмей, керісінше көбейе берген.

2023 жылы Кореяға келіп, өміріме басқаша көзқараспен қараған кезде бүкіл мәселелерімнің шешімін таба алдым. Жауапкершілікті толығымен өзіме алған кезде барлығы реттеле бастады. Қарыз болған адамдарға жағдайды толық түсіндіріп жазған кезде, олардан жақын туыстарымнан, кейбір достарымнан ала алмаған қолдауды алған кезде мен үшін бір өте үлкен өмірлік парадокс болды. Бәлкім, Құдай олардың сол жоғары адами қасиетін, мен мұқтаж болған кезде көрсеткен болар. Алланың қалауымен бұл дертімді жеңу бұйырыпты. Расында жеңіл болмады, – дейді Бақытжан.

Өйткені емделудің басты, алғашқы шарты мойындау, әлсіз екендігіңді, жеңілгеніңді және өзіңді,  ойыңда құрастырып алған иллюзиялық әлемде өмір сүріп жүргеніңді ұғыну екенін айтады.

Солай менің өмірімде қаржылық сауаттылық, күнделікті спорт, күнделікті серуен, денсаулыққа мұқият қарау, дурыс тамақтану, жақсы әдеттерді еңгізу деген дүниелер пайда болды. Аллаға шүкір, Кореяға келу өмірімдегі ең хайырлы шешім екеніне көзім жетті. Бүгінде сол қарыздарымның 80%-ын толық жаптым. Мінез-құлқым жақсы жаққа қарай өзгеріп, өміріме деген толық жауапкершілік пайда болды, – дейді Бақытжан.

Қазір отандасымыз жақындарымен де, анасымен де қарым қатынасы жаңа деңгейге шыққанын атап өтті. Бұдан өзге ол қаржылық сауаттылығын жаңа деңгейге көтере алғанын жеткізді.

Зауыттағы жұмыстан бөлек, болашақта айналысатын және өзіме ұнайтын, қабілетіме сай ісімді де табу бұйырыпты. Өмірімде одан да басқа жақсы өзгерістер болып жатыр. Бұл құмар ойынмен ауырып жүрген адамдарға айтар кеңесім нәпсіңе, өзіңе деген сенімділікті қабылдау қаншалықты қиын болса да, жеңілгеніңді, әлсіз екеніңді мойында. Сол кезде жауапкершілік пайда болады және жаңа өзгерістер басталады, – дейді кейіпкеріміз.

Адам өзін өзгертпейінше, Алла Тағала да оның жағдайын өзгертпейді деген сөздің рас екенін айтады. Бұл проблема сені не өсіреді, не өшіреді. Тек таңдау әркімнің өз қолында деп отыр.

Бұл ойынмен ауырып жүрген адамның жақындарына айтарым, қолдау жасаңыздар, сол жағдайдан шыға алатынына сенім білдіріңіздер. Бірақ оның проблемасын шешіп, қарыздарын жауып берсеңіздер, оның жауапсыздығы арта береді. Негізі бұл жағдайға, өз-өзіме анализ жасап, жасаған түйінім, менің мәселем азарт болмады. Ол оның салдары болды. Тамыр түбіндегі мәселе менің жауапсыздығым, күнделікті өмір-салтым және қаржылық сауаттылықтың болмауы, – деді.

Жауапкершілікті толық өзінің мойынына алып, күнделікті өмірде дұрыс әдет қалыптастырып, спортпен айналысып, қаржылық сауаттылығын арттырған кезде жақсы нәтижелер пайда болғанын айтты.

Бүгінде Кореяға барып, осы аурды жеңгеніне дән риза Бақытжан Кореяның мәдениетін әлі жақсы тани алмағанын, әлі де көптеген дүниелерді зерттегісі, көргісі келетінін тілге тиек етті.

Бірақ маған қатты ұнаған, қызық болған дүниелер бұл кәрістердің еңбекқорлығы және көп жұмыс жасайтындығы қызықтырды. Соның арқасында Корея елі дамыған елдердің алдыңғы қатарында жүрген болар. Саяхат, шетелде өмір сүру адамға жаңа өзгерістер әкеледі. Жалғыз өзің шетелде өмір сүрген кезде өз өміріңе басқаша қарай бастайды екенсің. Өміріңе зум аут жасап, масштабты түрде қарайсың, – дейді ол.

Бұдан бөлек патриоттық сезім ояна бастағанын жеткізді. Ол сезімнің қаншалықты шынайы екенін - уақыт көрсетеді деп отыр.

Десе де, Кореяға келіп мен қазақ тіліне жаңа көзқараспен қарап, оған ғашық бола алдым десем болады. Кезінде балабақшаны, мектепті, университетті де орысша бітірген едім. Кореяда мәңгілік қалып қоймаймын. Әрине, болашақта Қазақстанға қайтамын. Әзірше қашан екенін өзімде нақты шешпедім. Мүмкіндіктер бар кезде, өзімді дамыту үшін комфортты жағдайлар бар кезде барынша толықтай қолданғым келеді, – дейді лудоманияны жеңген Бақытжан.

Елімізде лудомания (ойынға деген тәуелділік) мәселесі соңғы жылдары өзекті тақырыптардың біріне айналды. Әсіресе, онлайн-казино мен букмекерлік кеңселердің танымал болуы, ойынқұмарлықтың таралуына ықпал етуде. Қоғамда бұл тәуелділік көбінесе жастар мен жұмыссыз топтар арасында байқалатыны жасырын емес.

Кореяға жұмыс істеуге кеткен адамдар көбінесе жалақының жоғары болуы, жұмысқа орналасудың салыстырмалы түрде жеңілдігі, сондай-ақ мәдени айырмашылықтарға қатысты адаптация мүмкіндіктеріне қызығады.

Лудоманиядан Кореяға барып айыққан қазақ жігітімен сұхбат

фото: Бақытжанның жеке мұрағатынан

Кейбір әлеуметтік зерттеулер мен қоғамдық ұйымдардың мәліметтеріне сүйенсек, бұл мәселеге қоғамның назар аудару қажеттілігі артып келеді. Қазақстандағы ойынқұмарлықтың қауіптілігі, оның отбасы мен әлеуметтік өмірге әсері жөнінде қоғамдық пікірталастар жиі болуда.

Мемлекет бұл мәселемен күресу үшін, лудоманиямен күресуге бағытталған заңдар мен шаралар қабылдауда, оның ішінде интернет-казиноны шектеу, ойын автоматтарын бақылау, психологиялық көмек көрсету бағдарламаларын дамыту секілді қадамдар бар.

Лудоманиямен (ойынқұмарлық) ауыратын адамдарға психологиялық және әлеуметтік көмек көрсету өте маңызды. Лудоманияның алғашқы қадамы – ойынқұмарлықты мойындау және оның сіздің өміріңізге әсерін түсіну. Бұл сіздің тәуелділікпен күресуге деген алғашқы қадамыңыз болмақ.

Ойынға жұмсалатын ақшаны шектеу үшін қаржылық жоспар құру маңызды. Кейбір адамдар үшін банктік шоттарына бөгет қою немесе ойын платформаларына кіруді шектеу тиімді әдіс болуы мүмкін. Сондай-ақ оған тәуелділік көбінесе уақыттың босқа өтуіне әкеледі. Сол үшін спортпен айналысу, жаңа хоббилер табу, отбасымен немесе достармен бірге уақыт өткізу сияқты әрекеттер адамның уақытын тиімді пайдалануға көмектеседі.

Лудомания – бұл ұзақ және күрделі емделетін жағдай. Қайталанатын сәттер болуы да мүмкін, бірақ шыдамдылық пен тұрақтылық өте маңызды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға