Жаңалықтар

Әлібек Қуантыров Дүниежүзілік банк пен Халықаралық валюта қорының кездесуіне қатысты

Кеңес барысында әлемдік экономиканың даму перспективалары мен сын-қатерлері, жаһандық инфляция, климаттың өзгеруі, азық-түлік қауіпсіздігі талқыланды
Әлібек Қуантыров Дүниежүзілік банк пен Халықаралық валюта қорының кездесуіне қатысты
Фото: gov.kz 17.10.2022 11:44 2214

ҚР Ұлттық экономика министрі Дүниежүзілік банк пен Халықаралық валюта қорының жыл сайынғы кездесулеріне қатысып жатыр, деп хабарлайды El.kz. Бұл туралы ҚР Ұлттық экономика министрілігі мәлімдеді.

Ұлттық экономика министрі және Дүниежүзілік банктің Қазақстан атынан басқарушысы Әлібек Қуантыров Вашингтон қаласында ДБ және ХВҚ күзгі сессиясының іс-шаралары шеңберінде бірқатар кездесулер өткізді, сондай-ақ жиынның пленарлық сессиясына қатысты. Конференция барысында Дүниежүзілік банктің президенті Дэвид Малпасс пен Халықаралық валюта қорының басшысы Кристалина Георгиева сөз сөйледі.

Дүниежүзілік банктің бас экономисі Индермит Гиллмен өткен кеңес барысында әлемдік экономиканың даму перспективалары мен сын-қатерлері, жаһандық инфляция, климаттың өзгеруі, сондай-ақ азық-түлік қауіпсіздігі талқыланды.

ДБ мен ХВҚ алаңында Азия даму банкінің Қазақстан атынан басқарушысы – Ұлттық экономика министрі Ә.Қуантыров АДБ вице-президенті Шиксин Чен мырзамен келіссөздер жүргізді. ҰЭМ басшысы ҚР-мен АДБ-ның 30 жылдық жемісті стратегиялық ынтымақтастығын атап өтіп, елдегі ағымдағы экономикалық жағдай, сондай-ақ Қазақстанда жүргізіліп жатқан әлеуметтік-экономикалық реформалар туралы ақпарат берді. Кездесу қорытындысы бойынша тараптар екіжақты ынтымақтастықтың басым бағыттарын белгіледі.

Сонымен қатар, Ә.Қуантыров Moody's, Standard&Poor's және Fitch Ratings халықаралық рейтинг агенттіктерінің басшылығымен кездесулер өткізді. ҰЭМ басшысы Қазақстанның экономикалық дамуы және макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған шаралар туралы айтып берді.

Сапар барысында министр салық және инвестициялар жөніндегі халықаралық орталығының өкілдерімен салық саясатының өзекті мәселелерін талқылады.

Бұдан басқа, Ұлттық экономика министрі Қазақстан-Америка Іскерлік кеңесінің (USKBZC) мүшелерімен кездесті. Ә.Қуантыров елімізде жүргізіліп жатқан салық-бюджет саясаты, бизнес-климатты жақсарту жөніндегі реформалар туралы айтып берді. Сондай-ақ, ол ҚР-дың қараша айында Мысырда өтетін БҰҰ-ның климаттың өзгеруі жөніндегі конференциясында (СОР-27) Қазақстанның 2060 жылға дейінгі көміртегі бейтараптығына қол жеткізу Стратегиясын таныстыруға дайын екенін білдірді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға