Жаңалықтар

Ұлттық музейге сый тартты

Қазақстан Республикасы Ұлттық мұражайында «Ұлттық музейге сый тарту» акциясы жалғасуда. Шара қарсаңында мұражайға қазақтың біртуар ұл-қыздарының заттары табыс етілді.
25.02.2016 04:55 4747

Қазақстан Республикасы Ұлттық мұражайында  «Ұлттық музейге сый тарту» акциясы жалғасуда.  Шара қарсаңында мұражайға  қазақтың біртуар ұл-қыздарының заттары табыс етілді.

Ұлттық музейге сый тартты

Бұл жолғы қабылданатын жәдігерлердің қатарында Әбіш Кекілбаев, Роза Бағланова, Зейнулла Алшынбаева, Мадина Ералиева, Александр Винакуров қатарлы даңқты тұлғалар мен өзге де танымал тұлғалардың өмірі мен шығармашылығына қатысты пайдаланған заттары бар. Сонымен қатар ҚР көркемөнер Академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Тілеужан Батанов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, символист-суретші, монументалист,  «Қазақ Елі» монументінің авторы, мүсінші Сембіғали Смағұлов, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Ерлан Сахипұлы қатарлы суретші, мүсіншілер де бірқатар туындыларын акция барысында Ұлттық музейге табыс етті.

Ұлттық музейге сый тартты

Көпшіліктің назары Қазақстанның халық жазушысы Әбіш Кекілбаев пен әнші Мадина Ералиеваның заттарында болды. Жәдігерлердің ішінде Нұрсұлтан Назарбаевтың жазушыға өз қолымен табыс еткен қаламы мен шапаны да бар. Көрсетілімнен кейін музей басшылығы мен жәдігерлерді табыс етушілер жиынға қатысты.  

Ұлттық музейге сый тартты

Әбіш Кекілбаевтың жары Клара Жұмабайқызы:

Ағаларыңның  дүниеден өткеніне екі-үш ай ғана болды. Әбіш ел үшін, халық үшін өмір сүрген адам. Ол өмірінің қырық жылдан астам уақытын Алматыда өткізді. Шығармашылығынадағы көптеген жұмыстар сол жерде дүниеге келді. Міне, осы Алматыда Қарасай батырдың ескерткішінің ашылуында Елбасының  сыйлаған шапанын және қолын қойып тарту еткен қаламын беріп отырмын. Өскелең ұрпақ хылқының ұлы жазушысын біліп жүрсін, шығармаларын оқып жүрсін деген ниетпен акцияға қатысуға шешім қабылдадым. Сондай-ақ, Әбіштің қаламы мен бір бет жазбасын қосымша тарту еткім келеді.

Ұлттық музейге сый тартты

Мадина Ералиеваның баласы Арсен Ералы:

Мен өте қуанып отырмын. Анамның өнерін бағалап, елге насихаттап жүргендеріңізге алғыс айтамын. Сіздерге табыс еткен көйлекті  1997 жылы өзінің есеп беру кешінде киіп шыққан болатын. Ол кісі жиырма бес жыл бойы баянмен өлең айтып жүрді. Гастрөлдік сапарларға барса да баянын тастамай, арқалап жүруші еді. Міне, бүгін сол баянды ұлттық мұражайға табыс етпекпіз. Бұл Мадина Ералиеваның ең құнды жәдігерлерінің бірі.

«Ұлттық музейге сый тарту» акциясы 2015 жылы наурыз айында басталған болатын. Ақция осы уақытқа дейін Астана, Алматы, Қызылорда қалаларында ұйымдастырылды. Нәтижесінде 1300-дей құнды жәдігер Ұлттық мұражай залдарынан орын алып отыр. Мұражай басшылығының айтуынша акция алдағы уақытта да жалғасын табады. 


Рүстем ӘЛПИ

   Суреттерді түсірген Нұрбек ӘЛМАНБЕТОВ

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға