Жаңалықтар

Лудомания – әлеуметтік індетке айналып отыр

Лудомания – әлеуметтік індетке айналып отыр
Фото: ©El.kz/Ербол БЕКБОЛАТ/Midjourney 28.10.2024 08:45 474

Лудомания бүгінгі таңда әлем бойынша әлеуметтік індетке айналып отыр. Ойынқұмарлық - құдды бір эпидемия іспеттес. Құмар ойынның Қазақстанда да белең алғаны соншалық, ол ұлттық мәселеге айналғаны белгілі. Өкінішке қарай, лудоманияның соңы кей жағдайда қанды оқиғалар мен қылмысқа әкеп соғып жатады. Құмар ойынның жетегінде кеткендер өз тәуелділіктерін мойындай ма? Тура жолға түсу үшін оларға не қажет? Жалпы лудомания емделе ме? El.kz тілшісі осы және өзге де сауалдардың жауабын іздеп көрді.  

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жыл басында БАҚ көкілдерімен кездесуі кезінде ғаламтор дамыған сайын лудомания проблемасы ушыға түскенін атап өткен болатын. Бұл өз кезегінде ұлт болашағына қауіп төндіріп тұр.

Мәжілісмендердің ұсынған статистикалық деректері де шошытарлық. Елімізде тіркелген құқықбұзушылықтың 20 пайызы құмар ойындарының кесірінен жасалған екен. Лудоманияның соңы кей жағдайға отбасылар үшін қайғылы оқиғамен аяқталып жатыр. Себебі суицидтің әрбір бесінші жағдайы құмар ойынымен байланысты көрінеді. Ал мектеп жасындағы 3,5 млн баланың 700 мыңнан астамы бір рет болсын ойынның бұл түріне бәс тігіп көрген екен.

Құмар ойынға тәуелділер бәс тігу үшін бәріне дайын тұрады. Тіпті қылмысқа да барады. Олар алдымен қарыз алады, кейін ұрлық жасайды. Ал енді бірі жақындары мен туыстарының сеніміне кіру арқылы несиа алып, алаяқтыққа барады. Тіпті адам өлтіру фактісі де тіркелген. Бұл туралы Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха Мәжіліс жанындағы Қоғамдық палата отырысында айтқан болатын. Вице-министр сөзінше, қанды оқиға Астана қаласында болған. Лудоман ер адам әйелі ұйықтап жатқан оның телефонын алып, банк қосымшасы арқылы есепшоттағы ақшасын құмар ойынға тіккен. Әйелі оянған сәтте ер кісі жұбайын, онымен қоса оның әпкесін өлтірген.

Қылмыс демекші, құмар ойынға туелділердің көбі ұрлық жасайтындар екен. Солардың бірі – Нұрдәулет (есімі өзгертілді: автор). 28 жастағы жігіт Шымкенттегі №54 түзеу мекемесінде жазасын өтеуші. Ол 18 жасында қызық көріп, ойын аппараттарын жағалаған. Кейін карта ойындарының қызығына кірген, мұнан соң букмекерлік кеңселердің тұрақты ойыншысы атанған. Уақыт өте құмар ойынға қалай тәуелді болып қалғанын өзі де байқамаған. Отбасында жалғыз бала болғандықтан «ішкенім - алдымда, ішпегенім – артымда» болды деген ол алғашында өзі бірнеше несие алған. Бірақ ол ақшаның бәрін бәс тігіп ұтылған. Уақыт өте өз атынан несие алу мүмкіндігі болмағандықтан үйіндегілердің атынан несие алып, тағы да қарызға белшесінен батқан. «Соңғы рет бәс тігіп, осы уақытқа дейін ұтылған ақшамды шығарып аламын» деп жүріп ақыры соңында ұрлыққа барыпты. Ол өзі секілді құмар ойынға тәуелді сыбайластарымен бірге жайылымда жүрген бірнеше ірі қараны ұрлап, оны сатқан. Ал оңай олжаны қайта құмар ойынға жұмсаған. Көп ұзамай ұрлық қылмысы ашылып, барлығының кінәсі дәлелденеді. Сот үкімімен олардың барлығы сотталды. Нұрдәулетке 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы берілді.

Алғашында 1000-2000 теңге бәс тігіп жүрдім. Кейде ұтыс шығып, кейде ұтылып қалатынмын. Бірақ сол кезде жұмыс істеп бас ауыртқанша осылай оңай жолмен де ақша табуға болады деп ойладым. Спортты да жақсы түсінетінмін. Шыны керек, бұны кәдімгідей жұмыс етіп алдым. Таңертең үйден шығамын, кешке бір-ақ келемін. Бір күнде 1 млн теңгеге дейін бәс тіккен кездерім болды. Неғұрлым көп ақша тіксең, соғұрлым ұтысың да қомақты болады деген ой болды. Осы уақытқа дейін бір үйдің ақшасын осы ойынға тіккен шығармын. Кейін осы уақытқа дейін ұтылған ақшамды шығарып алсам, болды қоямын деп жүрдім. Бірақ ол ойым қате екен. Шынымды айтсам, букмекерлік кеңсеге бәс тігіп, байып кеткен адамды естігенім де, көргенім де жоқ. Ол мүмкін емес дер едім.  Негізі құмар ойынға келетіндер оны алғашында жай қызық үшін бастайды ғой,-деді Нұрдәулет.

Жазасын өтеуші құмар ойынға тәуелді болғанын түзеу мекемесіне келгенде бір-ақ түсінгенін айтты. Тар қапаста жазасын өтеп жүрген ол абақтыға тоғытылған соң уақыттың, ата-ананың қадірін түсіндім деп отыр.

Мен өзім құмар ойынға бәс тікпесем тұра алмайтынымды, яғни тәуелді екенімді осы түзеу мекемесіне келіп түскен соң бір-ақ түсіндім. Мұнда  имамдар келіп, тура жолдан тайғандарға уағыздар айтып отырады. Мәселен, мен осы жолдың жетегінде кетіп, ұрлыққа бардым. Біреудің ақысын жеу –харам. Біздің әрбір теріс әрекетіміздің арғы дүниеде есебі болады. Сондықтан елімізде букмекерлік кеңселер болмаса деймін. Жазамды өтеп жүріп, уақыттың қадірін түсіндім. Бастысы, ата-анамның қадірін ұқтым. Алла қаласа, тиісті жазамды өтеп шыққан соң жаңа өмір бастағым келеді. Отбасын құрып, ел қатарлы өмір сүрсем деймін,-деді жазасын өтеуші.

Өкініштісі, бүгінде Қазақстанда отбасы мен балаларын құмар ойынға айыр бастайтындар да аз емес. Статистикалық деректерге сүйенсек, елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылық пен ажырасудың 40%-ның себебі – құмар ойындары. Осы бір қоғам індетінің кесірінен балалары әкесіз, өзі жалғызбасты ана болып қалғандардың бірі – шымкенттік Гауһар (есімі өзгертілді: автор). Үш баланың анасының айтуынша, күйеуінің букмекерлік кеңселерге бәс тігіп жүргенін кеш білген. Шамамен 3 жылдай мүлдем аңғармадым деген ол балаларының әкесін тура жолға түсіру үшін қолдан келгеннің бәрін жасадым деп отыр. Бірақ отағасы отбасынан бұрын ойынды бірінші орынға қойған.

Отбасылық бизнесіміз болды. Қытайдан, Түркиядан киім-кешек алып келіп, жергілікті саудагерлерге көтерме бағамен өткізіп жүрдік. Кенже ұлымды босанған соң үйде декреттік демалыста отыруға тура келді. Себебі балам аурушаң болып дүниеге келді. Алғашында табысымыз тұрақты болып жүрген. Уақыт өте шығынға бата бастадық. Күйеуім алып келген тауарды саудагерлерге қарызға беріп, қайтара алмай жүргенін айтты. Күндердің күнінде жолдасым келген табысты букмекерлік кеңсеге тігіп жүргенін біліп қалдым. Үйде жанжал болды. «Болды, қойдым» деген ол ары кетсе 2-3 аптадай ойынға жоламады. Кейін баяғы әдетіне қайта басты. Тіпті туыстан туыс қалдырмай, бәрінен қарыз алған. Агрессия таныта бастады. Балаларға жекіріп, үйдің тыныштығын алатын болды. Өзім, баларым аман кезде бір шешім қабылдауым керек деп ажырасуға өтініш бердім. Бірнеше рет кешірім сұрап келіп жүрді. Бірақ өзгермейтініне көзім анық жетті. Соңғы 1,5 жыл болды. Мүлдем араласпаймыз, қайда жүргенін де білмеймін. Алыс туыстарымнан естіп қалғаным бар, бұрынғы әдетін әлі қоймапты. Құмар ойын жақсылыққа алып бармайды. Неге біздің мемлекет соны көре тұра бұл ойынға заңмен тыйым салмайтынына таңым бар. Қаншама адам өліп те кетіп жатыр. Тағы қанша адам өлуі керек?,-деп ашынды жалғызбасты ана.

Құмар ойындарға тәуелді болып, қылмысқа баратындардың арасында шенеуніктер мен түрлі лауазым иелері де бар. Олар қазына қаржысын жымқырып, мемлекетке қомақты шығын келтіргендер. Мәселен, биыл жыл басында Жамбыл облысы әкімдігінің қызметкері құмар ойынға бәс тігу мақсатында өтпейтін тендерлерге қатысу үшін туыстары мен жақындарын үгіттеген. Осылайша ол 200 миллион теңгеден астам сомаға өз айласын асырып үлгерген. Сот материалдарына сәйкес, бұрынғы шенеуніктің құмар ойынға бәс тігіп, ұтылған ақша сомасы 500 миллион теңгеге жуық екені анықталған. Аса ірі көлемде алаяқтық жасады деген айыппен сот оған 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Ал Ақтөбеде жалпы орта мектептердің бірінің бухгалтері мемлекеттің 400 миллионнан астам теңгесін жымқырғаны белгілі болды. 29 жастағы жігіт білім мекемесі мұғалімдерінің айлығы мен өзге де мектеп қажеттілігіне бөлінген қомақты қаржыға соңғы 6-7 жылдан бері қол салып келген. Сот отырысында бухгалтер лудоман екенін мойындаған және жымқырған қазына қаржысына бәс тіккенін айтқан. Оның құмар ойынға тәуелді екенін ешкім білмеген, тіпті әріптестері де сезбеген екен. Мектептің сол кездегі бухгалтері Қылмыстық кодекстің 189-бабының 4-бөлігі 2-тармағымен (Сеніп тапсырылған бөтен мүліктің иемденіп алу немесе талан-таражға салу) кінәлі деп танылды. Сот үкімімен оған 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасы берілді.

Шымкентте де жалпы орта мектептердің бірінің бас бухгалтері құмар ойынның кесірінен сотты болды. Жоғарғы соттың сот кабинетіндегі мәліметке сүйенсек, бас есепші 64 миллионнан астам теңгені жымқырған. Оның 50 миллионға жуығын букмекерлік кеңсеге бәс тіккен ол қалған қаржыға көлік алып, үйлену тойын жасапты. Сотта бас есепшіге Қылмыстық кодекстің Қылмыстық кодекстің 189-бабының 4-бөлігі 2-тармағымен айып тағылып, оның кінәсі дәлелін тапты. Сот үкімімен оған 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.  

Осы ретте айта кетейік, бүгінде Қазақстанда құмар ойындар ойнауға тыйым салынатын адамдар санатының тізімі кеңейтілді. Атап айтқанда, бұдан былай мемлекеттік қызметшілер мен әскерилердің, арнайы және құқық қорғау органы қызметкерлерінің, бюджеттік ұйым басшыларының құмар ойындар ойнауына, бәс тігуіне тыйым салынды. Бұл шектеуді сақтамағаны үшін оларды жұмыстан шығару шарасы қарастырылған. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі, лотерея қызметі бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңына биыл 8 шілдеде қол қойған болатын. Аталған заң 9 қыркүйекте заңды күшіне енді. Бұдан өзге толықтырулар мен өзгерістер енгізілген заңға сәйкес борышкерлердің бірыңғай тізілімінде тұрған азаматтардың да құмар ойындардың кез келген түрі бойынша бәс тігуіне жол жоқ. Ең бастысы, алыстан меңмұңдалап тұратын букмекерлік кеңселер мен тотализаторлардың жармаларына белгілі бір шектеу қойылды.

(Фото: ©El.kz/Ербол БЕКБОЛАТ/Midjourney)

Құмар ойынға тәуелді адамдармен жұмыс істейтін маман – аддиктолог деп аталады. Мамандардың айтуынша, лудомандар манипулятор болады. Олар өзінің туыс-жақындарынан бөлек, тіпті жаңадан танысқан адамның өзін түрлі оқиғаларды ойдан құрастыру арқылы психологиялық тұрғыда құрығына түсіріп, алдап-арбау арқылы ақшасына оп-оңай қол жеткізе алады екен. Прокуорлардың статистикалық мәліметінше, Қазақстанда құмар ойындарға тәуелді адамдардың көбі 25-32 жастағылар екен.

Ойын құмарлық жас та, жыныс та таңдамайды. Сорақысы сол, лудомандардың қатарында 70-тен асқан зейнеткерлер де бар. Құмар ойынның шырмауына түскендердің басым көпшілігі өзінің дертін мойындамайды және мойындағысы келмейді.

Тіпті Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы лудоманияны ауру деп таныды. Алкоголизм, есірткіге тәуелділік сияқты лудоманияны да емдеуге болады. Бірақ ұзақ мерзімді қажет етеді және бастысы ол адамның өзіне тікелей байланысты.

Аддиктолог мамандарының айтуынша, лудоманияны емдеу үшін тек тәуелді адам емес, олардың ата-анасы, отбасымен де жұмыстар жүргізілу керек. Өйткені лудоманға туыстары тарапынан моральдық-психологиялық қолдау қажет.

Бүгінде осы бір дертпен емделіп жүргендердің бірі – Марат (есімі өзгертілді: автор). Букемекерлік кеңселер туралы интернеттегі жарнамалар арқылы танысқан ол достарымен бірге алғаш рет 500 теңгеге бәс тіккен екен. Кейін қаржы сомасын бірте-бірте көбейткен. Бір күнде құмар ойынға салып жіберген ақшасының ең көбі 3 миллион теңге болған екен. Бар ақшасынан қас-қағым сәтте айырылған ол ұтылған қаржысын қайтарып аламын деп қарызға белшесінен батқан. Тұрақты жұмысынан айырылған. Отбасы мүшелерінің сенімінен шыққан.

25 жастағы Марат шамамен 5 жылда осы құмар ойынның тұрақты ойыншысы болып, соңында далада қалған. Айтуынша, достары былай тұрсын, ата-анасы, бауырлары арадағы қарым-қатынасты үзген. «Егер бұл әдетіңді қоймасаң, сенің өміріңде біз жоқпыз» деген шарт қойған.

Барар жері, басар тауы қалмаған лудоман жігіт бірнеше күн далада түнелткен. Бірақ сонда да ойынға бәс тігуді тоқтатпаған. Соңғы тиынына дейін ойынға жұмсаған ол тығырыққа тірелгенін түсініп, өз-өзін қолға алыпты. Оңалту орталығына өз аяғымен барған. Бір жылдай орталықта тұрақты түрде ем қабылдаған. Бүгінде тұрақты жұмысқа тұрып, отбасымен арадағы байланысты қайта қалпына келтірген.

Оңалту орталығы туралы сол интернеттен іздеп таптым. Өз еркіммен келдім, ешкім мәжбүрлеген жоқ. Бұл жаққа келгенімде үйдегілерге қайда жүргенімді біліп жүрсін деп ескерттім. Бір жылдай мұндағы мамандар бізбен тығыз жұмыс істеді. Лудоманиядан емделу үшін бірінші кезекте тәуелді адамның ішкі қалауы болуы қажет. Ол өзін толық сезіну үшін физикалық денсаулығымен айналысу керек, психологиялық тұрғыда кеңестерге қанық болуы шарт. Сонымен қатар рухани жағынан дамуы қажет. Ең бастысы, лудоман өзінің құмар ойынға тәуелді екенін мойындай білуі қажет. Онсыз болмайды. Орталықта емдеуші мамандардың нұсқаулығымен «қауіпсіздік шекарасы» ұсынылады. Бұл дегеніміз лудоман анық бұл теріс әрекетінен арылғысы келсе, бір жылдай смартфон, гаджеттерден аулақ болғаны абзал. Тіпті қарпайым интернеттен бас тартуы қажет және де  ең бастысы – қомақты қаржы ұстамауы керек. Меніңше, құмар ойынға тәуелділердің емделуіне оңалту орталықтарының пайдасы орасан. Себебі мұнда сен өз ішкі жан-дүниеңді, проблемаңды мамандарға, осындағы өзге емделушілерге ашық айта аласың. Өйткені барлығының мақсаты бір. Ол – осы тәуелділіктен арылу. Сондықтан мұндағылар бір-біріне қолдау білдіреді. Ал сыртта жүрген лудоман ішкі проблемасын өзгелермен бөлісе алмайды,-деп сөзін түйді Марат.

Мәжілісмендер ұсынған статистикалық дерекке сүйенер болсақ, елімізде бір млн-ға жуық жуық адам құмар ойнайды екен. Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараты бойынша алайда олардың тек 9-ы өзін лудоман екенін ресми мойындаған. Ұлттық статистика бюросының 2023 жылдағы мәліметі бойынша, кейінгі 3 жылда құмар ойындар қызметі көлемі 1 трлн теңгеден асқан. Осылайша бұл жылдар аралығында қазақстандықтар құмар ойындарға 1 трлн теңгеден астам қаржысын жұмсаған. Әрине, бұл - алаңдатарлық жағдай.

Құрдымға кетіретін құмар ойындардың қызығынан шыға алмау әп-сәтте екенін ескерсек, оның зардабы елдің, ұлттың дамуына кері әсерін тигізері анық екенін ұмытпаған абзал.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға