Жаңалықтар

Ұлттық банк теңгенің нығаю себебін түсіндірді

Фото: Egemen.kz
Ұлттық банк теңгенің нығаю себебін түсіндірді
09.06.2022 16:31 2295

Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова теңгенің нығаю себебін түсіндірді, деп хабарлайды El.kz банктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бір айда айырбастау бағамы мұнай бағасының жоғарылау, экспорттық валюталық түсімнің ұлғаюы, дамушы нарықтардың, оның ішінде Ресей рублінің нығаюы, ірі салық кезеңі және жеке тұлғалардың шетел валютасына сұранысының жалпы төмендеуі аясында 6,8%-ға нығайды.

Валюта нарығындағы ұсыныс та квазимемлекеттік сектор субъектілерінің валюталық түсімін сатуы есебінен қолдау тапты, олардың сату көлемі мамырда 598 млн АҚШ долларына жуық болды.

Бюджетке ірі салық төлемдері кезеңі және валютаны сатудың тиісті қажеттілігі аясында шетел валютасының ұсынысы сұраныстан едәуір асып түсті. Өтімділікті қолдау және салық аптасы кезеңінде шетел валютасына сұраныс пен ұсыныс арасындағы қалыптасқан теңгерімсіздікті түзету мақсатында Ұлттық банк 110,5 млн АҚШ долларына шетел валютасының артық ұсынысын сатып алды.

«Интервенция көлемі жалпы нарықтың шамамен 4,6%-ын құрағанын, бұл ретте Ұлттық банктің қатысуы бейтарап болғанын және бағам белгілеуге әсер етпегенін атап өткен дұрыс»,-деді Әлия Молдабекова

Оның айтуынша, Ұлттық қордан республикалық бюджетке трансферттер бөлу үшін ай басында 4 млн АҚШ доллары сатылды. Бұдан кейін трансферттердің Ұлттық қорға түсетін түсімдер есебінен қамтамасыз етілуіне байланысты Ұлттық қордың валюталық қаражатын конвертациялау қажет болған жоқ.

Зейнетақы активтерінің валюталық үлесін кемінде 30% деңгейінде ұстау мақсатында, инвестициялық портфельді әртараптандыру үшін мамырда БЖЗҚ валюта нарығында зейнетақы активтері үшін 74,5 млн АҚШ долларын сатып алды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға