Жаңалықтар

Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 14,5%-ға дейін көтерді

2022 жылғы маусымда жылдық инфляция 14,5%-ға дейін жеделдеді
Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 14,5%-ға дейін көтерді
Фото: inbusiness.kz 25.07.2022 19:28 1466

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені +/– 1,0 п.т. пайыздық дәлізімен жылдық 14,5% деңгейінде белгілеу туралы шешім қабылдады, – деп хабарлайды El.kz

Тиісінше, өтімділікті ұсыну жөніндегі тұрақты қолжетімді операциялар бойынша мөлшерлеме 15,5%, ал өтімділікті алу жөніндегі тұрақты қолжетімді операциялар бойынша мөлшерлеме – 13,5% болады.

Нақты инфляция инфляциялық күтулердің жеделдеуі аясында болжамды көрсеткіштен едәуір асып түсті. Тұтынушылық бағалардың орнықты құрамдас бөліктері, сол сияқты бағаның жалпы деңгейі өсіп келеді. Биылғы мамырда және маусымда қалыптасқан инфляция шарықтау шегінен өтпегенін көрсетеді. 

Жоғары инфляциялық күтулер проинфляциялық қысымды күшейтуде. Ұлттық Банктің бағалауына сәйкес, 2022 жылдың қорытындысы бойынша инфляция бұрынғы болжамнан асып түседі. Жаңа күтпеген өзгерістер орын алмаған жағдайда инфляцияның жылдық өсуі 2023 жылдың бірінші тоқсанына дейін жалғасып, одан әрі баяулайды. 

Бұл шешім 2023 жылы инфляциялық процестер мен күтулерді тұрақтандырып, баяулатуға және инфляцияны орта мерзімді перспективада нысаналы көрсеткішке жақындатуға бағытталған. Қалыптасқан инфляциялық процестердің орнықтылығы, сұранысты фискалдық ынталандыру және сыртқы проинфляциялық ахуал халықтың қаражат жинақтау ниетін ынталандыру үшін ұзақ уақыт бойы базалық мөлшерлемені қазіргі деңгейде ұстап тұруды талап етеді, бұл келесі жыл ішінде инфляцияға біртіндеп әсер ететін болады.

2022 жылғы маусымда жылдық инфляция 14,5%-ға дейін жеделдеді. Барлық құрамдас бөліктер бойынша баға өсіп келеді – азық-түлік тауарлары (19,2%), азық-түлікке жатпайтын тауарлар (13,2%) және ақылы қызметтер (9,2%). Бұл жеткізу тізбегіндегі іркілістерге, сыртқы инфляциялық қысымның күшеюіне байланысты шығасылар инфляциясының өсуі, сондай-ақ фискалдық ынталандырудан қолдау тапқан жоғары сұраныс пен теңге бағамының әлсіреуінен туындап отыр. 

Базалық инфляция жалпы инфляциядан озып, бағаның орнықты өсу факторларының басымдығын көрсете отырып, қайтадан үдей бастады. Инфляциялық күтулер де үдегенін көрсетті – 2022 жылғы маусымда күтілетін инфляцияның медианалық бағасы бір жыл ішінде 14,9%-ға дейін (мамырда – 13,8%) өсті.

Базалық мөлшерлеме бойынша келесі шешім жазғы болжамды раундтың және макроэкономикалық көрсеткіштердің жаңартылған болжамды көрсеткіштерінің, сыртқы ортадағы және ішкі экономикадағы тәуекелдер теңгерімінің қорытындысы бойынша қабылданады.

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Ақша-кредит саясаты комитетінің базалық мөлшерлеме бойынша кезекті жоспарлы шешімі 2022 жылы 5 қыркүйекте сағат 14:00-де жарияланады. Сол күні Нұр-Сұлтан уақытымен сағат 16:00-де баспасөз брифингі өткізіледі.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға