«Лудомания» дертіне шалдыққан оқушылар қорытынды тест тапсыра ала ма?
Мәжілісте ойын бизнесі, лотереялар және лотерея қызметі мәселелері бойынша заң жобасы талқыланып жатыр, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Депутат Жұлдыз Сүлейменова заң жобасына қатысты оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспановқа сауал қойды.
Заң жобасында бәс тігуді 21 жастан 25 жасқа дейін көтерді. Дегенмен Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, 200 мыңнан аса адам үшінші адамдар арқылы бәс тігеді екен. Осы жердегі үлкен проблема оқушылардың арасында да бұл мәселе әлеуметтік проблемаға айналды. Мысалы, 2 кейс бар. Біреуі 9-сынып оқушысы. Екіншісі 11-сынып оқушысы. Осы дертке душар болды дейік. Екеуі де емделіп жүр. 10 айға жуық ем қабылдайды. Осы жерде олар емтиханды қалай тапсырады? Оқу процесі қалай ұйымдастырылып реттеледі? деген сұрақ туады. 9-сыныпты немесе 11-сыныпты аяқтағаны туралы құжатты алуға олардың құқығы бар ма, жоқ па? Өйткені, ата-аналар тарапынан осындай сұрақтар келіп түсіп жатыр, - деді мәжілісмен.
Депутаттың бұл сауалына оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспанов жауап берді.
Денсаулық сақтау министрлігінің ақпаратына сәйкес, жасөспірімдер арасында лудомания дертімен емделіп жатқандар тіркелмеген. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне сәйкес, лудомания бұл аурудың түрі және онымен күресудің 2 профилактикалық деңгейі бар. Бірінші деңгей – жасөспірімдердің осы дертке ұшырамауының алдын алу, түсіндірме жұмыстарын жүргізу. Екінші – осындай тәуелділікке барған балалармен психологиялық жұмыстарды жалғастыру. Білім жүйесі бірінші деңгейдегі профилактиканы атқарады, - деді вице-министр.