Жаңалықтар

Ұлттық банк: Инфляция қарқыны әлі де жоғары

Ұлттық банк мәліметінше, азық-түлік инфляциясы 19,2%-дан 19,7%-ға дейін, азық-түлікке жатпайтын инфляция 13,2%-дан 14,2%-ға дейін жеделдей түскен.
Ұлттық банк: Инфляция қарқыны әлі де жоғары
18.08.2022 05:53 1551

Шілдеде Қазақстанда айлық инфляцияның өсу қарқыны әлі де жоғары деңгейде болғанымен, бір ай бұрынғы 1,6%-дан 1,1%-ға дейін баяулады. Орта есеппен алғанда, биыл шілдеде айлық инфляция соңғы 5 жыл ауқымында 0,3%-ды құрады, деп хабарлайды EL.KZ forbes.kz сайтына сілтеме жасап.

16 тамызда өткен үкімет отырысында «Әлеуметтік-экономикалық даму және 2022 жылғы қаңтар-шілдедегі республикалық бюджетті орындау қорытындылары туралы» баяндама жасаған ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетов осылай деп мәлімдеді.

Еліміздің бас банкі алға тартқан деректерге сүйенсек, шілдеде бағаның өсуінде ептеген баяулау байқалған, оған, негізінен, көкөніс пен жеміс-жидек бағасындағы маусымдық арзандау септік еткен.

Іске асырылып жатқан ынталандырушы фискалдық саясат аясында экономикадағы сақталып отырған сұраныс, геосаяси шиеленіс пен нарықтардағы теңгерімсіздіктер жағдайында экономиканың сыртқы және ішкі секторларындағы қысым тұтыну бағаларының өсуін баяулатуға кедергі болады, - деді үкімет отырысында сөйлеген сөзінде Ақылжан Баймағамбетов.

Айта кетейік, өткен шілде айында елімізде жылдық инфляция 14,5%-дан 15%-ға дейін өсті. Бұл тұрғыда инфляцияға елеулі салмақ қосқан жағдай – азық-түлік бағасындағы қымбаттау. Ұлттық банк мәліметінше, азық-түлік инфляциясы 19,2%-дан 19,7%-ға дейін, азық-түлікке жатпайтын инфляция 13,2%-дан 14,2%-ға дейін жеделдей түскен.

Ақылы қызметтердің инфляциясы айлық өсудің салыстырмалы жоғары көрсеткішіне қарамастан, 2021 жылғы жоғары базаның әсеріне байланысты 9,2% деңгейінде өзгеріссіз қалды. Осылайша, экономикадағы инфляциялық қысым жоғары деңгейде сақталуда. Инфляцияның және инфляциялық күтулердің жеделдеуін, олардың тұрақтылығын, сұранысты фискалдық ынталандыруды және сыртқы проинфляциялық жағдайды ескере отырып, Ұлттық банк биыл 25 шілдеде базалық мөлшерлемені 14%-дан 14,5%-ға дейін көтерді. Бұл алдағы жылы инфляцияға біртіндеп әсер ететін болады, - деді Ұлттық банк төрағасының орынбасары.


Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға